21 Ақпан, 2015

Тіл – татулық тірегі

582 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шынтуайтында, тілден асқан байлық жоқ. Тіл – қатынас құралы. «Өз тілімді жақсы көру арқылы, достасамын басқа барлық халықпен», демеуші ме еді?! Кеше Астана қаласындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық байқаудың қорытынды кезеңі өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында ұйымдастырған бұл байқаудың басты мақсаты – Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру. Шараға «Ұлт тағдыры» респуб­ликалық қозғалысының төрағасы Д.Көшім, Қазақстан халқы Ассам­блеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Н.Ыдырысқызы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары А.Фазылжанова, «Сиқырлы қалам» идеясының авторы В.Ким, сондай-ақ, әр облыстан келген этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен мүшелері, т.б. қатысты. Басқосуда тілге қатысты түрлі мәселелер көтеріліп, ашық пікір­лер айтылды. Мәселен, Алматы облысында күрд ұлтының 87,6 пайызы, Жамбыл облысында дүнгендердің – 23, ал Оңтүстік Қазақстан облысында тәжіктердің 99 пайызы қазақшаға ағып тұр екен. Бұл да болса көңіл демдер­лік көрсеткіш. Әсіресе, Дос Кө­шім Елбасымыздың «Тіл – бірік­тіруші фактор» деген сөзін айта келіп, «Қазақ тілін ұлттың ғана тілі емес, мемлекеттің тілі деп қабылдауымыз керек. Қазақ тілін дамыту үшін қажеттілік тууы тиіс. Ол үшін насихат керек. Біз бір шаңырақтың астындамыз, бір кеменің ішіндеміз. Қарап отырсам, араларыңызда «нәзік жандылар» көп екен. Бұл жақсы, әрине, алдағы уақытта қазақ тілін үйренушілердің саны бұдан да артпақ деген сөз ғой», деп өзге ұлт өкілдерін бір күлдіріп алды. Бұдан соң үміткерлер Пар­ламент Мәжілісінің депу­тат­­тары У.Бишімбаев, Б.Сма­ғұ­лов, М.Ахмадиев, З.Саяпова, Ә.Би­мендина сынды халық қалау­­лы­ларымен кездесті. Бағдар­лама барысында қатысушылар «Мем­лекеттік тілді білу – бұл...» тақыры­бында эссе, өз өңірін таныстыру және «Ой жарыс» байқауы бойынша сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, келген қонақтарға Аста­наның ажарлы жерлерін аралатып, экскурсия жасату да ұмыт қалмады. Иә, жер мен көктің арасын қосып, біріктіріп, біртұтас ететін де – тіл! Тіземнен сүріндірсе де, тілімнен сүріндірмесін, дейтін дана халқымыз өзгелерге тілдің татулық, пен достық құралы екен­дігін әрдайым ұғындырып келеді. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист. АСТАНА.