Құрлықтың қалпын сақтайтын қандай одақ? Енді жоғарыдағы үзіліп қалған сөздің сүрлеуіне қайта түсейік. Шынында да Еуропаны күйреу қалпынан сақтап қала алатын не? Оған ендігі керегі қандай одақ? Мұның бір жауабын жақында Франсуа Олланд өзінің Journal du Dimanche басылымына берген сұхбатында тарқатып айтып шықты. Француз лидері қазіргі дағдарыс кезінде ортақ валюта – еуроға байланған 19 мемлекеттің іс-әрекетін үйлестіріп отыратын бірыңғай құрылым болуы керек екенін атап өтті. Оның пайымынша, бұл бірөңкейлік көрініс ортақ үкіметтен, ортақ парламенттен және ортақ бюджеттен көрінуге тиіс. «Жағдай бізді процесті барынша жылдамдатуға шақырып отыр, – деді француз басшысы бұдан әрі сөзінде. – Бізге Еуропа аймағының тым көптігі қауіп төндіріп отырған жоқ. Біз опықты жесек, оның ауқымы тым аз екенінен жейтін боламыз. Басты қауіп те осында». Мұндағы гәп Кәрі құрлықтағы 19 мемлекеттің басын біріктіріп отырған еуроаймақ валютасы – еуро туралы болып отыр. Қисынға қайшы келетіні, біртұтас валюталары болғанына қарамастан, бұл мемлекеттер қазыналық және экономикалық саясаттарын өз үкіметтерінің қолдарына беріп қойған. Олландтың мәлімдемесі бір есептен Еуропа орталық банкінің президенті Марио Драгидің еуроаймақ мүшелерін бұрынғыдан да тығыз және терең қарым-қатынас жасасуға шақырған сөзіне қолдау көрсеткендей болып естілді. Ал Еуропаның бас банкирі Еурокомиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкер мен Еуротоптың президенті Йерун Дейсселблумды қатарына тарта отырып, одақ елдерінің 10 жыл жұмыс істейтін ортақ қазынашылығын құру жөнінде нақтылы ұсыныс келтірді. Бәлкім, Франсуа Олландты Еуроодақтың тағдыры тұтастай, ал еуроаймақтың жай-күйі ішінара толғандыратын да болар. Бұған оны соңғы кездері өз елінде түсіп кеткен беделі мен халықаралық аренадағы рейтингісін осылай көтеру қажеттілігі де итермелеп отырған шығар. Бұған қоса, француз лидерінің мұндай ұсынысқа тәуекелмен бара салмайтыны тағы түсінікті. Егер бұған Берлин тарапынан қарсылық көрсетіліп, идеясы бірден құрдымға кетерін алдын ала білсе, оны жасап та әуре болмас еді. Демек, Елисей сарайы еуроаймақ үкіметін құру жөніндегі ой-толғамдарды ГФР канцлері кеңсесімен күні бұрын талқылап алған болып шығады. Бұл идеяны француз және неміс басшыларының өзара әңгіме барысында сөз етіскен болулары да ықтимал. Қалай дегенде де, Париж алдымен Германия жағының еуроаймақ үкіметін құру жөніндегі идеяға қалай қарайтынын байқап барып, нақтылы қадамға басқаны бүгінде еш күмән туғызбаса керек. Ал канцлер Ангела Меркельді планета халқының 7 пайыз бөлігі тұратын, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 25 пайызын беретін, сонымен бірге жаһандағы әлеуметтік мәселелердің 50 пайызын өз мойнына алатын Еуропа құрлығының бәсекеге қабілеттілігі тым төмен болып отырғаны көптен бері қатты толғандырып жүргені тағы аян. Мұндай деңгейге континенттегі орталықтандыру үдерісін одан әрі жалғастырып, оны бұрынғыдан да күшейте түскен жағдайда ғана жетуге болатынын ол өте жақсы түсінеді. Олай болса, Франсуа Олланд ұсынып отырған вариант осы мақсатты іске жалын бере түспесе, кемітпек емес. Әлбетте, бұл жол да тақтайдай тегіс, даладай жазық бола қоймайды. Сондағы ең үлкен кедергі осы ортақ құрылымдарға кіруге тиісті елдердің халықтары болуы мүмкін. Ал ондай қадамға бару үшін билеушілердің бәрі өз жұрттарынан рұқсат сұрауға мәжбүр болады.
Аймақтың қарызы андағайлап тұр Еуро аймағының бір-бірлеріне қарыздары көлемі биылғы жылдың екінші тоқсанында рекордтық көрсеткішке жетіп, ішкі жалпы өнімнің 93 пайыз дерлік бөлігін құрады. Енді Еуропа манеттік одағының экономикасын қалпына келтіру өте қиынға соғып, барынша ұзақ уақытқа созылатын болады. Әзірге қарыздың өсімі экономиканың өсімінен озып тұр. Осыған қарағанда, кәрі құрлықтағы қарыз ақшалардың сылдыры әлі талай уақытқа дейін жаңғырып естіліп тұратын сияқты. Бірқатар сарапшылар соңғы жылдары, тұтастай алғанда, Еуропа елдерінің, ішінара қарастырғанда, еуро аймағындағы мемлекеттердің қарыздары бірте-бірте азайып келеді деген қате түсінікке бой алдырып жүр. Шын мәнінде бәрі керісінше. «Қазір Еуропа орталық банкі жүргізіп жатқан сандық жұмсарту бағдарламасы (QE) пайыздық ставкаларды ең төменгінің жоғары деңгейіне дейін түсірді», – деп жазады Financial Times. Бірақ қауға болып көтеріліп кеткен қарыздардың беті қайтатын түрі көрінбейді. Мұның есесіне, Еуропа елдерінің үкіметтері белсенді түрде қарызға бата берудің соңы неге апарып соқтыратынын Грекияның үлгісінен көріп отырғандарына қарамастан, биылғы жылдың алғашқы үш айында банктен бір кредиттен соң бір кредитті алуды тіпті үрдіске айналдырып жіберді. Осылайша, 2015 жылдың бірінші тоқсанында валюта ретінде еуроны қолданушы елдер өздерінің қарыздарын орта есеппен ішкі жалпы өнімнің 92,9 пайызына дейін жеткізіп тоқтады. Ал Eurostat статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2014 жылдың соңғы тоқсанында бұл мөлшер – 92, өткен жылғы қаңтар-наурыз айларында 91,9 пайызды құраған еді. Осыған қарап-ақ, қарыз деңгейінің қалай бірте-бірте көтеріліп келе жатқанын байқауға болады. Қарыз елдердің бұл тізімінде Грекия бұрынғысынша бірінші орынды ешкімге бермей тұр. Оның қарызы елдің ішкі жалпы өнімінің 169 пайызын құрайды. Демек, гректер бір жылда тапқан бар ақшасын ішпей-жемей, түгел қарызына бере салғанда да одан құтыла қоймайды. Соның өзінде оның арғы жағында қарыздың 69 пайызы қалады. Нақтырақ айтқанда, бір жарым жылда тапқан-таянғанын түгел бергенде де, олар ұйықтан шыға алмайды. Құрлықта бір жылдық табысын толығымен қарыздың қапшығына салғандарымен, оның қамытынан мойнын шығара алмайтын, яғни кредиттегі ақшалары көлемі ішкі жалпы өнімнен де асып түсетін тағы төрт ел бар. Бұл квартетті Италия, Бельгия, Кипр және Португалия құрайды. Еуропа аймағындағы қарыздардың бұлайша күрт өсуіне экономиканы қалпына келтіру процесінің өте баяу жүргізіліп жатқаны басты себеп болып отыр. Айталық, еуро аймағында биылғы жылдың бірінші тоқсанында экономиканың өсуі бар-жоғы 0,4 пайыз ғана болды. Екінші тоқсанда да мардымды көрсеткішке қол жете қоймады. Экономистер енді банк тарапынан болып жатқан сандық жұмсарту арқылы жылдың екінші жартысындағы өсім бұлардан едәуір жоғары болатын шығар деген үмітте отыр. Алайда, жалпы экономика өсімінің нашар болуы бәрібір адымды кеңірек ашуға мұрсат бере қоймайтын сияқты.
Еуроның да зияны тиер жері бар Еуроның оны пайдаланушы кез келген елге банкроттықтан да қатты залалы тиюі мүмкін. Washington Post газетінің шолушысы Мэтт О`Брайен осындай пікір білдірді. Ол мұның жарқын мысалы ретінде Финляндия мен Нидерланд елдерінің тіршілігінен келтіреді. Экономистің пайымынша, еуроаймақтың мүшелері болып табылатын аталмыш екі елдің соңғы жеті жыл ішіндегі ахуалы 2008 жылы банкроттыққа кеткен Исландия мемлекетінен көп төмен болуына осы еуроның әсері аз болып отырған жоқ. Бұған дейінгі көп жылдар бойы екі елдің экономикасы да нашар болған емес. Олар еуроаймақта берілген тапсырмалардың бәрін бұлжытпай, табысты орындап келді. Соған қарамастан, бір орындарында тұрып қалғандай күй кеше берді. Сөйтсек, мәселенің бәрі шынында еурода екен. Колумнист Мэтт О`Брайеннің атап көрсетуінше, бұл идеяны Еуропа орталық банкінің басшысы Марио Драгидің арғы аптада айтқан сөздері нақтылай түседі. Ол жалпы еуропалық валютаның «әлі де болса жетілмегенін, енді алда да осылай осал болып кете берсе, бұдан да зор қиындықтар әкелетінін, оның артықшылығын жұрттың бәрі пайдалана алмайтынын» айтқан болатын. Шолушы бұдан әрі өзі мысалға келтірген екі елдің жағдайына қайта оралып, оларға не болып қалғанын анықтап беруге күш салады. Мәселен, Финляндияның экономикасын іс жүзінде Apple компаниясы «орып түсірген». Суоми елінің экспортқа шығарып отырған екі ірі өндірісі бар-тын. Оның біріншісі Nokia телефондары болса, екіншісі қағаз өндірісі еді. Бірақ, Финляндияның экс-премьері Александр Стуббаның айтуына қарағанда, бұлардың біріншісінің индустриясын – iPhone, ал екіншісін IPad жойып жіберген. Енді бұл тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар, ол – девальвация. Алайда, Еуроаймаққа байланып қалған Финляндияның өз бетінше бұлай жасауға еш құқы жоқ. Ол мұның орнына барша шығынның орнын жалақыны азайту есебінен ғана жаба алады. Ал мұның ұзақ уақытты алып қоятыны өзінше, ол сонымен қатар, қосымша экономикалық шығын да әкеледі. Осының нәтижесінде Финляндия өзінің тарихындағы ең ұзақ мерзімге созылған экономикалық құлдырау кезеңін бастан кешіп жатыр. Бұл жағынан келгенде, оның зияны бұл ел үшін өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында басталған депрессиядан да асып түсіп отыр. Бұған қарағанда, Нидерланд мемлекетінің проблемасы сәл басқашалау. Оның тауарлары шетелдерде бәсекелестікке айтарлықтай қабілетті екендерін танытып келеді. Сауда профициті жалпы өнімнен 10 пайыз асып түседі. Бірақ елдің ішіндегі шығындары көп проблема туғызуда. Нидерландта тұрғын үйдің орасан зор «көпіршігі» бар. Ол жылжымайтын мүлік иелері төлейтін пайыздық төлемдердің біраз бөлігін жұтып қояды. Осының салдарынан голланд отбасылары Еуропа елдерінің ешбірінде жоқ мөлшердегі қарызды өтеуге мәжбүр болып келеді. Нидерланд экономикасы соңғы 7 жылда ішкі жалпы өнімді 5,2 пайызға түсіріп алған Финляндия сияқты төмендеп кетпесе де (ішкі жалпы өнімнің -0,3 пайызы), салыстырмалы кезеңде Исландиядан 1,1 пайыздық өсімге қалып қойған. Осының бәрі Еуроаймаққа мүше болып отырған елдердің экономистері мен сарапшыларын ойландырып келеді. Дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».