08 Тамыз, 2015

Конституция – тұрақтылық пен келісімнің кепілі

505 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

100-850

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан қоғамы мен мемлекеттің дамуындағы Конституцияның рөлі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Ата Заңымыздың 20 жылдығы қарсаңында өткен брифингке Конституциялық кеңестің мүшесі Анар Жайылғанова мен Кеңестің бұрынғы мүшесі Жұмабек Бұсұрманов қатысты. Алғашқы болып сөз алған Анар Жайылғанова Ата Заңымыздың басты ерекшелігі әрі құндылығы ретінде оның адам өмірі, құқық­тары мен бостандығына негіз­делуін атап көрсетті. «Елбасы айтып өткендей, заңдылықты сақ­тау, Конституцияны құрметтеу аса маңызды міндет. Тіпті, Тәуке ханн­ың заманындағы қазақ қауым­дас­тығының дамып, өрлеуі осы заңдылықты сақтаудың арқасында мүмкін болған. Сондықтан да, біз конституциялық нормаларды, заңдылықтарды әрдайым берік ұстанып, соның арқасында ғана алға дами аламыз. Бүгінде Ата Заңымызға 20 жыл толып отыр. Конституцияның қабылдануы тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа парағы болып есептеледі. Конституциямыз саяси жүйенің ішінде адам өмірін, оның құ­қық­тары мен бостандығын қорғауға негізделген», деді.

1995 жылғы 30 тамызда рес­пуб­ликалық референдумда қа­былданған Қазақстан Республи­касының Конституциясы тәуелсіз мем­лекеттің конституциялық дамуы­ның жаңа кезеңіне жол ашты. Ол конституциялық құры­лыстың, қоғамдық-саяси инсти­тут­тардың құқықтық негізін құрып, адам мен азаматтың консти­ту­циялық мәртебесін айқындап берді. Конституциялық кеңес мүшесі Ата Заңымыздың тағы бір ерекшелігі ретінде оның елдегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтау, нығайту мәсе­лелерін көздейтінін атап өтті. Өйткені, кезінде, яғни 1993 жылы Ордабасы тауында болған жиында Елбасымыз: «Кезінде Әйтеке, Қазыбек, Төле билер қазақтың басын біріктіру үшін осы Ордабасы тауына жиналған. Сол арманды тілек, сол перзентті жүрек бізді тағы да осы тауға алып келді. Бірақ қазіргі біздің мақсатымыз тек қазақ халқын біріктіру емес, осы қазақ халқын Қазақстан аумағындағы барлық ұлт өкілдерін біріктіретін ұйытқыға айналдыру. Елімізде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдері Қазақстанды өз отаным деп қастерлесе, осындай қарапайым нәрсені бойымызға сіңіріп, жүрегімізге ұялатсақ, сонда ғана еліміз алға қойған мақсаттарына жете алады», деген болатын. Міне, 1995 жылы қабылданған Конституциямыз осы талап деңгейінен шығып келеді. Осыдан кейін сөз алған Конс­ти­туциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Жұмабек Бұсұрманов Қазақстан халқының еркіндік және теңдік мұраттарын ұстануы Конс­титуция нормалары арқасын­да іс жүзіне асқанын жасырмады. «Негізгі заңымыздың маңыз­ды құндылығының бірі – оның көпшілікке танылған демо­кратиялық құқықтық идеялар мен қағидаларға, жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарлануы бо­лып табылады. Қазіргі таңда Конституция қоғамның демократиялану үдерістерін, биліктің үш тармағының бір-бірімен өзара қарым-қатынасын дамыту үшін қызмет етіп жатыр деуге болады», – деді Жұмабек Бұсұрманов. Құрылымы мен мазмұны жағынан еліміздің Ата Заңы да­мыған демократиялық мемлекет­тердің Конс­титу­ция­ларына сай келеді. Онда пре­зи­денттік билік деңгейінің күшеюіндегі билік бөлінісінің оңтай­лы теңгерімі көрсетілген. Бұл өт­пелі кезеңдегі мемлекет пен қо­ғамның қалыптасу және даму мә­селелерін шұғыл шешуге мүм­кіндік береді. Негізгі заңның идеялары, қағидалары мен нормаларында еліміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік ілгерілеуі үшін маңызды әлеует бар. Расында, адами құндылықтар негізгі заңмен бекітілген мемле­кет­тің әлем алдында абыройы өсетіні белгілі. Сондықтан да, біз өз Конс­титуциямызды жоғары бағалап, қастерлеуіміз керек. Өйткені, Ата Заңымыз өзінің 20 жыл­дық тарихында осы құнды­лық­­тардан ауытқыған емес. Консти­ту­циямыздың арқасында мемле­кетіміз үнемі тек даму үстінде келе жатқаны айдан анық ақиқат. Баспасөз конференциясы барысында журналистердің сауалдарына жауап берген А.Жайылғанова Конституцияның қабылдануына 20 жыл толуына орай жоспарланып жатқан шаралармен де таныстырып өтті. «Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы құрметіне жоспарланып отырған үлкен шаралардың бірі елордасы Астанада халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу болып табылады. Оған ғалымдар, мемлекеттік құрылымдардың қыз­мет­керлері, Парламент депутат­тары, Конституциялық кеңес­тің, соттардың және шет мем­ле­кет­тер­дің өкілдері шақырылады», деді. Конституция кеңесі мүшесінің айтуынша, бұл шараның мақсаты – әлем елдеріне Қазақстанның конституциялық дамуын және конс­титуциялық бақылаудың заңды­лығын таныстыру көрінеді. Ата Заңның 20 жылдығын мере­келеу аясында, сондай-ақ, «Қа­зақстандық тренд: тоталитаризмнен демократиялық және құқықтық мемлекетке» деп аталатын кітап шығарылады. Онда Қазақстандағы конституционализмнің дамуы туралы шетелдік сарапшылардың, саясаткерлер мен заңгерлердің ой-пікірлері топтастырылады. «Ұлы­британияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр, «Құқық арқылы демократияға» Венеция комис­сия­сының президенті Джанни Бу­киккио және Азия мен Еу­ропа конституциялық соттары­ның көптеген төрағалары осы кітапқа автор болуға ниет білдіріп отыр», деді А.Жайылғанова.

Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан».