21 Ақпан, 2015

Экстремистік зорлыққа қарсы күрес

282 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті ғимаратында экстремистік зорлыққа қарсы әрекет ету бойынша саммит болып өтті. Оның жұмысына әлем елдерінен 60-тан аса делегация, соның ішінде мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар, дін басшылары қатысты. Аталмыш форумда қазақстандық делегацияға Бас Прокурор Асхат Дауылбаев жетекшілік етті. Форумның басты мақсаты экстремистік зорлыққа қарсы іс-әрекет жоспарын әзірлеу бо­лып табылады, бұл жоспар БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекет бас­шыларының кездесуінде қабыл­данады деп күтілуде. Күн тәрті­бінде қозғалған негізгі тақы­рыптар экстремизмді зорлық дамуы­ның алдын алу, оның басты қоз­ғаушы күшін жою, қауіпсіз қауымдастықтар құруға қатысты мәселелер болды. Саммиттің ашылу салтанатында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри және БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун сөз сөйледі. Форумның бірінші сессиясынан соң АҚШ Президенті Барак Обама баяндама жасады. Ал форумда сөз сөйлеген А.Дауылбаев экстремистік зор­лықтың барлық түрінің алдын алу және оларға қарсы күресуде әлемнің барлық елдерінің күшін жұмылдыру идеясын қолдай отырып, елімізде экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Бас Прокурор атап өткендей, халықаралық қауіпсіздікке қатер туғызатын экстремизм мен терроризм оған қарсы тосқауыл қоюдың жаңа тәсілдерін және әлем­дік қауымдастықтың неғұр­лым терең интеграциясын талап етеді. А.Дауылбаевтың пікірінше, ортақ күш радикалды идеологияны таратудың алдын алу және оны жоюға, экстремизм мен терроризм профилактикасының тиімді тәсілдері бойынша тәжірибе алмасуға, әскери іс-қимылдарға қатысу үшін азаматтардың шетелдерге шығуына жол бермеуге, өзге елдер территориясында жасырынуға тырысқан радикалды элементтерді уақтылы іздестіру және қамауға алуға, терроризмді қаржыландыру фактілеріне жол бермеуге бағытталуы тиіс. Сөз соңында Бас Прокурор экстремистік зорлық бойынша келесі аймақтық саммитті осы жылы Астана қаласында өткізуді ұсынды. Форумның қорытындысы бойынша Бірлескен коммюнике қабылданып, онда қатысушылар экстремизмнің барлық түрлеріне қарсы күресуге өздерінің шынайы ниетін білдірді, сонымен қатар, қоғамның радикалдануына қарсы тұруда әлемдік қауымдастықтың күшін жандандыру қажеттігін атап өтті. Осыған орай, экстремизммен күресте азаматтық қоғамның, сондай-ақ жастардың, әйелдердің, діни, мәдени және білім беру ұйым­дары басшыларының рөлі өте зор екендігі айтылды. Әлеу­меттік, экономикалық және сая­си саладағы, әсіресе, зорлық экстре­мизмге төтеп бере алмай­тын азшылыққа қатысты мәселе­лерді шешуге баса назар аударыл­ды. Сөйтіп, отырысқа қатысушы­лардың ортақ пікірінше, Вашинг­тон саммиті экстремизмді тарату және насихаттауға қарсы әре­кет етудің жалпыға ортақ бағдар­ламасын әзірлеуге және оның алдын алу бойынша тиісті шараларды дайындауға бағытталған дүниежүзі бойынша өтетін ай­мақтық кездесулер мен басқа да іс-шаралардың бастамасы болып табылады, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.