08 Шілде, 2010

ӨНЕРГЕ БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ ҚАЛТАҒА КЕТІП ЖАТЫР

956 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Мәскеулік режиссер, қандасымыз Ақмәди Сарбасов біраз жылдардан бері Қазақстанға ат басын бұрып, ата ме­кен­мен шығармашылық байланыста жұмыс істеп жүр. Оның қойған спектакльдері облыс орталықтарындағы драма театрларында табысты жүрді. Ақмәди Уахитұлы осы­дан бір жарым жылдай бұрын Қостанайдағы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында да бірнеше шығарма қойып, көрерменнің көңілінен шыққан болатын. Қостанайда іскерлік сапармен жүрген режиссердің оның театр өнерін дамыту, көрерменнің талғамын тәрбиелеу және бүгінгі театрларда қалыптасып отырған жағдай тура­лы ойларын білу мақсатымен оны әңгімеге тартқанбыз. – Ақмәди Уахитұлы, осыдан бір жа­­рым жыл бұрын Қоста­найдағы қазақ дра­ма театрында Латын Америкасы әде­бие­тінің ірі өкілі Энтони Берджестің “За­водной апелсин” атты романы бойынша өзіңіз қойған “Темір ойыншық” спектаклін көрермен ұмыта қойған жоқ. Содан кейін қайда болдыңыз, не бітірдіңіз? – Мен сол өзіңіз айтқандай, айна­ласы біржарым жылдай уа­қыт­тың ішінде Қазақстан театр­ларында төрт спектакль қойдым. Атап шығайын, Астанадағы орыс драма театрында Василий Си­гарьев­тың “Бурдалактар отбасы” деген спектаклін сахналадым. Бұл бүгінгі қоғамдағы, тіпті әлемдегі деп айтсақ та болады, нашақорлық індетіне қарсы үндейтін шығарма. Астана көрермен­де­ріне ұнады деп білемін. Осы қойылым үшін “Нұр Отан” партиясы Астана қала­лық филиалының мақтау грамотасы­мен марапатталдым, сондай-ақ Астана қа­лалық әкімдігі де риза­шылығын білдірді. Одан кейін корей театрының сұрауымен сол тілде “Ге-Сеннің бастан кешкен­дері” музыкалық комедиясын қойдым. Ол шығарма театр сахна­­сында жүріп жатыр. Қазақ тілін­дегі екі спектакльді Атырау қазақ драма театрында сахнала­дым. Бұл екеуі де аударма шығармалар, Сер­гей Беловтың “Мамуля” пьесасы мен Робер Томаның “Сегіз сүйікті әйел” коме­диясын атыраулықтар жылы қабылдады. – Сіз біраз жылдардан бері ата мекенге келіп, Қазақстандағы театр­лармен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрсіз. Сырткөз ретінде еліміздегі театрлар жағдайы туралы не айтар едіңіз? – Мен осы сауалыңызға сәл шегініс жасап жауап бергім келеді. Мәдениеттің қоғам алдындағы бағасына тоқталып өтсем деймін. Тек қана театр емес, жал­пы өмір­­дің көрінісі біздің мәдениетіміз­ден басталады. Біз қалай өмір сүріп отырмыз, қалай жұмыс іс­тей­міз, қоғамды қалай құрып, бала­ларымызды қалай тәрбиелей­міз, мына өмірге қалай қарай­мыз? Қысқасы, мәдениет осы сұраққа жауап береді, ал соның барлығы­ның кес­кінін өнерде бейнелейді. Ал мәдениетке біз қазір жиі ести­тін “технология” деген түсінік-тер­мин сай келмейді, себебі мә­де­ниет дамымайды, ол өзгеріп қана тұ­рады. Мәдениет адамзатпен бірге жаса­сып келе жатқан өте ежелгі ұғым. Бір мә­дениет екінші­сін тудырып, жалғап отырады. Уақыт легімен бізге жеткен ха­лы­қ­­тың музыкалық мұрасы, ауыз әде­биеті және қолөнері біздің баға жетпес байлығымыз. ХХ ғасыр­дағы техникалық прогрестің секі­ріп дамуы, “бірыңғай ке­ңес хал­қын” жасаймыз деген империя­лық озбыр саясат мәдениетті жадаулан­дыр­ды. Ал көп ұлтты мәдениет болмай­ды, мәде­­ниетті Жаратқан ием тек ұлттың ғана ыры­сы еткен. Мәдениет барынша ұлттық, ба­­рын­­ша халыққа, ұлтқа төл болған­да ғана құнды. Ежелгі грек, қытай, парсы, жа­пон мәдениеттері неге ғасыр­дан ға­сырға ілесіп келеді? Өйткені, олар ба­рынша ұлттық мәдениеттер. Өркениет­ті елде театр – бұл мәдениеттің лабора­то­риясы болып саналады. Театрда мәде­ниет пайда болады, бұл мәдениеттің қай­нар бұ­лағы. Театрдың өзі ежелгі өнер емес пе?! Ал адамзатқа өнер мен мәде­ниет не­сімен құнды? Бұл екеуі адам тәрбиесінің, оны қалыптас­тырудың ұстаханасы, дүкені. Халық­тың ауызекі жеткен му­зы­ка­лық және әдеби, мәдени мұра­лары, қолөнері өткен ғасырларда өз қызметін орындады. Одан халықтың өткен заман­дардағы мәдениетін, өмір сүру образын, қуаны­шын, қайғысын көргендей бола­мыз. Ал бүгінгі уақыттың кескін-келбеті, заман­дас­­тардың ішкі жан дүниесі кинода, әде­биет­те және театрда айнаға түскендей шағылысуы керек-тін. Бұл орайда кино алға шығып тұр, оған өнер­дің осы сала­сының ерекшелігі, мүм­кін­дігі себеп шы­ғар. Бейнелеп айтсақ, Қа­зақ­стан киносы қазір өмір мен өлімнің ортасында тұр­ған­дай, бірақ күдіктен үміт басым. Ал театр жөнінде мұны айта алмай­мыз. Облыстардағы театрлар еңсесін түн қараңғылығындай ауыр­лық басып тұр. Мен Қазақ­станның біраз облыстарын арала­дым. Қазір театр туралы әңгіме бол­ғанда ауыз толтырып айтуға жарайтын бір іс бар. Ол – осы өнер отауларының материалдық-техникалық жағдайының жақсар­ғандығы. Осыдан он жыл бұрын­ғы уақытпен салыстырғанда, бүгінгі көрініс жер мен көктей десе болар. Қара­ғандыдағы театрды қараңыз! Оған келген адам өнермен сусын­дап қана қоймайды, ғимараттың ішкі көркінен де эстети­ка­лық ләззат алып кетеді. Облыстарда, алыс ауылдарда кітапхана үйлері, клуб, об­лыс, аудан орталық­тарын­дағы му­зей­лер, кинотеатрлар қал­пына келтірілуде. Алынған шетел­дік, жетілдірілген жаб­дық­тар да бұрын кісінің түсіне кірмейтін. – Нарық келген ауыр жыл­дары, одан қалды дағдарыс кезінде де мәдениет пен өнер елімізде назардан тыс қалып жатқан жоқ, қайта соңғы жылдары көп іс атқарылды емес пе? – Әкімдер қолынан келгеннің бар­лы­ғын да істеп отыр. Мен сырт­көз бол­ға­ным­мен Қазақстанға жиі келемін, әріп­тес­теріммен тығыз араласамын. Сон­дықтан мәдениет саласындағы жағ­дай­дан, әкім­дер­дің игі істерінен хабарым мол. Иман­ғали Тасмағамбетов пен Қы­рым­бек Кө­шер­баев, Бердібек Сапар­баев­тардың өнер мен мәде­ниет­ке сіңірген ең­бегін жұрт­шы­лық жақсы біледі. Солар­дың қа­тарына мен Қостанай облысының әкімі Сергей Кула­гин­ді де қосар едім. Мәдениет саласын­дағы жұ­мыстар үшін облыс жұртшы­лы­ғы­ның оған алғыстан басқа айтары жоқ шы­ғар деп ойлаймын. Орыс драма театрының құрылы­мын қай­та өзгертіп, жөндеді. Қазақ драма теат­рына жаңа үй салы­натын болды. Облыс­тық филар­мония қандай қалыпқа келді десеңші! Сол филармониядағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрылуы да тамаша жетістік. Осы күнге дейін орыс теат­ры­мен бір ғимаратта отырған қуыршақ театрына ол кісінің ұйғарымымен бөлек үй бергелі отыр екен. Мен Сергей Виталье­вич­ті өнердің нағыз жанашыры деп бі­лемін. Менің ойымша, қуыршақ театры­ның маңызы өте жоғары. Өнер адамды қалыптастырады дедік. Ал баланы кіш­кен­тай бүлдіршін кезі­нен драма театрына апара бер­мейсің, себебі оны ол әлі түсін­бейді. Тіпті драма театр­лары қой­ған ерте­гінің өзін бала қабыл­дай алмауы мүмкін. Ал қуыршақ театры қойған қойы­лым­дар­ды бала қай жасында да қызыға тама­шалайды. Қуыршақ кей­іп­кер­лер баланы театр арқылы жақсыға үйретеді, жаманнан жирендіреді, мәде­ниет­ке баулиды. Ең бастысы, қуыршақ театрына барған бала кейін драма теат­рын да іздеп тұратын болады. Өкінішке қарай, Қазақстанда қуыршақ театрына көңіл бөліне бермейді. Сонымен қатар Қостанайдағы сурет галереясы да сіздердің қалаға келген қонақты таңғалдырары сөзсіз. Жыл сай­ын өнер адам­дары­на, мәдениет қызмет­кер­леріне бері­летін “Меценаттар клубы­ның” сый­лығы да басқаларға үлгі болар­лық шара. Осы сыйлықтың таға­йын­дал­ғанына он жылдан асып барады екен, сол уақыт ішінде Атым­тай жомарттар әншілер мен биші­лерге, суретшілерге, жазушы-ақындарға, журналистерге, ау­ыл-селодағы мәдениет қызметкер­леріне сыйлық үшін 75 миллион теңгенің сыр­тын­да қаржы жұмса­ған. Бұл мәдениетті нағыз қолдау емес пе? Сонымен қатар республикада мәде­ниет саласына, оның ішінде театрларға арнап қаржы да жет­кілікті беріледі. Осы­ған сәйкес театрлардың ішкі мазмұны өзгеруі керек еді, әттең олай емес. – Неге? – Театр – мәдениеттің қайнар бұ­лағы дедім ғой. Мәдениет біздің өмір сүру, парасат-пайым, ойлану образымыз десек, сол мәдениет ұжымда қалыпта­са­ды. “Жалғыз ағаш – орман емес”, бір ғана сурет­кер мәдениетті жасай алмайды. Мәдениетті өмірге әкелетін ұжым – театр! Театрдың синтетика­лық өнер екенін өнер зерттеушілерінің бәрі айтып келеді, ол ауыз әде­биеті­нің, музыканың, архитек­тура­ның, живописьтің, қысқасы бар өнердің басын буады. Сон­дықтан оған қай қоғамда да көңіл бөлініп келді. Театр­лар­дың мате­риал­дық-техникалық базасын жа­сау жағы­нан Қазақстан театр­лары Ресей­ден қалыспайды, мүм­кін кей­бір тұстар­да олардан артық та. Бірақ жұмыс жағынан шабандап қалдық. Қазір көрермен театрларға ынтызарлық­пен кел­мей­ді. Өйткені, бүгінгі өмірді көр­сете алмаған театр көрер­менге қы­зықты емес, ке­регін бере алмай­ды. Қоғам, заман өз­гер­­ген сай­ын адам­дар үшін құнды­лықтар да өзгерді. Ал оны театрлар сахнасы­нан көрермен кө­ре алып отырған жоқ, уа­қыт­тың тынысын біл­діретін, көрерменге жол сілтей­тін, бағ­дар беретін актуальды шы­ғар­малар жоқтың қасы, спектакль­дер аз қойылады. Осы жерде мына бір жайды айт­қым келеді. Қазақ әдебиетіндегі эпостық шы­ғармалар, ауыз әде­биетінің маржандары, сөз жоқ, бай­лығымыз. Бірақ олардың уақыты бұрын өтіп кетті ғой, оларды сол күйінше, сол бояуы­мен сахналай берген­нен көрер­менге не береміз? Тарихты бі­луіміз керек, ол – ғылым, ал эпос біздің ата-бабаларымыздың өмір сүру образы, салты, дәстүрі, қалай соғысқаны, қалай жүргені, тұрға­ны деген сияқты. Бұдан эпостық шығармаларды сахнаға жолат­пайық деген ой тумайды. Әңгіме сол эпос­ты қалай сахна­лауда. Біздің ұлттық киім­дерімізді қазір сол баяғы күйінше кө­шеде киіп жүре аламыз ба? Оның эле­мент­терін дизайнерлеріміз бүгін­гі киімге қолданса, оның әдемілігі де, актуаль­дылығы да артып шыға келмей ме? Уа­қыттың талабы осындай. Егер біздің клас­сикалық шығармаларымыз – эпос­тық жанр­дағы спектакльдерді режиссер бүгінгі уақытпен байланыстыра сахналай алмаса, оны көрерменнің кітаптан оқығаны көп артық. – Әлгінде театрлардағы жағ­дай­дың күрделі екенін айттыңыз. Соны жөнге келтірудің амалы не деп білесіз? – Алдымен театрлардағы күрделі жағ­дайдың бірін айтамын. Ол – осы қасиетті өнер отауына бөлінген қаржы­ның талан-тараж­бен кететіндігі дер едім. Мен оны тұрмыстағы бір көрініске те­ңегім келеді. Облыстық, тіпті республи­калық театрлар Қазақстан мәде­ниетінің мемлекет қаржысын жуып, шығарып тастай­тын кір жуатын мәшинесі іспетті. Бұл мәдениет саласынан хабары мол адам­ға белгілі нәрсе. Спектакль­дерге бө­лі­нетін қаржы­ның сол қойылымға оннан бір бөлігі ғана жұмсалады, қалғаны қал­таларға түседі. Сырын айтамын деп шы­нын айтқан бір театр директоры: “Ақшаны жымқырудың жүз тәсілін білемін” деген еді. Театрлардың күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жыл сайын мил­лиондаған теңге бөлінеді. Не ақша, не жөнделген театр жоқ көріністерге жұрт­тың еті өліп кеткен. Қаржы шенеунік­тер­дің өздерін асырауға, баюға жұмсалады. – Осыншама қаржыны талат­ты­рып қойғанда, қаржы бақылау ор­ган­дары қайда қарап отыр? Тіпті асыра сілтеп айтып отырған жоқсыз ба? – Жоқ. Мен театрдың ішкі асхана­сын өте жақсы білетін адам­мын. Сон­дық­тан өз сөзіме өзім жауап беремін. Әри­не, мәде­ниет мекемелеріне, театр­лар­ға ондағы қаржының жұмсалуы жөнінде қаржы полициясы, салық комитеті тарапынан тексерулер жүргізіледі. Бірақ осы кезге дейін олардың далаға кетіп жатқан ақшаның солақай ізін тапқанын, қаржы жымқырғандарды әшкерелегенін естіген емеспін. Меніңше, театр­дың ішкі мазмұнын өзгерту үшін тізгінді директор емес, режиссерге беру керек. Өйткені, театрдың жаны – режиссер. Бірақ театрда режиссердің айтқаны бола бер­мейді. Ал, көп театрлардың дирек­торы өнерден алыс адамдар. Өнерді түсінбеген жерде одан арғысы белгілі. Қаржының қасиет­ті іске емес, қалталарға кететіні де со­ның айқын дәлелі. Қазір театр ұжым­дарында басты тұлға режис­сер емес, ди­ректор. Соның айтқа­ны болады, айда­ғанына актерлер де, режиссер де көнеді. Сондықтан ондағы жұмыс жүрмейді. – Өзіңіз қазір қайда қызмет істейсіз? – Қазір республика Мәдениет ми­нистрлігінің жолдамасымен Атырау қазақ драма театрында бас режиссер болып жүрмін. Атырауға келерде министрлік бұл театрдағы жағдайдың күрделі екенін, директорлардың тұрақта­май­тынын, спек­такльдердің аз қойылатынын, айтыстың, дау-дамайдың көп екенін ескерткен болатын. Әрине, мұндай кедер­гілердің бәрін де бастан өткеріп жатырмын, “біз сізді күткен жоқ­пыз” деген сөз де алдым­нан шық­ты. Сонан кейін менің өз ер­кім­мен арыз беріп кетуім үшін “кере­мет жағдай” да жасалды. Актер­ларға жұмыс керек, олар өнерге жүрек қалауымен кел­ген жандар ғой, сондықтан жаңа қойы­лым қойылған сайын тыны­сы ашыла­ды. Актерлермен түсіністігім өте жақсы, өйткені кәсібіміз бір болғандықтан пікірлеспіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.