Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекеттік хатшыға облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
Үш миллионға тарта халқы бар Оңтүстікте денсаулық сақтау және білім беру нысандарына қажеттілік аса сезілетін. Соңғы жылдары мемлекеттің және облыс әкімдігінің күш салуымен бұл қиын түйіндер шешіле бастаған. Шымкент қаласындағы жаңадан салынған 270 орындық №1 қалалық балалар ауруханасының салтанатты ашылуына Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіқалықова қатысты. Ауруханада 15 жасқа дейінгі 10 мыңнан астам бала стационарлық ем ала алады. Медицина қызметкерлерінің жұмысына табыс тілеген Мемлекеттік хатшы «Наурыз» алаңында салынған «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығында облыстағы этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесу өткізді.
Жүздесу барысында «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» республикалық эстафетасының шеңберінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі А.Қалыбекованың «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» және «Қазақ халық педагогикасының теориялық негіздері» кітаптарын орталықтың депозитарийіне тапсыру рәсімі өтті.
Гүлшара Әбдіқалықова Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында облыстың этномәдени бірлестіктері өкілдерімен өткізген кездесуінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізудің қоғамдық-саяси мәні жоғары екенін айтты. Мемлекеттік хатшы барлық іс-шаралар «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты басты идеяны, бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен халықтың бірлігін нығайтуға бағытталуға тиіс деп атап көрсетті.
«Елдігімізді бекітіп, халық рухын асқақтататын мерейлі оқиғаларға толы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының Қазақстан халқы үшін, оның ішінде елдегі бірлікті бекемдеуге еңбек сіңіріп жүрген сіздер үшін мәні мен маңызы ерекше деп білемін. Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамытудың бірегей тетігі – Тәуелсіздікке, дамуға тірек болған Ел бірлігінің ең басты тұтқасы. Сондықтан да, Ассамблея жылы ел тарихында нақты нәтижелі істермен, толымды жетістіктермен өрнектелген белесті кезең болып қалуы тиіс. Бүгінгі жиында Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын түрлі этностар өкілдері ретінде өздеріңізбен кездесе отырып, халықтың бірлігін одан әрі арттыру бағытында бірлесіп атқаратын жұмыстарымызды саралап алсақ деген ойымыз бар», деп сөзін сабақтаған Гүлшара Наушақызы 100-ге жуық этностардың басын біріктіріп, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымаққа ұйыған Оңтүстіктің қазақ үшін құт мекен, алтын бесік екендігін айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясының символы – «Тайқазанның» киелі Түркістаннан Астанаға аттандырылуының ел бірлігі үшін жақсы жоралғы екендігін жеткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының түп қазығы жалпыхалықтық «Мәңгілік Ел» идеясы екендігін айтқан Мемлекеттік хатшы Елбасының Ассамблея арқылы бірлікті нығайту тапсырмаларының Оңтүстікте жақсы орындалып жатқандығын атап өтті. Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы Оңтүстік Қазақстан облыстық Ассамблеясының іске асыруға тиіс жеті бағытын нақтылап берді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекеттік хатшының сөйлеген сөзін әрі қарай дамытты. Жүздеген ұлттар мен ұлыстардың басын біріктірген Ассамблеяның жұмыс тәсіліне Германия, Қытай сияқты іргелі елдердің қызығушылық танытқанын айтқан Ералы Лұқпанұлы Ассамблеяның Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай бірлікте болу қажеттігін нақтылады.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов 2014 жылғы жұмыстың негізгі қорытындылары мен Оңтүстік Қазақстан облысы ассамблеясының жұмыс жоспарлары мен өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу жөнінде баяндады.
«Ырыс алды – ынтымақ» форумының хатшысы, белгілі жазушы Мархабат Байғұт облыс әкімінің ұйытқы болуымен Түркістанда зиялы қауым басқосуының «Ырыс алды – ынтымақ» форумына ұласқанын аймақ өмірімен байланыстыра айтып берді.
Жиында чешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Хасан Бациев қиын кезеңде өз жұртынан еріксіз көшірілген жұрттың қазақтың кең қолтығынан пана тапқанын, Қазақстан – осындағы барлық ұлттар мен ұлыстардың туған Отанына айналғанын, қандай күнде де Елбасының қасында топтасатындықтарын, халық қалауы – бірлік пен ынтымақ екендігін жеткізді. Ал өзбек этномәдени орталығы жанындағы жастар қанатының жетекшісі Ықсыбай Мамедов Қазақстандағы барша этнос өкілдерінің мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу қажеттігіне тоқталды. «Бәсекеге қабілеттіліктің бір сипаты – тіл. Қазақ тілінде сөйлейтіндігімнен қай жерде де орным бар, жұмысым бар. Біз жастар Елбасымыздың ерекше қамқорлығын сезінеміз. Біз Елбасымен, елімізбен қуаттымыз», – деді.
Бұдан кейін, Мемлекеттік хатшы жұмыс сапары аясында бірқатар нысандарды аралап көрді. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрын қайта құрылымдау жобасымен танысты. Сондай-ақ, кезінде апатты жағдайда деп танылып, қайта бой көтерген А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында болды. №6 колледждегі дуалды білім беру барысымен танысып, бейнелеу өнері мұражайының ашылуына қатысты.
Сапар қорытындысында Г.Әбдіқалықова Оңтүстік Қазақстан облысының әйелдер қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында отбасы-демографиялық саясатты дамыту мәселелері, «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жаңа Экономикалық Саясатты жүргізуге әйелдердің белсене араласуы, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру мәселелері талқыланды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.