Кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысына байланысты қазіргі таңда қоғам қызу талқылау жасауда. Бұл жөнінде сара мамандардың көзімен саралап, саясаткерлердің пікіріне жүгінсек, президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу – ел бірлігін нығайту мен қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін таптырмас шешім екендігі айқындалады.
Кеше Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында өткен «Аманат» интеллектуалды пікір-сайыс клубының ұйымдастыруымен бірқатар мамандар бас қосқан жиын болды. Онда қазіргі таңда орын алып отырған геосаяси ахуалға қатысты, сонымен қатар, ел экономикасы төңірегінде сөз қозғалған пікірталас барысында біршама мәселелер айтылды.
Референдумға байланысты сұрақтарға нақтылай жауап берген саясаттанушы Ерлан Саиров бұл сұрақты төртке бөліп, тарқатып айтты. Онда, жалпы бұл сайлау қажет пе? Қажет болса не үшін өзекті? Дәл биыл өткізу не үшін қажет? Сайлаудың қандай формалары болуы қажет? деген сауалдардың жауабын халықаралық жағдайға шолу жасай отырып, мәселенің мәнісін баяндады. «Соңғы 10 жылдықта Батыс пен Ресейдің арасында болып жатқан геосаяси тартыс өзінің ашық фазасына шықты, әсіресе, биылдың қаңтары мен ақпанында ыстық текетіреске келіп отыр. Сонымен қатар, Минск келісімі іске аса ма, аспай ма деген сұрақ туындайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шиеленістің ыстық фазасы биылғы жылға сәйкес келіп отыр. Бұл халықаралық деңгейдегі геосаяси текетірестің басқа арнаға ауысқандығын көрсетеді. Ауғанстандағы дағдарыс Орталық Азия елдеріне үлкен әсер ететіні сөзсіз. Сонымен бірге, қарыштап дамып келе жатқан Азия-Тынық мұхит аймағында да үлкен аумақтық жанжалдар бар. Әлемде қандай үлкен жанжалдардың бар екендігін көре отырып, осындай геосаяси шиеленіс геоэкономикалық дағдарысқа алып келетіндігін аңғару қиын емес», деген саясаттанушы осындай кереғар жағдайлардың салқыны біздің елге әсер ететінін қоса айтты.
Ал осындай жауапты кезеңде әр мемлекет өз дәрежесінде шешім шығарады, өз ретінше қолға алады, дей келе, Елбасы Франция президентімен, Германия канцлерімен, АҚШ президентімен тікелей байланыста болып, осы жанжалдарды шешуге өз үлесін қосты деп айтуға толықтай негіз бар, бұл дегеніміз біздің елдің халықаралық дәрежедегі модераторлық деңгейге жеткендігін көрсетіп отыр, деді Е.Саиров.
Келесі кезекте сөз алған М.Әбенов: «Мен жалпы алғанда сайлаудың заңды түрде өткенін қолдаймын. Дегенмен, қазіргі жағдайлар тездетуге итермелеп отыр. Сайлау – елді біріктіретін ең мықты құрал. Біз осы уақытқа дейін қанша сайлау өткіздік, сол тұста халықтың бірігуін көруге болады. Мұндай сайлаудың болатыны күзде сезілді. Естеріңізде болса, Елбасының Жолдауы жарияланды, оның ерекшелігі сол – ол ұзақ мерзімге арналған бағдарлама болатын», дей келе, біз өндіріске өзгеріс жасадық, ал ендігі кезекте саяси өзгерістер жасамай, азаматтардың сана-сезімін өзгерте алмайтындығымызды айтты. Ал сайлау кезеңі соған толықтай мүмкіндік береді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».