21 Ақпан, 2015

Халық таңдауы адастырмайды

339 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Parat 22 Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі үстіміздегі жылдың 14 ақпанында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында елімізде биыл президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтерген болатын. Қазіргі кезде халықаралық сарапшылар, қазақстандық қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен кәсіпорын басшылары, еліміздің түкпір-түкпірінен жұмысшылар мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері ҚХА Кеңесінің бастамасын қолдап, өздерінің көпшілікпен ынтымақтастықтарын білдіріп жатыр. Мұхтар Алтынбаев, Парламент Сенатының депутаты: – Бұл сайлау жай ғана сайлау емес. Бұл сайлауда елдің тағдыры, ұлттың болашағы шешіледі. Сайлауды өткізуді көпұлтты Қазақстан халқы бірауыздан қолдап жатыр. Қазақстан Парламенті де бұл мәселені орынды, оңтайлы көтерілген ұтымды ұсыныс, парасатты пікір деп санайды. Алекс Ватанка, Таяу Шығыс институтының аға ғылыми қызметкері (Вашингтон, АҚШ): – Қазақстанның айналасын алып қа­раңыз. Ресейде, Украинада, бергі Таяу Шы­ғыста не болып жатқанын кө­ріп отыр­­мыз. Бұған қоса, әлемде мұ­най бағасы құлдырап, мемлекеттердің қазына­сына айтар­лықтай залалын тигізуде. Бұл орайда Қазақ­стан эко­номикасы 24 жыл бойы тек табысты өсімге қол жеткізіп келеді. Және саяси тұрақтылық сақталған. Демек, мұн­дай қысыл­таяң кезеңде ел халқының сайлау өткізу туралы дереу шешім қабылдап, бастама көтере білуін өте орынды деп санаймын. Елеусін Сағындықов, Парламент Сенатының депутаты: – Президенттік сайлау өткізу туралы мәселе – экономикалық және геосаяси ауыртпалықтарға қарсы ауқымы кең қорғаныс шарасы. Бұл бастама өрлеу, өркендеу жолы. Халық мүддесін көздеген осы қадамнан басқа балама жоқ. Президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастаманы толық қолдаймын. Марко АРЦИЛЛИ, Сан-Марино Республикасының өнеркәсіп және сауда бойынша мем­лекеттік хатшысы: – Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді институттың пікіріне құлақ түрген аса маңызды. Ел президентін сайлау қай мемлекет үшін де үлкен маңызға ие. Қазақстанда да дәл солай. Сайлаудың нақ осы жылы өтуі тиістігінің артықшылығы айтпаса да түсінікті. Қазіргі ел халқының қолдауына қарап, шешімнің оң болатынын сеніммен айтуға болады. Екіншіден, ҚХА өз бастамасын дер кезінде көтеріп отырғанына да еш күмән жоқ. Бектас Бекназаров, Парламент Сенатының депутаты: – Президенттік сайлауды, биылға жоспарланса ұтымды болатын қоғамдық мәні зор осы шараны елдік пен бірліктің мерекесі етуге біз де бірауыздан үн қосамыз деп сенемін. Мәңгілік Ел боламыз деген біз де осы үндеуді қолдап, ел игілігіне өз үлесімізді қосайық. Вальтер Швиммер, Австриядан сайланған Еуропа Ке­ңесінің Бас хатшысы (1999-2004 ж.ж.): – Ең алдымен, әрине, Қазақстан хал­қы мен оның мүдделері ескерілуі керек. Оның демократиялық құқықтарының қор­ғалуы аса маңызды. Ал егер Конс­ти­ту­­ция пре­зиденттік сайлауды мерзімінен ер­те өт­кізуге рұқсат беретін болса, бас­қа еш­­қан­дай кедергі жоқ. Бастысы – үміт­кер­­лердің сайлауға дайындалуына уақыт жеткілікті болуы керек. Серік Ақылбай, Парламент Сенатының депутаты: – Заңдық тұрғыдан қарағанда, бұл үдерісті Конституцияға сәйкес жасау керек. Себебі, бір жылда президенттік және парламенттік сайлаулар қатар өтуі мүмкін емес. Конституцияға сәйкес осылай. Сондықтан да, Ассамблеяның ұсынысын біз бір­ауыздан қолдадық. Рамиль Гасанов, Түркі кеңесінің Бас хатшысы (Түркия): – Біз Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын жоғары баға­лаймыз. Қазақ халқы даналығымен, ба­тылдығымен ерекшеленеді. Осы уа­қытқа дейін әрдайым дұрыс жолды таң­дап келді, енді елдің болашағы үшін оң шешім қабылданады деп ойлаймын. Александр Рар, саясаттанушы (Берлин, Германия): – Соңғы он жылда Қазақстан күрде­лі сынақтардан сүрінбей өтті. Прези­дент­тік сайлау биыл өтетін болса, келесі жылы парламенттік сайлау өткізіп, Қазақстанның атқарушы билігі бекемделе түседі. Камал Ормантаев, ҰҒА академигі, медицина ғылым­дарының докторы, профессор: – Президенттік сайлауды өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ұсынысын қолдаймын. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз. Сондықтан, ел экономикасына қиындықтар төндірмес үшін сайлауды мейлінше ертерек өткіз­геніміз абзал. Бұған қоса қайталап айтарым, Ассамблеяның ұсынысын өте дұрыс деп есептеймін. Асхат Күзеков, Парламент Сенатының депутаты: – Кеше ғана мен елге барып кел­дім. Елдегі кәсіпкерлер болсын, жай қауым немесе зейнеткерлер болсын, қай жағынан алып қарасаң да бәрі прези­денттік сайлау өткізуге бірауыздан өздерінің мақұлдауын, ойларын, пікір­лерін білдіріп отыр. Раушан Сәрсембаева, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті: – Біз отбасының ұйытқысымыз, тыныштық пен үйдің берекесіне жауаптымыз. Әйел бір қолымен бесік, екінші қолымен әлем тербетеді демекші, нәзік жандылар елдің тұрақтылығы мен тыныштығы өте маңызды екенін жақсы сезінеді. Мемлекетте қабылданған барлық бағдарламалар тиісті деңгейде орындалуы қажет. Өйткені, олар біздің ұрпағымыздың кемел келешегі үшін жүзеге асатыны сөзсіз. Сондықтан сайлау халықтың жұдырық болып жұмылуына сеп болады. Санат Көшкімбаев, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары: – Президенттік сайлау өткізу – заңды құбылыс. Сондықтан, Қазақстандағы басты саяси науқанды кейінге шегеруге еш негіз жоқ. Себебі, кәсіпкерлер мен ірі бизнес инвесторлар үшін саяси тұрақтылық аса маңызды. Яғни, олар өз қаржысын дамушы елдерге салғанды тиімді көреді. Дәл осы әлемдегі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде, экономикалық дағдарыстың белең алған тұсында бизнес қауымдастыққа, инвесторларға еліміздегі ахуалдың орнықты екенін ұғындыру қажет. Рахман Алшанов, Қазақстан Республикасы ЖОО қауымдастығының төрағасы: – Бүгінгі таңда бейбітшілік пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті нығайтуда қоғам мен мемлекеттің, еліміздің барша азаматтарының күш-жігерін жұмылдырудың маңызы зор. Осыған байланысты ҚХА ұсынысын қолдай отыра, Қазақстан Республикасы ЖОО қауымдастығы президенттік сайлау өткізу бастамасын халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санайды. Игорь Спиридонов, «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі (Орал): – 2016 жыл әлем елдері үшін эконо­микалық тұрғыдан қиын болғалы тұр. Сондықтан, президенттік сайлауды биыл өткізіп, елдің өркендеуіне ден қою қажет. Шын мәнінде қарайтын болсақ, қазір геосаяси ахуал және экономикалық жағдай оңай деп айтуға болмайды. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың бір толыққанды мүшесі ретінде осындай мәселелерді алдағы уақытта шешуге мәжбүр болады. Егер сайлау биыл өткен жағдайда дағдарысқа қарсы бағдарламаларды жүзеге асыруға, экономикада қалыптасқан басқа да мәселелерді шешуге бізде біраз уақыт қалады, біз осы мәселелерді алаңдамай жүзеге асыра алатын боламыз. Самат Байгереев, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ оқытушысы (Өскемен): – «Нұрлы Жол» бағдарламасында ма­­­шина жасау саласына үлкен көңіл бө­лін­ген. Сондықтан зерттеу жұмыс­­­­та­ры­мыз­ды жетілдіру үшін саяси жағда­йы­мыз өте жақсы болу керек. Осы себепті пре­зи­­дент­тік сайлауды биыл өткізген дұрыс деп есептеймін. Өйткені, бір жыл­да екі сай­лауды қатарынан өткізу ел заңнамасына қайшы келетін көрінеді. Заитжан Юлдашев, «Жамбыл облыстық азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі (Тараз): – Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын толықтай қолдаймыз. Бүгінде әлемде болып жатқан қиын кезеңде бізге тұрақтылық керек. Оған кепіл болатындай қадам жасауымыз керек. Бұл – уақыт талабы. Жалпы алғанда, президенттік сайлауды биыл өткізу – әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа төтеп берудің бірден-бір жолы деп есептеймін. Динара Қамидолданова, тарих пәнінің мұғалімі (Талды­қорған): – Экономикалық бағыт – «Нұрлы Жол» жүзеге асырылуда. Оның аясында, әсіресе, білім беру саласында біршама жобалар жүзеге асырылуда. Мектептер, жаңадан балабақшалар салынуда. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ал осы жобалардың жүзеге асырылуы 2016 жылға түсіп отыр. Сол себептен, біз президенттік сайлаудың ертерек өтуіне қолдау көрсетеміз. Жомарт Омаров, шаруа қожалығының басшысы (Солтүстік Қазақстан облысы): – Осы тұрақтылықтың арқасында, ауыл шаруашылығына деген дұрыс саясаттың арқасында жағдайымызды дұрыстап алдық. Материалдық-техни­­­ка­лық жағдайымызды түзедік. Біз, Қазақстан халқы бірлігімізді, ой-мақ­сатымызды алға бас­тап жүретін Көш­бас­шымызды сайлап алғанымыз дұрыс деп есептейміз. Ермек Мақашев, «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауым­дастығының атқарушы директоры: – Әлемдегі жағдай және жаһандық сын-қатерлер көптеген елдерде тұрлау­сыздық пен алаңдаушылық туғызуда. Сондықтан сайлауды биылғы жылы өткізу Отанымыздың гүлденуі жолын­дағы мемлекеттік бағыттың кідіріссіз жүзеге аса беруіне септігін тигізбек. Матиас ДОРНФЕЛЬДТ, Потсдам университетінің саясаттану докторы (Германия): – Мен Қазақстан халқы Ассам­блеясының Мәжілісінде көтерілген бас­тама дер кезінде жарияланып отыр деп есептеймін. Аса маңыздысы – мұндай тілекті Қазақстан халқының өзі білдіруінде. Мен 2015 жылы өтетін пре­зиденттік сайлау, бүкіл әлемдегі қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанға өзі қай ­кезде де ұстанып келе жатқан тұрақтылық бағытын сақтап қалуға көмектеседі деп санаймын. Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик. – Бүгінгі дүние мазасыз... Қазіргі кезде бір-бірімен соғыс жүргізіп немесе жанжалдасып жатпаған мемлекеттерді табудың өзі қиын. Әлем бүгінде өзінің тұрақсыздығымен ерекшеленеді. Сондықтан бізге президенттік сайлау­ды биыл өткізіп алу тиімді болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі бастамашы болған бұл маңызды науқан жүзеге асқан жағдайда, бүкіл ел халқы, тұтастай мемлекетіміз пайдасын көретіні еш күмән туғызбайды. Нәдір НӘДІРОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының бірінші вице-президенті: – Күні кеше Ұлттық инженерлік академиясының кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Онда біз Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуін талқылап, Отанымыздың ғылыми қоғамдастығына осы бастаманың тарихи және мезгілінде жасалған бастама екенін айтып, қосымша үндеу жарияладық. Бұған себеп, бүгінгі дүние саяси және экономикалық қиындықтар алдында тұр. Бұл – бір. Екіншіден, қазіргідей жағдайда сайлау өткізіліп жатса, одан тек ұтатын боламыз. Ғани ҚАЛИЕВ, Қазақстанның «Ауыл» социал-де­мо­кратиялық партиясының төрағасы: – Бүгінгі халықаралық жағдай аласұрып тұр. Қаржы-экономикалық дағдарыс та тереңдей түсуде. Оның бүгінгі бет алысына қарап, жуыр маңда жуаси қоймайтынын бағамдағандайсың. Мұндай күрделі кезеңге, әрине, барлық мемлекеттер қарсы тұрулары тиіс. Біздің Қазақстан сияқты ел – қатардағы елдердің бірі емес. Біз – ерекше елміз. Сондықтан үстіміздегі жылы мерзімінен бұрын сайлау өткізу дұрыс шешім болатыны анық. Нина ҚАЮПОВА, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: – Бұл бастамаға жалпымемлекеттік жоғары маңызы тұрғысынан келе отырып, «Республикалық әйелдер кеңесінің» мүшелері оны толықтай қолдайтынын атап көрсетемін. Біз елдің кез келген қиындықтар мен сынақтарға дайын екенін және қарсы тұра алатынын нақты білеміз. Біз ел өміріне бейжай қарамайтын барлық азаматтарды, Отан патриоттарын осы қиын сағатта жұдырықтай жұмылып, Қазақстанның болашақ дамуы үшін күш біріктіруге шақырамын. Бақытжан ЕРТАЕВ, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: – Сайлау – демократиялық қоғамның аса маңызды көріністерінің бірі. Және әр азаматтың осы үдеріске қатысуы ел болашағы қандай болатынын шешетінін де ұмытпаған жөн. Осындай қадамға бару арқылы біз Мемлекет басшысы қолға алған барлық бастамалардың қалай жүзеге асатынына айтарлықтай көлемде ықпал етеміз. Сонымен қатар, экономиканың, әлеуметтік саланың, нақтылай айтсақ, еңбекақының, зейнетақы мен стипендиялардың дер кезінде берілу мәселесін шешуге де үлес қосамыз.