Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері 553,7 мың азамат онлайн-оқуды аяқтап, сертификат иеленген. Қазір платформада 1 миллионнан астам адам тіркелген болса, оның 710,3 мыңы биыл қосылған.
Айта кетейік, платформа іске қосылғалы бері жалпы 960 мың адам кәсіби білім алған.
«Оқуды аяқтаған 53,5 мың жұмыссыз азаматтың шамамен 16,5 мыңға жуығы негізінен Түркістан облысы (3,5 мың адам), Қызылорда және Қостанай облыстары (тиісінше 2,5 және 2,8 мың адам), Алматы қ. (2,3 мың адам), Алматы облысы (2,2 мың адам) жастары (16-35 жас аралығы) болды», делінген хабарламада.
Платформада авторлар 1 000-нан астам курс әзірлеген, оның 375-і тегін ұсынылады. Сонымен қатар Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстанның курстарына да қосылуға мүмкіндік бар. Оқу ұзақтығы 6 сағаттан 72 сағатқа дейін.
Қыркүйек айында ең сұранысқа ие бағыттар:
- IT және телекоммуникациялар;
- Аспаз-кондитер;
- Электрондық еңбек биржасын пайдалану;
- Персоналды басқару;
- Пішу және тігу.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай биыл мамыр айында мектеп түлектері мен колледж студенттеріне арналған арнайы курстар – «Сенің мансаптық бастамаң» және оның орыс тіліндегі баламасы ұсынылды. Бұл бағдарламалар мамандық таңдауға көмектесіп, жұмыс іздеу, өзін таныстыру, әрі Электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктерін тиімді қолдану дағдыларын үйретеді.