22 Наурыз, 2015

Дастан Ықыбаев – «Гран-при» турнирінің күміс жүлдегері!

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
20140222_Dusseldorf _MOGUSHKOV, Musa (RUS) - YKYBAYEV, Dastan (KAZ)1АСТАНА. 22 наурыз. Тбилисиде өтіп жатқан дзюдодан «Гран-при» турнирінің екінші жарыс күнінде қазақ дзюдошысы Дастан Ықыбаев (73 кг) күміс жүлдені қоржынға салды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Қазақ палуаны финалға дейін төрт белдесу өткізді. Нақты айтар болсақ, Денис Ярцев (Ресей), Давид Никогосян (Армения) Гусейн Рагимли (Әзербайжан) және татами қожайыны Звиала Капанадземен күш сынасып, барлығында басым түсті. Соның ішінде үш белдесуде таза жеңіске (иппон) қол жеткізді. Финалда тағы бір Әзербайжан дзюдошысы Рустам Оруджовпен белдесті. Бұл сында Оруджовтың шеберлігі басым болды. Ваза-ари және юко әдістерін жасап, ұпай алған ол Дастанға лайықты қарсылық көрсетуге мүмкіндік бермеді. Бұл салмақта қола медаль Грузия дзюдошыларына бұйырғанын айта кетейік. Лаша Шавдатуашвили мен Нугзар Таталашвили үшінші орын үшін белдесуде қарсыластарынан айласын асырды. Ықыбаевтың бұл күміс медалі әзірге оның спорттық мансабындағы ең жоғары жетістігі. Бұған дейін ол 2013 жылы Алматыда өткен «Гран-при» турнирінде қола медаль олжалаған болатын. Сонымен қатар, бұл күні Ертуған Төренов (73 кг) пен Әзиз Қалқаманұлы (81 кг) да татамиге щықты. Алайда, олар топтық сыннан аса алмады. Ал әйелдер арасындағы бәсекеде Мархабат Қуатбекова (63 кг), Динара Қударова және Ділбәр Өмірәлиевалар (екеуі де 70 кг) өз белдесулерін өткізіп, алғашқы айналымдарда қарсыластарына есе жіберді. Бүгін Әсет Ахметжанов, Айбол Айтбек (екеуі де 90 кг), Виктор Демьяненко (100 кг), Ержан Шынкеев, Руслан Әбдіразақов (екеуі де +100 кг) жарыс жолына шығады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: judoinside.com.