«Парыз» байқауы – халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін айқындайды. Биыл осы бағытта бірталай жұмыс жүргізіп, өңірлердің өмір сүру сапасын жақсарту бағытында ауқымды істер атқарған «Қазақмыс корпорациясы» үздік деп танылды.
Байқау бас жүлдесінің корпорацияға берілуі бекерден бекер емес. «Қазақмыстың» әлеуметті қолдау бағытындағы қолға алған жұмыстары аз емес.
Компания 2025 жылы өңірлерді дамытуға және қызметкерлерді қолдауға 90 млрд теңгеден астам қаражат бағыттаған. Бұл қаражат негізінен тұрғын үй, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамыту, білім беру, спорт және қызметкерлерді қолдау сынды салаларға жұмсалды. Нақтырақ айтқанда, «Қазақмыстың» қаржылай қолдауымен Сәтбаев қаласында 320 орындық балабақша пайдалануға берілді, Жезқазғанда 8 мың шаршы метрді құрайтын заманауи спорт кешені іске қосылды және осы қалада 900 балаға арналған Шахмат академиясы ашылды; Төтенше жағдайлар министрлігінің керек-жарағын сақтауға арналған еліміздегі алғашқы Авиациялық ангар салынды. Сондай-ақ корпорацияның қаржылай көмегімен Сәтбаев қаласындағы қоғамдық кеңістік абаттандырылса, Жезқазғанда геологиялық кластер мен оқу орталығы іске қосылды. Енді аумағы 4 мың шаршы метрді құрайтын, 200 орындық жатақханасы бар ірі спорт кешені пайдалануға берілмек.
Ұлытау облысы UMC клиникаларымен бірлесіп, жүрекке инновациялық әдіспен операция жасауды қолға алды. Бұл да «Қазақмыстың» көмегімен жүзеге асырылды.
Компания азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Айталық, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасын кеңейтті. Еңбеккерлерді тұрғын үймен қамту мәселесін де назардан тыс қалдырмай, 60-тан астам отбасын жаңа қызметтік баспанамен қамтамасыз етті. Оларды қаржылай қолдау мақсатында 50 АЕК көлемінде сыйақы белгіледі, бұл қаражат азаматтарға тоқсан сайын беріледі. Бұған қоса, ақшалай жүлделері бар әртүрлі байқауды өткізу де дәстүрге енген.
Әлеуметтік төлемдер де көбейтіліп, қосымша кепілдіктер мен қолдау бағдарламалары енгізілді, азаматтардың құқын қорғайтын жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды.
Корпорация өңірлерде өмір сүру мен кәсіби өсу үшін жағдай жасап, білім беру, спорт, мәдениет және инфрақұрылым нысандарын дамытуды одан әрі жалғастырып келеді.
«Қызметкерлерге, олардың отбасына және өңірдің әрбір тұрғынына қамқорлық жасау – біздің бұлжымас қағидамыз. Әрбір әлеуметтік жоба – бұл адамдарға және аумақтардың болашағына салынған инвестиция. Бұл марапат – әрбір қызметкеріміздің, компанияға қатысы бар қалалардың дамуына үлес қосып отырған өңір тұрғындарының еңбегі. Мен ұжымға еңбегі, бастамашылдығы және өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын», деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев.
«Парыз 2025» сыйлығы «Қазақмыстың» өңірлердің тұрақты дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығына қосып отырған үлесін растайды және осы жұмысты одан әрі нығайтуға ынталандырады.