08 Тамыз, 2015

Қолғабыс

1408 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
000 (23) Алматы облысының алыстағы ауылдарына автокөлік жолын салып, сол елді электр қуатымен қамтамасыз етіп, елді мекендерде өндіріс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік мәселелерін реттеп, өмірлік қажеттіліктерді мемлекеттік саясатқа сай атқарып жүрген меценат Бауыржан Оспановтың еңбегі ерен. Туған жерге туың тік Қазақта «халықтың бағына туған ұл» деген жақсы бір сөз бар. Өмірдің өзінен алынған осынау ұлағат Алакөл ауданы, Жыланды ауылының тумасы Бауыржан Оспановқа да арналып айтылған деуге болады. Халық осы меценат ауылдар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін салған тақтайдай тегіс жолмен автокөліктерін жүйткіте жүргенде де, ауыл көшелерінде самаладай жарқыраған электр жарығының астында жүргенде де, күнделікті тұрмыс қажеттілігін өтеу үшін ашылған өндіріс орындарында еңбек ете жүріп те алғыс айтудан әсте танбайды. Балаларының заманауи техниканың сан түрін көріп, меңгеріп, оқу ордаларында интернет желісі арқылы шетелдерде жүрген ауылдастарымен байланысып отырғанын көріп соған жағдай жасаған Бауыржан Оспановпен қалай ғана мақтанбассың?! Өйткені, қай кезеңде болсын әр өңірден табиғат-ана тума талантты өмірге әкеліп, танытып еліне, жеріне қызмет етуге мүмкіндік беріп отырған. Сол мүмкіндікті пайдалана білетін, аспайтын, таспайтын, қарапайымдылығынан танбайтын арда ойлы жандар болады. Салқын ойы, ыстық ықыласы араласа ет жүрегінде қайнағанда ақылының кені санасында шымырлай шығып Бауыржан Оспанов сынды атпал азаматтар ғана жол тауып биіктен биікке көтеріле біледі. Биіктеген сайын еліне, жеріне деген ілтипаты беки түсіп, арақатынасты жақсартқан үстіне жақсарта түсуі де пайымдылығын, парасаттылығын һәм кісілік келбетін көрсетеді. Тау баласы тауға қарап өседі демекші, Бауыржан Оспанов та өзі туып-өскен өлке іспетті биік әрі кең. Ол Жетісу Алатауының солтүстігі Шығыс Қазақстан облысымен, ал күншығысы Қытай шекарасымен шектесіп жатқан әсем де сымбатты Жыланды атты ауылда туып-өсті. Салыстырмалы түрде алсақ үлкен жүректі азамат шыққан ауылдың үлкендігі Бельгия мемлекетінің, әйтпесе екі еселенген Израиль елінің жерімен тең. Ең бастысы, табиғаты өте бай. Заңғар таулар баурайында орналасқан аядай ауылда тек дәрілік шөптің сан мың түрі өседі. Көктем шығысымен құлпырып, жазғытұрым жайнай, жарыса өскенде сүйсінбеске әддіңіз қалмайды. Бауыржан Кеңесбекұлы Оспанов «ZHERSU» атты өндірістік инвестициялық корпорацияның негізін қалап, салушы әрі басшысы болып табылады. Бұл компанияның құрамына Талдықорғандағы «ТАТЭК» ААҚ, « Сайман Корпорациясы», ZHERSU ROWER, ZHERSU METAL АҚ, Alakol Riant, Kerneu Limited кіреді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымында егін және мал шаруашылығын өсіру үшін 160 мың гектар жер тағы бар. Танымал бизнесмен, меценат Алматы энергетикалық университетінің түлегі. Оның 2012 жылы Қазақстандағы өте ықпалды 50 бизнесменнің тізімінде 48-орын алып тұрғанын айтсақ жеткілікті. Сәл шегініс жасап, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бір мысал алсақ, қала мен ауыл тұрғындарының тұрмысы өте нашар болғаны аян. Қарапайым халық ілдәлдалап күнкөріс қамын күйттеген базарлар біртіндеп жабылды, ауылшаруашылық құрылымдар жұмыстарын тоқтатқандықтан оларға еш жерден несие де, қажетті техника да, тыңайтқыш та берілмегендіктен өнім түсімділігі жоқ болды. Мал басы азайды. Міне, сол кезеңде Алакөл аудандық мәслихатының депутаттары бас болып, өңірден шыққан бизнесмендерден көмек сұрағанда бірінші кезекте жұрттың аузына Бауыржан Оспанов түскен еді. Үміт ақталып, ол халық сенімінен шықты. Тағы бір елге тигізген пайдасын паш етсек 2010 жылы Жыланды ауылының құрылғанына 80 жыл толғанда Бауыржан Оспанов ауылды қақ жарып жатқан орталық көшеге асфальт төсетіп, ауыл сәнін кіргізіп, «Нұр-ай» атты кафені және спорт кешенін салып берген еді. Әрине, ауыл клубы да күрделі жөндеуден өткізілді. Негізі, Жыланды ауылында Бауыржан Оспановтың көмегін көрмеген отбасы кем де кем. Жыланды қазақ орта мектебі күрделі жөндеуден өткізіліп, кең де жарық кабинеттерде лингафонды сынып, интерактивті тақта қойылғаны тағы бар. Бұл қажеттіліктерді өтеуге 150 млн. теңге жұмсалды. Оның сыртында 40 оқушыны тамақтандыруға қаражат бөлінген-тін. Сол шәкірттердің тең жартысы аз қамтылған отбасылардан шыққан. Ауылда бос қалған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, Алатау ұлттық паркіне пайдалануға берді. Бизнес жұмысы өз алдына десек, Бауыржан Оспановтың тағы бір қыры мейірім мен руханиятты да ұмытпайды. Ауылдан шыққан жас мамандарға қолдау көрсету тағы бар. Мысалға, «Дипломмен – ауылға!» атты жоба аясында Бауыржан Оспанов туған ауылында 9 тұрғын үйді сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, жас мамандардың пайдалануына берді. Оның сыртында әрқайсысына 200000 теңге сыйақыны да өзі берді. Елбасының «2050» Стратегиясына орай нақты да жүйелі жұмыс жүргізе білген Бауыржан Оспанов Жыланды ауылындағы орта мектепті физика-математика бағы­тындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясына айналдыра білді. Нәтижесі жақсы.   Дерек пен дәйек Бауыржан Кеңесбекұлының Жыланды ауылдық округіне көрсетілген демеушілігі. 2002 жыл. Жыланды ауылында 130 орынды мешіт салынды, 2010 жылы Жыланды ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, Спорт кешені салынды, 2011 жылы Жыланды орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. 2012 жыл. Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығы және 15 адамдық жұмыс орны ашылды (тігін цехы, шаштараз, аяқ киім жөндеу). Жас мамандарға 3 тұрғын үй салынды. 2013 жылы Жыланды мектеп-лицей мамандарына 11 тұрғын үй салынып, (тұрмыстық техникасымен, жиһаздарымен) берілді. 3 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткі­зілді. Ауылдық мәдениет үйіне кинотеатр қойылды. Ауылдың жастарына дема­лыс саябағы салынып, көшелерге жарық бағана­лары орнатылды. «Мектепке жол» акциясы­мен мектеп оқушылары мен ұстаздары және кіші техникалық қызметкерлері толықтай киіммен қамтылды. Мектеп кітапханасы оқу құралдарымен электронды оқу кітаптарымен, жиһаздарымен толық жабдықталды. Мектепке 15 компьютер мен 40 парта берілді. Мектеп интернатында 40 орындық жатар жер толықтай жабдықталды. Мектептің физика, биология, химия зертханалары толықтай жабдықталды. Жетісу Алатауы ұлттық табиғи паркіне ғимарат салынып берілді. Жыл сайын жағдайы төмен отбасыларға, көп балалыларға, жетім-жесірлерге ақшалай, заттай, малдай көмек көрсетіледі. Жыланды ауылдық округі әкімдігінің ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізілді. Мәдениет үйі ағымды жөндеуден өткізілді. 2002 жылдан бері Жыланды ауылдық мешіті (қысқы жылыту кезеңі, ағымды жөндеу, имамның еңбекақысы, барлық діни мерекелер) толық қаржыландырылды. 1998 жылдан бастап ауылдағы мәдени іс-шараларды толығымен қаржыландырады. Денсаулығы нашар азаматтардың ем алуына толық көмек көрсетіледі. 2014 жылы 2 тұрғын үй салынды. Орталық монша салып, қолданысқа берілді. 2015 жылы орталық саябаққа спорт жабдықтары, соғыс құрбандарына арналған ескерткіш орнатты. Лепсі ауылдық округінде 2014 жылы «Ауылым» кафесі күрделі жөндеуден өтіп, барлық жиһазымен халық игілігіне берілді. 2014 жылы ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кинотеатр ашылды. 2014 жылы бал қораптау цехы ашылды; 2014 жылы ауылдың ішкі көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға барлығы 280 млн. теңге қаражат бөлінген. Мемлекеттік саясатқа сай әрекет етіп, Елбасының айтқан жұмысын алыстағы ауылдарда жүзеге асырып, халықтың көкейіндегі көп ойды дөп басып жүрген меценатпен жүзбе-жүз кездесудің сәті Талдықорғанда түсті. Аз сөзбен көп ой жеткізетін қарымды қабілеті бірден аңғарылады. Алматы қаласының және Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, сондай-ақ, Жетісу жерінен шыққан танымал бизнесмендердің басын қосып өткізген келелі жиында жақсы әрі орамды ойларын ортаға тастады. Сонда Бауыржан Оспанов қазақ сахарасында, нақтылай түссек, Жетісу жерінде алғаш ашылған білім ордасы Мамания мектебі туралы құнды пікір айтты. Мамания мектебі туралы Жетісу энциклопедиясында да жазылған. «Мамания» мектебі Жетісу өңіріндегі алғашқы ұлттық-дүниетанымдық оқу орындарының бірі. 1909 жылы Ақсу ауданы, Қарағаш мекенінде медресе ретінде ашылды. Алайда, оның тарихы одан әріден, яғни Маман баласы Тұрысбектің осы мекенге 3 кластық мектеп үйін салдыруынан – 1899 жылдан басталған. Мектепте 2 татар молдасы сабақ беріп, шәкірттерге ислам дінінің тарихын, шариғат жолын, Құран түсірмелерін оқытқан. Ел арасында «Мамания» мектебі аталып кеткен оқу орнының алғашқы түлектері Ілияс Жансүгіров пен Біләл Сүлеев. Алғашында татар мұғалімдері сабақ беріп, кейін медресе иелері «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті арқылы білімді қазақ зиялыларын жұмысқа шақырды. Маман ұрпақтары шеттен келген мұғалімдерге баспана беріп, жылына 2500 сом жалақы төлеуді (сол кезде 3 сомға 1 қой және 1 ешкі сатып алуға болатын) өз міндеттеріне алды. 1911-15 жылдары аралығында Қазаннан, Челябинскіден, Семейден, Оралдан әртүрлі пән мұғалімдері келіп, сабақ берген. Діни-дүниетанымдық сабақтармен қатар медреседе оқитын шәкірт қыздарға қолөнер машығы үйретілген. Шәкірттер 1-кластан бастап қазақ тілі, арифметика, 2-кластан иман-шарт, Құран, 3-клас­тан орыс тілі, пайғамбарлар тарихы, география, 4-кластан зоология, 5 кластан ислам тарихы, татар тарихы, хадис пәндерін қазақ тілінде оқып үйренді. Мектеп жанынан ересектерге орыс тілін үйрететін кешкі курстар ашылды. Ахмет Байтұрсынов мектеп шәкірттерінің арасынан зеректерін таңдап алып, Уфа, Орынбор, Троицк, Қазан және тағы басқа қалаларға оқуға жіберуді, оларға жыл сайын 300 сом мөлшерінде жәрдемақы және стипендия төлеуді де Маман ұрпақтары өз міндеттеріне алғанын үлгі етіп, «Қазақ» газетінің №174 санында жазды. 3 қабатты мектепке 1963 жылы Ыбырай Алтынсарин есімі беріледі. 1998 жылы оған тарихи атауы қайтарылып, «Маман қазақ орта мектебі» деп аталады. Бұл жерде айтайын деп отырған ойымыз тау тұлғалы һәм ірі ойлы азаматтың кесек ой айтумен шектелмей, нақты өмірде ұлт болашағы үшін іс атқарып та жүргендігі еді. «Алакөл ауданында аграрлы саланы дамытуға Бауыржан Кеңесбекұлының бас­тамасымен «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында «Арқарлы-Майбүйрек» серіктестігіне Австралиядан 3 млрд. теңгеге 5563 бас етті бағыттағы «Герефорд», «Ангус» асыл тұқымды ірі қара малы сатып алынды. Бүгінде 3400 бас төл алынып, асыл тұқымды мал басы 8 мыңнан асты. «Арқарлы-Майбүйрек» серіктестігіне 2 млрд. 812 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Келешекте ішкі нарықты мал өнімдерімен қамтамасыз ету және экспорттау мақсатында ауданда 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы салынады және 2016-2017 жылдары ет комбинатын іске қосу жоспары бар. Серіктестіктің ең басты мақсаты – ірі қара мал тұқымын асылдандыру. Онда 24 адам жұмысқа орналасып, тұрақты жалақыларын алып отыр. «Компания Тау Самал ЛТД» серіктестігінде сүтті бағыттағы ірі қара малы, «Қайыңды» серіктестігінде жылқы малы, «Алакөл-Агро» серіктестігінде ұсақ малдар өсіріледі, егін шаруашылығымен де айналысады. Биыл Жыланды ауылында Бауыржан Оспановтың демеушілігімен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Жыланды ауылынан соғысқа қатысқандарға арнап ескерткіш ашылды. Қазіргі таңда Лепсі ауылындағы бос тұрған ғимаратты алып күрделі жөндеуден өткізіп, спорт кешенін жабдықтауда. Әрбір ауқатты азамат Бауыржан Оспановтай туған жеріне, еліне еңбек сіңірсе, игі іс болар еді», деді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев. Қорыта айтқанда, мақаланың «Қолғабыс» деген тақырыппен берілуінің өзіндік бір мәні бар. Елбасының игі бастамаларының ел ішінде дұрыс жүзеге асырылуына Бауыржан Оспанов сынды танымал бизнесмендердің қолдау көрсетіп, өзіндік қолғабыстарын тигізіп жүргендігін оқырмандарға жеткізуді мақсат еттік.   Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.