Сурет: azattyq-ruhy.kz
Іс-шара Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің ректоры Болат Тілептің құттықтау сөзімен басталды.
Немат Келімбетов жайында пікір білдірген белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов ғалымның тағдыры мен еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ғалым тек шығармашылық иесі емес, тағдырдың талай ауыр сынын жеңіп шыққан қайсар рухтың иесі. «Н.Келімбетов өзінің өмірінде көптеген іс атқарды. Ғылыми-педагогикалық, аудармашылық еңбегімен елге танылды. Оның ғылыми зерттеулері кеңінен жарияланып, пікірталас туғызды. Кейбіреулер өміріндегі қиыншылықтарға, жасалған сәтсіз әрекеттерге қатысты сын айтса да, оның жасаған еңбегі айқын. Ол отбасын асырап, балаларын тәрбиелей отырып та үлкен қажыр-қайратпен қоғамдық және ғылыми қызметтер атқарды. Сол себептен оған ризашылық білдіру – орынды іс. Бастапқыда ғалым аудармашылықпен шұғылданып, күрделі мәтіндерді қазақ тіліне аударуға елеулі үлес қосты. Аудармашылықтан кейінгі кезеңде ол көркем прозаға да көңіл бөліп, бағалы шығармалар жазды. Сондай-ақ ол жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын дайындап, шәкірттерінің ғылыми қалыптасуына да үлкен үлес қосты. Оның ғылыми-педагогикалық еңбектері қазақ әдебиеттануының ауқымынан шығып, түркі әлемінің мәдени-құндылықтық кеңістігіне қосқан үлесі арқылы маңызды тарихи мәнге ие болды. Ғалымның еңбектері түркі халықтарының ортақ түптамырлық байланыстарын нақтырақ сезінуге, ортақ рухани мұратты терең түсінуге ықпал етеді», деді ол.
Немат Келімбетовтің шәкірті, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы тұлғаның Ташкенттен басталып, Алматыда жалғасқан білім-ғылым жолын ерекше атап өтті. Академиктің айтуынша, Немат Келімбетов – бірнеше буын ғалымның қалыптасуына ықпал еткен қайраткер. «Бұл кісінің шығармашылық және ғылыми тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен орта туралы айтқанда, бәрінен бұрын Ташкент кезеңін ерекше атау керек. Ташкент сол дәуірде бүкіл Түркістан аймағының ғылыми, мәдени орталығы болды. Бұл қалада Мағжан, Міржақып, Халел секілді тұлғалардың рухани ізі қалғаны белгілі. Сол кеңістіктің ықпалы оның да дүниетанымына әсер етті. Ғалымның ерте кезеңдегі еңбектерінің бірі – дін, арғы дүниетаным және күрделі философиялық мәселелерге арналған қолжазбаларды зерттеу болды. Ол сол тұстағы ең қиын, көп айтыла бермейтін тақырыптарды ғылыми айналымға енгізуге күш салды. Немат Келімбетовтің публицистикасы да ерекше. Қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде оның журналистік қолтаңбасы айқын, нақты, сөзді орынсыз ауырлатпайтын стиль қалыптастырды. Оның жазу мәнері кейбір ғалымдарда кездесетін күрделі, ауыр стильден дәлдігімен және мазмұн айқындылығымен ерекшеленеді», деді академик.
Пленарлық отырыс барысында түркология саласының жетекші ғалымдары бірқатар өзекті тақырып бойынша баяндама жасады. Алғашқы сөзді филология ғылымдарының докторы профессор Әділ Ахметов алып, Немат Келімбетовтің әлемдік руханияттағы орны мен түркологиялық ойының ерекшеліктерін тарқатты. Одан кейін өзге де ғалымдар ғылыми зерттеулерін таныстырды. Сондай-ақ іс-шара аясында «Түркі қаржы-сауда лексикасы» атты жаңа еңбектің тұсаукесері өтті. Кітапта көне және ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерінен бастап, қазіргі қазақ және түркі тілдерінде қолданылып жүрген қаржы-экономика саласындағы негізгі терминдер жүйелі талданған.