ПЕТРОПАВЛ. 24 маусым. Қалалық кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының отырысында бала тәрбиесінен жалтарған 6 әке-шешені құқықтарынан айыру жөнінде шешім алынды. Бұл туралы қалалық ІІБ-нің қызметкерлері хабарлады.
Ювенальды полицияның учаскелік инспекторлары 2015 жылдан бері өздерінің бала тәрбиелеу міндеттеріне салғырт қараған 162 әке-шешені арнайы есепке алған. Биыл мектепке барудан бас тартқан, жаман әдеттерге үйір 194 оқушыны анықтаған. 82 ата-анаға 14 мың теңгеге дейін айыппұл салынған.
«Жазғы каникул уақыттарында жасөспірімдер арасында түрлі тәртіпсіздік қылықтарды болдырмау, алдын алу жұмыстарын күшейту өте маңызды. Олардың құқықтары да заң нормалары шеңберінде қорғалуы тиіс. Сауықтыру лагерьлеріне тұрмысы аз қамтылған отбасылардан 500-ге жуық балалар жіберілді», деді комиссия отырысында сөз алған қалалық ІІБ-нің басшысы Қайрат Оразалин.
Бұл жолы күн тәртібіне 8 мәселе ұсынылса, олардың алтауы бала тәрбиесімен айналысудан қашқақтаған ата-аналарға қатысты болып шықты. Комиссия мүшелері оларды ата-аналық құқықтарынан айыру туралы ұсынысты бірауыздан қолдап, істерді сотқа жіберуге шешім алды.
Жыл басынан бері 10 ата-анаға осындай шара көріліпті. Олардың бәрі ішімдікке әуес.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Петропавл қаласының ішкі істер бөлімі.