Фото: Алматы облысы әкімдігі
Қалалық мәдениет үйі аумағында ауыл шаруашылығы көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар, жаңа өнімдер және шаруашылықтар жұмысының нәтижелері таныстырылды.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, аграрлық сала өңір экономикасының маңызды бөлігі екенін атады. Сонымен қатар ауыл еңбеккерлерінің табанды еңбегі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімін қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалады.
«Бүгінгі климаттық өзгеріс жағдайында судың маңызы артып келеді. Сол себепті біз суармалы жерлерді жаңғыртуға, цифрландыру мен үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше мән беріп отырмыз. Жаңа технологияларды енгізу тек табиғи ресурстарды қорғап қана қоймай, фермердің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – өнімділікті арттыру, шаруаның шығынын азайту және нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейту. Біз облыс деңгейінде осы бағыттағы жобаларды қолдап, фермерлерге нақты практикалық шешімдер ұсынамыз», деді облыс әкімі.
Алматы облысы еліміздегі әлеуеті артып, ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Биылғы жылы жалпы өңірлік өнім көрсеткіші өсіп, бұрынғы оныншы орыннан бесінші орынға көтерілді. Бұл – стратегиялық жоспарлау мен ауыл еңбеккерлерінің маңдай терінің нәтижесі.
Мерейлі мереке күнінде облыста «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздары анықталып, арнайы марапаттар табысталды.
Байқау қорытындысы бойынша Алматы облысының «Ең үлгілі ауылы» номинациясын Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылы ұтып алды. Ал екінші орынды Іле ауданының Байкент ауылы еншілесе, үшінші орынды Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай ауылы иеленді. Аталған аймақтарға арнайы ауыл шаруашылығы техникасы сыйға тартылды.
«Бұл марапат біз үшін үлкен мәртебе. Енді ауылымызды көркейту мақсатында бұрынғыдан да белсенділік танытуға тырысамыз және бар күшімізді салып еңбек етеміз», деді Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрақынов.
Алматы облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабеков байқаудың мақсатын тілге тиек етті.
«Бұл байқау «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасының іс-шарасы аясында жүргізіліп отыр. Байқауға 8 ауданнан 8 ауыл қатысты. Облыстық комиссия шешімі бойынша үш ауыл үздік деп танылып, ауыл шаруашылығы техникаларымен марапатталды. Арнайы техникалар инфрақұрылым жағдайын жақсартуға үлкен көмек береді деген ойдамын. Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдегі ауылдың ішіндегі инфрақұрылым, санитарлық тазалау, адамдардың арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен серпін беру», деді ол.
Байқауға қатысушылардың жұмысы 16 критерий бойынша бағаланған. Соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың ұйымдастырылуы, туризм әлеуеті, өңірдің экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері және экологиялық мәдениеттің дамуы негізгі талаптар ретінде қарастырылған.
Алматы облысы