Шынтуайтында, тілден асқан байлық жоқ.
Тіл – қатынас құралы.
«Өз тілімді жақсы көру арқылы, достасамын басқа барлық халықпен», демеуші ме еді?!
Кеше Астана қаласындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық байқаудың қорытынды кезеңі өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында ұйымдастырған бұл байқаудың басты мақсаты – Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру.
Шараға «Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысының төрағасы Д.Көшім, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Н.Ыдырысқызы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары А.Фазылжанова, «Сиқырлы қалам» идеясының авторы В.Ким, сондай-ақ, әр облыстан келген этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен мүшелері, т.б. қатысты.
Басқосуда тілге қатысты түрлі мәселелер көтеріліп, ашық пікірлер айтылды. Мәселен, Алматы облысында күрд ұлтының 87,6 пайызы, Жамбыл облысында дүнгендердің – 23, ал Оңтүстік Қазақстан облысында тәжіктердің 99 пайызы қазақшаға ағып тұр екен. Бұл да болса көңіл демдерлік көрсеткіш. Әсіресе, Дос Көшім Елбасымыздың «Тіл – біріктіруші фактор» деген сөзін айта келіп, «Қазақ тілін ұлттың ғана тілі емес, мемлекеттің тілі деп қабылдауымыз керек. Қазақ тілін дамыту үшін қажеттілік тууы тиіс. Ол үшін насихат керек. Біз бір шаңырақтың астындамыз, бір кеменің ішіндеміз. Қарап отырсам, араларыңызда «нәзік жандылар» көп екен. Бұл жақсы, әрине, алдағы уақытта қазақ тілін үйренушілердің саны бұдан да артпақ деген сөз ғой», деп өзге ұлт өкілдерін бір күлдіріп алды.
Бұдан соң үміткерлер Парламент Мәжілісінің депутаттары У.Бишімбаев, Б.Смағұлов, М.Ахмадиев, З.Саяпова, Ә.Бимендина сынды халық қалаулыларымен кездесті. Бағдарлама барысында қатысушылар «Мемлекеттік тілді білу – бұл...» тақырыбында эссе, өз өңірін таныстыру және «Ой жарыс» байқауы бойынша сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, келген қонақтарға Астананың ажарлы жерлерін аралатып, экскурсия жасату да ұмыт қалмады.
Иә, жер мен көктің арасын қосып, біріктіріп, біртұтас ететін де – тіл! Тіземнен сүріндірсе де, тілімнен сүріндірмесін, дейтін дана халқымыз өзгелерге тілдің татулық, пен достық құралы екендігін әрдайым ұғындырып келеді.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.
АСТАНА.