Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысына келді. Үкімет басшысы мен оның жанындағы ресми адамдар өте тығыз кестедегі жұмыс барысында маңызды он нысанда болып, кеңейтілген төрт кеңес өткізді.Үкімет басшысының өңірлерге жасаған әрбір сапары жұмыс істеп тұрған, құрылысы жүргізіліп және қайта жарақтандырылып жатқан кәсіпорындардың жұмысына серпін қосып, басшылар мен мамандардың, ұжым мүшелерінің өз міндетіне жаңаша екпін беріп, жауапкершілікті еселей түсетіні белгілі. Үкіметтің күнделікті назар салуы мен қолдауының арқасында Ақмола облысындағы көкейкесті мәселелер оң шешімін табуда. Осы орайда, облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау және Степногор қалаларын сумен қамту, Щучье-Бурабай курортты аймағы мен Астанамен серіктес Қосшы кентінің инфрақұрылымын жақсарту, өнеркәсіп пен агрокешенді индустриялық-инновациялық бағытта дамыту, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартудың басқа да қадамдары игі қайтарымын бергенін баяндады.
Үстіміздегі жарты жылдықтың қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 118,5 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 7 пайызға артып, 23 миллиард теңгені құрады. Мал мен құс саны айтарлықтай көбейді. Әртараптандыру бағытын ұстанған диқандар қауымының жүзі жарқын. Сергей Александрович негізгі капиталға инвестиция жұмылдыру 21 пайызға өсіп, 35,2 миллиард теңгеге жеткенін алға қойған міндеттердің абыроймен орындалатынымен байланыстырды. Облыста тұрғын үй құрылысы 2009 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артып, жұмыссыздық 1 пайыздық деңгейге төмендепті. Салық және басқа міндетті түсімдердің болжамдық жоспары 11 пайызға ұлғайып отыр. Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 2010 жылы 74,8 миллиард теңгенің 9 жобасын жүзеге асыру жоспарланса, қазірдің өзінде маңызды 4 жоба толық аяқталған. Ал, жыл соңына дейін Ақкөл, Егіндікөл, Астрахан аудандарында 15 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңы, Көкшетау қаласы мен Ақкөл ауданында кірпіш зауыттары пайдалануға берілмек. Өңірлік өрлеу көптеген әлеуметтік мәселелердің тиімді шешілуіне мүмкіндік жасайды.
Әйткенмен, уақыт үдемелі дамуды талап етіп отыр. Премьер-Министр жұмысымен танысқан Степногор қаласындағы “Қазфосфат – химия зауыты” ЖШС биылғы жылдың наурызынан минералды тыңайтқыштар шығаруды тоқтатқан. Басты себеп шикізаттық күкірт қышқылының жоқтығында болып тұр. Кәрім Қажымқанұлы бұл мәселені шұғыл шешуге бағытталған тапсырмалар беріп, оны арнайы бақылауға алуды ескертті.
Осы қаладағы “Қазатомөнеркәсіп” ЖШС директоры Кеңес Амандосов “Күкірт қышқылы зауытын қайта құру” жобасымен таныстырды. Алдағы жылдың тамызында іске қосылатын кәсіпорынның жылдық қуаты 180 мың тонна күкірт қышқылын шығаруға лайықталған. Жобаның жалпы құны 10 400 миллион теңге болса, оның 2 200 миллион теңгесі – кәсіпорынның өз қаржысы. Қазір өнеркәсіп алаңында жобалау жұмыстары аяқталып, базалық инжиниринг жүргізілген, сондай-ақ, ескі жабдықтарды бөлшектеу толық атқарылыпты. Қазақстанда жасалған технологиялық жабдықтардың бір бөлігі (“Белкамит” БК” АҚ) өндіріс орнына жеткізілді. Зауытты белгіленген мерзімде іске қосу үшін 8200 миллион теңге көлеміндегі несие қаржысын тартуды жеделдету қажет. Бұл орайда “Қазақстанның Даму банкі” акционерлік қоғамымен келісім-шартты тиянақтау тапсырылды.
Степногор тау-химия комбинатына қарасты “Гидрометаллургиялық зауыты” ЖШС бас директоры Виктор Белорусов кәсіпорынның жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы хабарлама жасады. Мұнда былтыр 3299 тонна уран қоспасы мен 52 тонна молибден өндірілген. Биылғы бес айдың көрсеткіші де жоспардағыдан артық. “ИСО 9001-2008” сапа менеджментімен жұмыс істейтін зауытта “Звездное” кен орнының шығыс жағалауын зерттеу мен өңдеу” инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпорынның жұмыс барысымен танысқан Үкімет мүшелері пайдалы қазбалар өндіруде 0 пайыздық салық мөлшерін белгілеу, қаржыландыру мәселесін жақсарту, “Звездное” кенішін дамыту мәселелері бойынша ұсыныстарға назар аударды.
Степногор қаласын сумен қамтамасыз ету жүйелеріндегі өткен қыстағы апат пен орманды алқаптардағы өрт қауіпсіздігі мәселесі жұртшылықты қатты алаңдатуда. Осыған байланысты Үкімет басшысы “Степногор водоканал”, облыс орталығындағы “Көкшетау жылу” кәсіпорындарында және Бурабайдағы жаңадан салынған орталық өрт сөндіру депосында мәжіліс өткізді. Онда Ақмола облысының әкімі С.Дьяченконың, Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаевтың, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы С. Нокиннің, Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың, Туризм және спорт вице-министрі К.Өскенбаевтың, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Б. Камалиевтің, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергеновтің есептері тыңдалды. Арнайы жұмыс тобы аталған мәселелерді жан-жақты екшеп, тиісті шешім қабылданатыны мәлім болды. Сондай-ақ, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Бурабай ауданындағы “Есіл-Агро” ЖШС заманалық тауарлы-сүт фермасында, Көкшетаудағы “СТ Агросервис” ЖШС мен “КамАЗ-Инжиниринг” акционерлік қоғамында болып, облыстық “Қан орталығының” жаңа ғимаратының құрылысымен танысты.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыс әкімдігінде Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысы өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Онда Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев пен Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченконың еліміздің солтүстік өңірін сұйық газбен қамту бағдарламасын орындау мәселесіне қатысты хабарламалары тыңдалды.
Үкімет басшысы өзінің қорытынды сөзінде Ақмола облысындағы игі қадамдарға қолдау көрсету қажеттігін атап көрсетіп, тұрғындардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етудегі Елбасы тапсырмасының мінсіз орындалуын талап етті. Ал, солтүстік өңірді сұйық отынмен қамтамасыз етуге байланысты мәселе екі аптадан кейін Үкімет отырысында арнайы қаралатын болды.
Бақберген АМАЛБЕК,Ақмола облысы. Суретті түсірген Шүкір ШАХАЙ.