06 Шілде, 2010

Еуразиялық экономикалық қоғамдастық: ОН ЖЫЛДЫҢ ЕРЕН НӘТИЖЕЛЕРІ

1039 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астанада Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің мемлекет басшылары деңгейіндегі 27-ші отырысы өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Ақордада шағын және кеңейтілген құрам­дарда өткен отырыстарға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Дмитрий Медведев, Тәжікстан Президенті Эмо­мали Рахмон, өтпелі кезеңдегі Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева, сондай-ақ ЕурАзЭҚ жанындағы бақылаушы болып табы­латын мемлекет – Армения Президенті Серж Саргсян қатысты. Жиынды ашқан ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отырысқа қатысушы­лар­ды мерейлі дата – Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы құрылуының 10 жылдығымен құттықтады. Мемлекет басшысы 2000 жылы Астанада Беларусь Республикасы, Қазақстан Республи­ка­сы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федера­ция­сы және Тәжікстан Республикасы прези­денттерінің қатысуымен Еуразиялық эко­номикалық қоғамдастықты құру туралы Шартқа қол қойылғанын атап өтті. – Бұл Шарт – ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер лидерлерінің ұмтылысын және біздің мемлекеттер азаматтарының арман-тілегін жүзеге асырған, кең ауқымдағы мемлекетаралық ынтымақтастық міндеттерді шешудің және мақсаттарына жетудің тетігі болуға тиіс өңірлік халықаралық ұйым – ЕурАзЭҚ-тың құрылуына құқықтық негіз қалады. Құрылған сәттен бергі 10 жылдан соң біз ЕурАзЭҚ-тың бұрынғы кеңестік кеңістіктегі барынша табысты интеграциялық ұйым болғанын сенімді түрде айта аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Отырыс барысында ЕурАзЭҚ-қа қатысушы мем­лекеттердің басшылары ЕурАзЭҚ Мем­лекет­аралық кеңесінің 2009 жылғы қараша айында Минск қаласында өткен 24-ші оты­ры­сын­да қабылданған шешімдердің орындалуы туралы ақпаратты тыңдады. Еуразиялық эконо­микалық қоғамдастықты дамытудың барынша өзекті проблемалары мен келешегіне, Кеден одағының толыққанды жұмыс істеуіне және оған қатысушылардың Бірыңғай экономикалық кеңістігін құруға қатысты мәселелерді талқылады. ЕурАзЭҚ-тың онжылдық тарихының нә­тижелері таңдандыратыны атап өтілді. Бүгінде ол – қатысушы мемлекеттердің экономикада, ғылымда, білім беруде, мәдениетте, әлеуметтік са­лада және басқа да қызмет салаларында интеграциясын тереңдете түсу үшін нақтылы алаң. ЕурАзЭҚ аясындағы жұмыс жылдарында біздің елдеріміз ынтымақтастығының ауқымды нормативтік-құқықтық базасы қалыптасты. Қоғамдастықтың ТМД кеңістігіндегі сауда-экономикалық қатынастардың жалпы құрылымындағы маңызы артты. Қатысушы мемлекеттер ЕурАзЭҚ аясында қолға алған  іс-әрекет жаһандық қаржы және экономикалық дағдарыстың қиын кезеңінен сәтті өтуге септігін тигізді. Осы мақсатта Дағ­дарысқа қарсы қор құрылды. Қаржы дағ­да­ры­сының келеңсіз салдарын еңсеру жөніндегі Бір­лескен шаралар жоспары жасалып, іске асырылып келеді. Мемлекеттер басшылары ЕурАзЭҚ аясында осы саладағы инновациялық саясатқа және ынтымақтастыққа зор мән береді. Негізгі мақ­саты ғылыми-техникалық бағдарламалар мен инновациялық жобаларды бірлесіп әзірлеу және жүзеге асыру болып табылатын Жоғары технологиялар орталығы құрылды. ЕурАзЭҚ-тың онжылдық тарихының ең басты жетістігі, сөз жоқ, Кеден одағы қалыптасуының аяқталғаны болып табылады, оның аясында Бірыңғай кеден тарифтері әрекет етіп, Кеден кодексі туралы Шарт қабылданды. Интеграцияның келесі кезеңі – Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын құру туралы мәселе қазірдің өзінде белсенді қарастырылуда. Қоғамдастық аясындағы ынтымақтастық Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан халықара­лық мойындауға ие болды. ЕурАзЭҚ-тың БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесі бар. Қоғамдастық сондай-ақ ТМД, ҰҚШҰ, Еуропа Одағы, ШЫҰ, АӨСШК, БСҰ, ЕДҚБ, АДБ және басқа да ұйымдардың құрылымдарымен өзара ықпалдасуда. Отырыс барысында ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер басшыларының Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылуының 10 жылдығына байланысты Бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Сондай-ақ Кеден одағы аясын­да­ғы істерді қарау жөніндегі Қоғамдастық Со­ты­ның құзыретін кеңейтуді көздейтін ЕурАзЭҚ Сотының жаңа редакциядағы Статуты қабылданды. Бұл отырыстың айтулы оқиғасы мемлекет­тер басшыларының Кеден одағының Кедендік кодексі туралы Шарттың күшіне енгендігі жөніндегі Бірлескен мәлімдемесі болды. Тараптар Астанадағы кездесудің нәтиже­лері­не қанағаттанғандық білдіріп, Қоғамдастық аясындағы көпжақты ынтымақтастықты ны­ғайта түсу бойынша мақсатты және сарабдал саясатты жалғастыра беретіндігін айтты. Отырыс соңында президенттер БАҚ өкіл­дері үшін қысқаша мәлімдемелер жасады.