Қоғам • Бүгін, 07:30

Табылды аманаттаған «Сәйгүлік»

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көзден кеткенімен, көңілден өшпейтін, есімі ел есінде жатталған жанның бірі – Табылды Досымов. Таудай тұлғалы талант орындайтын әндерінің сөзін де, музыкасын да өзі жазды. Қазір кіндік кескен, өскен, өркен жайған мекені – Индербор кентінде еңселі ескерткіші тұр (авторы Бақытбек Мұхаметжан).

Табылды аманаттаған «Сәйгүлік»

Алты ішекті гитара үні­нен иірімі бөлек әуен іздеді. Бір әуені өзгесін­де қайталанбайтын бірнеше ән шығарды. Көбінің мәтіні өзінікі болғанымен, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржанов және өзге де бірегей ақындардың өлеңдеріне ән шығарды. Ел ішіне кең таралған сондай туындысының бірі – «Сәйгүлік». Сөзін маңғыстаулық ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржанов жазған. Қазір жиі орындалатын әнге айналды.

Еліміздің әр өңірінде Табылды Досымовтың рухты әрі лирикалық әндерін орындап жүрген өнер­паздар шоғыры бар. Ал Индер ауданында бардтың шығармаларын гитарамен орындайтындар тіптен көп. Өнер сапарында өзгеше өрнек қалдырған сан қырлы таланттың 60 жылдығына орай Индербор кентіндегі саябаққа 60 өнерпаз жиналды. Бәрі де осы ауданда тұрады. Олардың арасында жасамыс та, бозбала мен жасөспірім де, ана мен бойжеткен де бар.

Бір ерекшелігі, 60 өнерпаздың бәрі де Табылдыша гитара шертті. Олар саябақтағы бард ескерткіші жанында «Сәйгүлік» әнін бірге шырқады. Табылды Досымовтың көзін көргендер оның өмір жолы мен шығармашылығы жөнінде әсерлі естелік айтты. «Әндерін шыр­қайтын ізбасарлары бар да, бард Табылды Досымовтың аты да, шығармашылық мұрасы да жаңғыра береді», дейді Тәуірбек Бозекенов.

 

Атырау облысы