Өңір жұртшылығы алдындағы тұңғыш есебін «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатынан бастаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов Елбасының халыққа арнаған Жолдауы ел экономикасының өсімін, инвестициялық белсенділікті қолдауды, тұрғындар кірістерінің кемітілуін болдырмауды, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдың мүлтіксіз жоспарын қалыптастыратынын атап көрсетті.
Өткен жылы жалпы өңірлік өнім мөлшері 778 миллиард теңгені құрап, 3 пайызға өсуі, өнеркәсіп өндірісі жөнінен республикада 6-шы орынға ие болуы, әрине, үлкен жетістік. Инвестиция тартуға айрықша назар аударылғанын да атап өткен ләзім. Петропавл қаласында өткізілген «Kyzylzhar Invest-2014» халықаралық инвестициялық форумы 800-ден астам, оның ішінде 300 шетелдік қатыcушыны тоғыстырып, 70 миллиард теңгенің 50 келісімшарттарына қол қойылған. Нәтижесінде, капиталға құйылған инвестиция 8,7 пайызға өскен.
Одан әрі баяндамашы егістік алқаптарын әртараптандыру бағытында көп жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті. Дәнді-бұршақты дақылдар 8 пайызға азайтылып, майлы дақылдар – 36, жемазықтық дақылдар 38 пайызға ұлғайтылған. Мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржы жеңілдіктері де тиімділікпен пайдаланылып келеді. Машина-трактор паркі 17,6 миллиард теңгенің 1220 заманауи техника бірліктерімен толықтырылған. Жасыратыны жоқ, астық сақтау қоймаларының жетімсіздігінен диқандар қауымы көп қиындық көретін. Соңғы жылдары бұл салада ірі жобалар іске асырылған. Жалпы құны 12 миллиард теңге болатын 7 элеватордың пайдалануға берілуі қосымша 279 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік берген.
Е.Сұлтанов кеңінен тоқталған саланың бірі – мал шаруашылығы. «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын жүзеге асыру шеңберінде алыс-жақын шетелдерден лимузин, ангус, герефорд, симменталь, қазақтың ақбас сиыры сияқты ірі қара мал тұқымдары әкелініп, 1,7 мың басқа арналған 10 асыл тұқымды репродуктор шаруашылық, 2 800 басқа шақталған 5 бордақылау алаңы салынған. 1 мың тоннаға жуық ет экспортқа шығарылған. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс», тағы басқа мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысып, шаруашылығын дөңгелетіп отырған ауылдықтар қатары қалыңдай түскен. Осылайша, агроқұрылымдардағы асыл тұқымды ірі қараның үлесі 53 пайызға жетсе, мал басы 16,6 пайыздан 49,4 пайызға дейін көбейген.
Ұқсату саласы да маңызды басымдыққа ие. 2013 жылмен салыстырғанда өсімдік майын өндіру – 6,8, сүт пен кілегей – 15, сары май – 11, құрғақ сүт 5 пайызға ұлғайтылған. Қалдықсыз өңделетін өнімдерге 623 миллион теңге бөлініп, кәсіпорындарға айтарлықтай қолдау жасалған.
Ерік Хамзаұлы алда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлкен басымдық берілетінін бөле-жара айтты. Салалық бағдарламаларды одан әрі жалғастыру үшін жәрдемқаржы ретінде 16,8 миллиард теңге қарастырылған. 20 мыңдай ірі қара малын сатып алу, 2,9 мың басқа шақталған асыл тұқымды репродуктор шаруашылықтар, 4,4 мың бас малға арналған бордақылау алаңдарын тұрғызу, ет экспортын ұлғайту, тоқтап қалған ұқсату кәсіпорындарын қайтадан қалпына келтіру секілді келелі міндеттер тұр.
Облыста өнеркәсіп өнімдерін шығару қарқынды өркендеп келеді. Бұл мәселелермен 800-ден астам кәсіпорын айналысады, оларда 20 мың адам жұмыс істейді. Өткен жылы бұл саланың ЖӨӨ-дегі үлесі 11 пайызға өсті. Кен өндіру ісіне зор маңыз беріліп отыр. Индустрияландыру картасының бірінші бесжылдығында 31,3 миллиард теңгенің 32 жобасы жүзеге асып, бір мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Екінші бесжылдықтың Индустрияландыру картасына 100 миллиард теңгені құрайтын 70-ке жуық жоба енген. Жыл аяғына дейін 13 жоба іске қосылып, 520 адам еңбекке жұмылдырылатын болады.
Е.Сұлтанов Президент ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты тетігі деп баға берген шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне де талдау жасады. Бұл салаға қолдау айрықша екенін мынадан да аңғаруға болады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушылардың саны екі есе көбейіп, барлық аудандар қамтылған. Қаржыландыру 1,8 есеге молайып, бөлінген несие мөлшері 4,4 миллиард теңгеге жеткен. Жаңа өндірістерді ұйымдастыру және бұрын жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту есебінен 6 351 жұмыс орны құрылған. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жобаларын іске қосудың арқасында 28 кәсіпорын арзандатылған несие алған.
Әкімнің баяндамасында әлеуметтік салаларға қатысты өзекті мәселелер де жан-жақты сөз етілді. Пәтер кезегінде тұрушылардың сұранысын өтеудегі «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының маңызы атап көрсетілді. Бұрындары облыста жылына 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп жүрсе, енді аталмыш бағдарлама іске қосылғалы оның көлемі 124 мың шаршы метрге ұлғайған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісін пайдаланушылар қатары өсіп келеді. Жекеменшік инвестиция есебінен 524 үй бой көтерді. Петропавл қаласында ғана 10 мыңдай адамның пәтер кезегінде тұруы ойландырмай қоймайды. Таза ауыз су – осы заманғы тұрмыс сапасының басты өлшемдерінің бірі. Бұл бағытта 5,9 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылып, 354 шақырым су құбырлары қайта жаңартылған. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 37 жоба жүзеге асырылған. 2,8 мың тұрғыны бар 8 елді мекенге су жеткізіліп, жабдықтау ісі жақсартылған. Атқарылған шаралардың нәтижесінде ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 54,1 пайызға жеткен.
Десек те, 689 елді мекеннің 292-і әлі орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмеген. Сол себепті, бірінші кезекте сумен жабдықтауды қажет ететін 24 ауылға сапалы ауызсу тарту мәселесі өткір тұр. Осылайша, жыл аяғына дейін ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтауды 56,3 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл – ауылдықтардың 77,4 пайызы қамтылады деген сөз.
Көлік инфрақұрылымын дамыту облыс экономикасындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді, деді баяндамашы. Қазіргі уақытта жергілікті мақсаттағы автомобиль жолдарының желісі 7 530 шақырымды құрап, ұзындығы жөнінен республика өңірлері арасында 3-ші орынды иеленеді. Өткен жылдан бері жолдарды жөндеуге тұрақтандыру және тұтқыр материалдарды пайдалану арқылы бұрынғы жамылғыларды қалпына келтіру әдісі қолданыла бастады. Бұл тәжірибені қолдану шығынды 3 есеге дейін азайтуға, сапаны жақсартуға мүмкіндік береді. Жолдарды қайта жаңартуға, жөндеуге және ұстауға 6 миллиард теңге жұмсалды.
Облыста тұрғындардың аз қорғалған топтарын жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғаудың барлық шаралары қарастырылып келеді. 2014 жылы 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. 12 801 жаңа жұмыс орындары құрылған. Биыл тұрғындардың әлжуаз топтары санатындағы 6 675 адамды жұмыспен қамтуға көмек көрсетілетін болады. Білім беру саласына 37,4 миллиард теңге жұмсалғанымен, мектепке дейінгі мекемелер жүйесі 568 бірлікті құрағанымен, мектепке дейінгі 1 118 орын ашылғанымен, мектепке дейінгі балаларды тәрбиемен және оқытумен қамту 93,1 пайызды құрағанымен, апатты және үшауысымды мектептер шешімінің кешеуілдеуі ата-аналар мен оқушыларды қатты толғандырып отыр.
Денсаулық саласында қордаланған проблемалардың бірі–кадрлар жетіспеушілігі. Медицина ұйымдары әлі жоғары білімді 181 маманға зәру. 75 жас кадр, соның ішінде 43-і ауылдық жерлерге келгенімен, қажеттілік өтелер емес. Жалпы алғанда, медицинада бірқатар көрсеткіштердің оң көріністері байқалады. Тұрғындардың жалпы өлім-жітімі 1000 адамға шаққанда – 9, туберкулез – 5,5, онкологиялық аурулар – 1,9 пайызға төмендеген. Ана өлімі тіркелмеген.
Баяндамашы ішкі істер органдары жұмысын оң сипаттағанымен, бұрын сотталған адамдармен алдын алу жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмейтінін, өткен жылы осы санаттағы тұлғалар 8,5 пайыз көп қылмыс жасағанын, қастандық жасап зорлау, бұзақылық, пәтер ұрлығы оқиғаларының айтарлықтай өскенін сынға алды.
Залдан жолға, ауыз суға, тұрғын үйге қатысты сауалдар көбірек түсіп, қанағаттанарлық жауаптар алынды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.