Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне сүйенсек, ел азаматтарының 23,9 пайызы ғана волонтерлік ұйымдардың қызметін біледі, ал 56,8 пайызы, яғни көпшілігі бұл қызмет туралы естіген. Қалған 19,3 пайызы волонтерлік бастамалар туралы ештеңе білмейді.
«Волонтердің әлеуметтік-демографиялық портретін айтар болсақ, жоғары білімі бар, экономикалық жағдайы тұрақты, жұмыс істейтін немесе оқумен қатар еңбек ететін жастар. Сондай-ақ волонтерлер үлесі салыстырмалы түрде қала тұрғындары арасында көбірек. Гендерлік айырмашылық айқын емес. Психологиялық тұрғыдан волонтерлер өзін бақыттырақ сезінеді, болашаққа деген сенімі жоғары», дейді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Гүлсайран Нұртай.
Волонтерлер альтруистер ғана емес, олар жеке құндылықтарын қалыптастыруға, тәжирібе жинақтауға, әлеуметтік қарым-қатынас орнатып, өзін-өзі дамытуға ұмтылады. Көбінесе волонтерлік қызмет – ақылы жұмысқа жол салады, бұл жерде адам өзін жақсы жақтан көрсете алады, өзін түрлі қызмет аясында сынап көруге мүмкіндігі мол.
Ал халықтың қайырымдылық туралы хабардар болу деңгейіне келсек, азаматтардың 46,1 пайызы мұндай ұйымдардың жұмысы туралы жақсы біледі, 38,6 пайызы бұл туралы естіген. Ал ештеңе білмейтіндер үлесі – 15,4 пайыз.
Зерттеуге сәйкес, азаматтардың шамамен 24,8 пайызы қайырымдылық қорларына мүлдем сенбейтінін айтқан, яғни шартты түрде әр төртінші азамат сенімсіздік білдірген. Қайырымдылық қорларына толықтай сенетіндер үлесі де осы шамада – 26,4 пайыз. Ал респонденттердің 45 пайыздан астамы қайырымдылық қорларына ішінара сенеді, атап айтқанда, олардың 29,6 пайызы тек кейбір қайырымдылық қорларына сенім білдірсе, 15,8 пайызы қорларға емес, қайырымдылықпен жеке айналысатындарға сенетінін айтқан.
Жалпы, кейінгі 12 айда респонденттердің ⅔ бөлігі қайырымдылықпен айналысқан, адамдар көбіне тікелей мұқтаж жандарға көмектесуді жөн көреді. Ал қорлар арқылы көмектесетіндер үлесі – бар-жоғы 10 пайыз шамасында.
Зерттеу елдің барлық өңірін – Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыс орталығын, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді қамтыған.
«2021 жылы жүргізілген зерттеумен салыстырсақ, кейінгі төрт жыл ішінде ел азаматтарының қайырымдылық қызметіне деген көзқарасы түбегейлі өзгермегенін атап өткен жөн, халықтың басым көпшілігі қайырымдылықты белгілі бір деңгейде оң қабылдайды. 2021–2025 жылдар аралығында әлеуметтік желілерді пайдаланушылар үлесі айтарлықтай артты (қолданбайтындар 15 пайыздан 5,1 пайызға дейін азайды). Алайда ондағы көмек туралы жазбаларды елемеу, оларды лайк, репост арқылы тарату деңгейі бұрынғы күйінде қалды. Сонымен қатар көмек туралы посттарға жауап ретінде ақшалай немесе мүліктік көмек көрсету біршама жиілегені байқалады», дейді Г.Нұртай.