АСТАНА. 21 наурыз. Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының 4-тур ойындары өтті. Тур барысында «Оқжетпес» қатарынан үшінші жеңісіне жетсе, «Тобыл» маусымдағы алғашқы голын соқты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Турдың басты ойыны ретінде жанкүйерлер «Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы матчты атады. Десек те, бұл ойында есеп ашылған жоқ. Ал бірнеше жыл үзілістен соң премьер-лигаға қайта қосылған Көкшетаудың «Оқжетпесі» әзірге намысты қолдан бермеуде. Таяуда Ресейден есімі белгілі Дмитрий Сычевті алдырған көкшетаулықтар бүгін жаңа футболшысының томағасын сыпырды. Команданың бас жаттықтырушысы Владимир Мұханов ресей футболшысын матчтың 78-минутында Александр Павловтың орнына алаңға шығарды. Жанкүйерлердің назарын аударған ойын «Оқжетпестің» жеңісімен аяқталды.
Осыдан екі жыл бұрын Еуропаға қазақ футболының қалыбын көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген «Шахтердің» бүгінде халі мүшкіл. Төрт ойында бір ғана ұпайға ие болған «кеншілер» қазір турнир кестесінің соңында келеді.
Тур қорытындысы бойынша барлығы 10 гол соғылды. Соның екеуі қазақ футболшысының атына жазылды. Мергендігімен көзге түскен қарагөздер – Мақсат Байжанов («Атырау») пен Әлібек Бөлешев («Оқжетпес»).
Бүгінгі ойындардың нәтижелері:
«Тараз» (Тараз) – «Қайрат» (Алматы) 1:0 (1:0)
Гол: А.Пищур 29.
«Ертіс» (Павлодар) – «Тобыл» (Қостанай) 1:1 (1:0)
Голдар: Г.Сартаков 2 – С.Мошников 93.
«Атырау» (Атырау) – «Астана» (Астана) 1:1 (0:0)
Голдар: М.Байжанов 62 – А.Григорьев 56 (автогол).
«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Жетісу» (Талдықорған) 2:0 (0:0)
Голдар: Л.Роткович 68, Ә.Бөлешев 75.
«Шахтер» (Қарағанды) – «Қайсар» (Қызылорда) 1:2 (0:1)
Голдар: М.Топчагич 70 – П.Димов 44, Э.Юнузович 88.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Ордабасы» (Шымкент) 0:0
Үздік мергендер:
- Жерар Гоу («Қайрат») – 4 гол
- Рохер Каньяс («Астана»), Мақсат Байжанов («Атырау») – 3 гол
- Патрик Твумаси («Астана») – 2 гол.
5-тур ойындары 5 сәуірде өтеді:
«Қайрат» – «Оқжетпес»
«Жетісу» – «Ертіс»
«Тобыл» – «Шахтер»
«Қайсар» – «Атырау»
«Астана» – «Ақтөбе»
«Ордабасы» – «Тараз»
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: i-news.kz.