21 Ақпан, 2015

Заң қабылданды: іске асырылуы қалай?

310 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елімізде жаңа жол қозғалысы туралы заңымыздың өмірімізге енгеніне де біраз уақыт өтті. Оның кейбір осал тұстары мен басымдықтары туралы қоғамда көптеген пікір алмасулар болды. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар тарапынан ол заңның іске асырылу барысы да назардан тыс қалмағаны анық байқалады. Соның бір көрінісіндей, кеше еліміздің Ішкі істер министрлігінде «Жол қозғалысы туралы» Заңның іске асырылу барысы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл Парламент Сенатының бастамасымен өткен іс-шараға Парламент депутаттары, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысты. Отырыста Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай қатысушыларға заңға халықаралық конвенциялардың міндетті талаптары, БҰҰ-ның келісімдері мен ұсынымдары, сондай-ақ, шетелдердің зерттеу тәжірибелері негіз болғанын баса айтты. Өз сөзінде ол кездесудің мақсатын және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылаудың маңыздылығына тоқталды. Бұдан кейін депутат Елбасының «Нұрлы Жол» даму бағдарламасында жолдардың Қазақстанның «өмір жолы» деп айтылғандығына баса назар аударды. Көлік желісін дамыту, жаңа магистральді құру, еліміз арқылы жүк ағыны транзитін кеңейту үшін жолдарда қауіпсіз жағдайды қалыптастыру қажеттігін еске салды. Дөңгелек үстел барысында ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов та сөз сөйледі. Ол заңнаманы қалыптастыру үшін осы салада мемлекеттік саясаттың іске асуын қамтамасыз етуде пікір алмастырудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол осы бағытта заңнаманы одан әрі жетілдірудің тиімді жолдарын және өзекті проблемаларды анықтау – осы дөңгелек үстелдің міндеті деді. Бұдан кейін ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы И. Лепеха баяндама жасап, ол еліміздің автомобиль паркінің қарқынды өсіп, яғни бүгінгі күнде 4,5 млн. көлікке көбеюіне байланысты жол қозғалысын қамтамасыз ету проблемаларының өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар, баяндамашы аталған заңды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген оң нәтижелер туралы депутаттарға толыққанды ақпарат берді. Мәселен, ІІМ жол қозғалысы сала­сындағы заңнаманың негізгі өзгерістері бойынша халыққа БАҚ арқылы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, заң мәтіндері ІІМ-нің және өңірлік ішкі істер департаменттерінің ресми Интернет-ресурстарында орналастырылды. 2014 жылғы 13 қарашадағы жаңа жол қозғалысы ережесі мен көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі бағыттар әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілді. Жүргізуші куәлігі мен көлік құ­ралдарын тіркеу туралы куәлік бланк­терінің жаңа үлгілері, пайдаланылатын жолдардың қатерлілік дәрежесін баға­лауды ұйымдастыру және жүргізу ере­желері, жүргізушінің көлік құралын дайындау бойынша кәсіби бірлестіктерді аккредиттеу ережесі, біліктілік комис­сиясының қызметін қалыптастыру және іске асыру ережесін, көлік құралдарына жүргізушілерді дайындау бойынша оқыту процесінде өндірістік оқыту және көлік жүргізуді оқыту шеңберіне оқытушы болуға үміткерлерді аттестаттау­ды жүргізу ережесі әзірленіп, бекітілген көрінеді. Сонымен қатар, баяндамада жол қоз­ғалысына қатысушылардың жауап­кер­­шілігін күшейту бойынша қолда­ныла­тын шаралар жол қозғалысы қауіп­­­сіздігіне оң әсер еткені айтылды. Соң­ғы 3 жылдың ішінде алғаш рет 2014 жыл­дың қорытындысы бойынша рес­пуб­ликада ЖКО саны 12,8 пайызға (23 359-дан 20 378-ге), қаза болған азаматтар саны 14,9 пайызға ( 3 037 – ден 2 585-ке) және жарақат алғандар саны 13,2 пайызға ( 29 872-ден 25 942-ге) азайған. Бұл кездесу қорытындысы бойынша тәжірибелік ұсынымдар әзірленіп, ол одан әрі жетілдірілу үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болды. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан». сурет : http://anatili.kz
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19