09 Мамыр, 2015

Мәскеуден келген хат

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
egemen (52) Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі орталық мұрағатының 11.09.2014 ж. №44116с-1950 ж. анықтамасын негізге алып Мәскеу қалалық әскери комиссары В. Щепилов: «Қатардағы жауынгер Алмас Құрманғалиев 1903 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында туған. Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан 1941 жылы 22 қаңтарда әскерге шақырылып, 1943 жылы әскери міндетін орындау кезінде ерлікпен мерт болды. Бауырластар бейітіне жерленген, деп бастапты хатын. Содан соң тағы бір қатардағы жауынгер Жолдас Құрманғалиев туралы айта келіп: «Ол 1897 жылы Алматы облысы, Ленин ауылдық кеңесі, Ленин колхозында туған. Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 126 ОСВ, - 11А, С-3 майданы құрамында шайқасты. 1942 жылы Ленинград облысы, Полавск ауданы, Ивашево селосы үшін шайқаста батырлығымен ерлік көрсетіп, ауыр жараланды. Сол жарақатының салдарынан 1942 жылдың 10 желтоқсанында қаза болып, Ивашево селосындағы №18 бейітке жерленді», – депті Алматы облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұрат Дарманқұловқа жолдаған хатында. Сондай-ақ, Мәскеу қаласының әскери комиссары В. Щепилов Жеңістің 70 жылдығына орай Алмас Құрманғалиевке туып-өскен ауылы Ұзынағаштан бір көшенің атын беруді сұраған 17.03.2015 ж. № ОРГ 1019 мінездемесін де жіберіпті. Қош. Әскери қызметкерлер төл міндетін адал орындады деген хабармен тоқталмай майдангерлер туралы мағлұматты індете түсуімізге ұрпағының ұлағатты ісі себеп болып отыр. Жолдас Құрманғалиевтің шөбересі Руслан 2014 жылдың күзінде атасының мәйіті жатқан қабір басына барып, тәу етіп, тиісті орындар келісімімен бір уыс топырақты бет орамалына түйіп әкеліп, ұрпақтарының атынан арнап орнатылған ескерткіш, еңселі мәрмәр тас түбіне мұсылмандық рәсіммен салды. «Ертеректе әкей де қос арысқа іздеу салған екен. Бертінде шешем Қызтілеу оқтын-оқтын ойыма сала берді. Содан Ресейдегі әріптестерімнің қолдауымен ұлым Русланды осынау игілікті істі атқаруға мүмкіндік жасадым. Нәтижесін халық көріп, алғыстарын жаудыруда», дейді ҚР Бас Прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Алматы облыстық басқармасының бастығы Жұмагелді Құрманғалиев. Негізі екі мемлекет арасында және өзге ел ішінде еркін жүру, діттеген жеріне белгіленген уақытта барып қайту үшін қажетті құжаттарды реттестіру әу баста көздеген мақсатқа қалай да жетуге деген ұмтылыстан туары анық. Ең бастысы, перзенттік парызды өтеу болып саналады. Осы тұста баса айтар бір жайт – марқұм Жолдас Құрманғалиевтің сүйегі Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин туып-өскен Ивашево селосында жерленгендігі болып отыр. Сол селода жалғыз ұлы Әуесханның қолынан ұстап, зайыбы және қайынбикесімен қатар отырып түскен фотосурет те қалған шығар. Өйткені, ішкі дүниесі сездірді ме екен сол естелік фотосуретке қалай да түсіп, төс қалтасына салып әкету Жолдас Құрманғалиевтің шешімі болыпты. Бұл фотосурет бізге бір факт болып, ұрпағының құндылығына айналды. Қорыта айтқанда, Мәскеу қалалық әскери комиссарының ұсынысын біз де қолдап, тиісті орындар назарына ұсынамыз. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.