Өмір деген қызық қой. Ауылда қой бағып жүрген қарапайым қазақтың есімі ел тарихына жазылып, бертінде бүкіл Қазақстан танитын болады деп кім ойлады дейсіз... Әңгімені әріден бастасақ, сонау 1968 жылы Талас пен Мойынқұм аудандарының шекарасындағы Жұрын деген жерді мамандар зерттеп, артынша бұрғылау жұмыстарын бастайды. Құмның ішінде қой бағып, қыр басынан қарайған жан көрінсе құдасын көргендей қуанатын кеңпейіл шопандар кен қорын іздеп жүрген мамандармен ә дегеннен-ақ шүйіркелесіп кетіпті. Соның ішінде әсіресе, қойшы Амангелді Бекежанов жер бұрғылаушыларды жиі-жиі қонаққа шақырып, тіптен жақын араласқан екен.
– Бұрғылаушылар қыстай осы маңның бәрін қазып шықты, – деп бастады әңгімесін Амангелді Бекежанов. – Көктемге салым: «Жер астынан үлкен газ қоры шығыпты», деген әңгіме естідік. Расында сол көктемдегі бұрғылаушылардың көңіл-күйлері ерекше еді. Топ бастығы: «Бұл жердің аты қалай аталады?» деп сұрады. «Жұрын» дедім. Қапелімде тілі келе қоймады. Сосын: «Сіздің атыңызды қойсақ қалай болады?» деп сұрады. Шынымды айтсам, не айтып тұрғанын да түсінгенім жоқ. «Өзің біл», дегендей иығымды қиқаң еткіздім де қойдым. Сөйтсем, олар үлкен темір құбырдың бетіне дәнекерлеуші құралмен «Амангелді» деп жазып кетіпті. Иә, осылайша Талас пен Мойынқұм аудандарының шекарасында жатқан бұл газ қоры картада «Амангелді» деген атаумен белгіленіп, тасқа басылды. Арада қаншама жылдар өткенде бұл кеніш елге қуаныш сыйлап, тәуелсіз еліміздің тарихынан ойып тұрып орын алған үлкен жаңалықтың бірі болды. Қарапайым қойшының есімімен аталып кеткен «Амангелді» газ кеніші бүгінде облысқа жылына 330 млн. текше метр табиғи отын беріп отыр. Өткен жылдың соңында ашылған «Жарқұм» кен орнының арқасында тағы да жылына 65 млн. текше метр газды қосымша алуға мүмкіндік туды. Жақында «ҚазТрансГаз» АҚ Амангелді кен орнынан жаңа геологиялық қор тапты. Қор «Батыс Сұлтанқұдық» құрылымынан табылған. Жаңа кеніште алдын-ала геологиялық барлау есептері бойынша көмірсутек шикізатының қоры 32,7 миллиард текше метр, алынатын қор 24,5 миллиард текше метр болады деп күтілуде. Бұл әрине, табиғи газ бен газ конденсатын өндіру көлемін арттырып, еліміздің оңтүстік өңірлерін отандық газбен қамтуға септігін тигізеді. – Әрине, «Амангелді» газ кенішінің ашылуын бүкіл ел үлкен қуанышпен қабылдады. Ал, кеніштің менің есіміммен байланысты қойылғанын дүйім жұртқа алғаш болып «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері Мақұлбек Рысдәулет пен Мейрамбек Төлепберген жеткізген еді. Осы газетте жарияланған мақаладан кейін Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетов арнайы атбасын бұрып келіп сәлем беріп, сый-сияпат жасады. Сол кісінің ықпалымен көп ұзамай Шыңғыс деген балам «Амангелді» газ кенішіне жұмысқа тұрды. Аллаға шүкіршілік, бүгінде 6 ұл, 2 қызымнан 23 немере, 7 шөбере сүйіп отырмын. Жасым 75-тен асты. Кемпірім екеуміз бала-шағаның үйлеріне кезек-кезек қыдырып, немере-шөберелердің тәтті қылықтарына тоймай жүрген жайымыз бар. Бір немерем жақында жоғары оқу орнын бітіріп, газ маманы деген диплом алды, – дейді Амангелді ата ағынан жарылып. «Амангелді» газ кеніші қорының көбеюі жергілікті халықтың әлеуметтік тұрмысына үлкен серпін беруде. Содан болар елді мекендерді газдандыруда соңғы жылдары облыста үлкен тірліктер атқарылып жатыр. Облыста 373 ауыл, қыстақ бар. Соның 40 пайыздан астамы газдандырылған. Қазір Жамбыл облысында тек Мойынқұм ауданына ғана газ тартылмаған. Биыл Шу, Қордай аудандарының тұрғындары табиғи отынның рахатын көруде. Енді Қаратау қаласынан Жаңатас қаласына газ құбырларын тартудың қамы жасалуда. Біреулер бақ іздеп, таласып-тармасып, қамшының сабындай қысқа өмірде басын тауға да, тасқа да ұрып жүреді. Алла тағаламның өзі тамаша тарту жасап, тағдырын күрт өзгерткен Амангелді атаға біз де амандық-саулық тіледік.
Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.