Қоғам • Кеше

Игі істер адамдарға қуаныш сыйлайды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде қызмет етіп жатқан волон­терлерді Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында қалдырған жазбасында волонтерлік қозғалыс еліміздегі қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын мәлімдеді.

Игі істер адамдарға қуаныш сыйлайды

А.Балаева қайырымдылық­тың басы-қасында жүргендердің мәдениет пен білім, экология мен медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық салаларының дамуына айтар­лықтай үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Кейінгі жылдары еліміз­де волонтер­лік­ті мем­лекеттік қолдаудың біртұтас жүйе­сі қалыптасты, бұл – әрқа­шан мемлекеттік саясаттың назарында. 5 желтоқсан күні БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы ресми баста­уын алады. Аталған жылды жариялау туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының Прези­­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын мақтан тұтамыз», деп жазды министр.

Бұған қоса ол еліміз үшін Орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтерлердің рөліне баса назар аудара отырып, атал­ған жыл «Бірге – тұрақты бола­шақ үшін!» ұранымен жақсылық пен бір­ліктің жалпыхалықтық мереке­сіне айналғанын атап өтті. Соны­мен қатар оның жаһан­дық серіктестік рухында жаңа мүмкіндіктер ашатынына, мил­лиондаған адамды тұрақты, әділ және бейбіт әлем құрудың ортақ ісіне қатысуға шабыттандыратынына сенім білдірді.

«Құрметті волонтерлер! Мем­лекет сіздердің белсен­ді­лігі­ңізді, азаматтық ұстанымыңыз бен жасампаз істеріңізді жоғары бағалайды. Біз волонтерлік бас­тамаларды одан әрі қолдай­мыз, даму үшін мүмкіндіктерді арттырамыз. Барлық волонтер­ге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірім­ділігі мен өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің игі істеріңіз әрқашан құрмет пен қолдау тауып, адамдарға қуаныш пен шаттық әкелсін. Сіздерге зор денсаулық, амандық, күш-қуат және қоғамға қызмет ету жолында табыс тілеймін!» деді А.Балаева құттықтауында.