Сурет: inbusiness.kz
«Креативтік өндірістерді дамыту қорының құрылуы маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл институттың негізгі функциялары – таланттарды анықтау, жобаларды дамыту және отандық креативтік өнімді халықаралық нарықтарға ілгерілету. Қордың қызметі қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын, соның ішінде гранттар мен конкурстық бағдарламаларды қамтиды. Бұдан бөлек, қорды қаржыландыруға қатысты норма қабылданып, лотерея билеттерін сату табысының кемінде 3%-ы креативтік индустрияларды дамытуға бағытталатын болды», дейді Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ аталған ведомство 16 жасқа дейінгі балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салатын заң жобасы әзірленгенін хабарлады.
«Қолданыстағы заңнамаға енгізілетін түзетулер топтамасы әзірге тек кең қоғамдық талқылауға шығарылды. Министрлікке ата-аналардан, мұғалімдерден және қоғамдық ұйымдардан көптеген өтініш түсті. Олардың сұраныстарын ескере отырып, біз халықаралық тәжірибені зерделеп, сарапшылармен консультациялар жүргіздік. Соның нәтижесінде 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу нормасын енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл тыйым мессенджерлерге емес, тек әлеуметтік желілерге қолданылады», дейді баспасөз өкілі.
Иә, әлеуметтік желілердегі бұл шектеу кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін күшейту, оларды заңға қайшы контентпен байланыс орнату қаупінен қорғау мақсатын көздейді. Еске салсақ, мұндай талаптар әлемдік тәжірибеде де бар. Мәселен, Бельгия, Германия, Франция, Италия елдерінде балалар әлеуметтік желілерге ата-анасының келісімінсіз тек 13-15 жастан бастап тіркеле алады. Басқа барлық жағдайда тіркелу үшін ата-ананың немесе қамқоршының рұқсаты қажет. Ал әлемде алғашқы болып әлеуметтік желілерді 16 жасқа дейінгі балаларға пайдалануға тыйым салу туралы шешімді жақында Аустралия мемлекеті қабылдады.
Бұдан бөлек министрлік өкілі кино, БАҚ және онлайн-платформалардағы контентті бойынша тиісті ұсыныстар айтты.
«Мәселен, көптің талқысына түсіп жатқан «Ауру» фильмі бастапқыда прокаттық куәлік алу үшін фильмнің 18+ жас ерекшелігін сұрады. Алайда комиссия бұл фильмді 21+ санатына жатқызды. Әрине, бұл кинотуындыдағы көптеген негізсіз зорлық көріністерінің және де балағат сөздерді көп пайдалануына байланысты», деп мәлімдейді министрліктен.
Еске салсақ, азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру жөніндегі тапсырма Мемлекет басшысы тарапынан берілген болатын. Министрлік бұл тапсырманы орындауда тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтсақ, 2022–2025 жылдар аралығында кітапханашылардың жалақысы екі есеге өсті.
«Бүгінде кітапханашылардың орташа айлығы 150 мыңнан 260 мың теңгеге дейінгі аралықта, ол кітапхананың деңгейіне, санатына, тәжірибесіне және лауазымына байланысты», дейді министрлік өкілі.
Әрине, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін қызметкерлерге, сондай-ақ экологиялық апат аймақтары мен радиациялық қауіп аймақтарында еңбек ететіндерге қосымша төлемдер қарастырылған. Үкімет қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдар ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін архив мамандарына көтермеленген жалақы бекіте алады.