Сұхбат • 10 Желтоқсан, 2025

Ержан Сәденов: Мәдениет – қауіпсіздік пен тәртіптің кілті

60 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында барлық салада, оның ішінде құқық қорғау жүйесінде де цифрлық трансформация арқылы жүзеге асырылуы тиіс міндеттер қойғаны белгілі. Осы және Жолдауда айтылған өзге де тапсырмалар жөнінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен әңгімелестік.

Ержан Сәденов: Мәдениет – қауіпсіздік пен тәртіптің кілті

Фото: polisia.kz

– Жақында әлеуметтік желілерде елордада робот-итпен патрульдеп жүрген полицейдің видеосы кең тарады. Ал қала сыртындағы жолдарда құқықбұзушылықтарды тіркейтін дрондардың жұмысы үйреншікті құбылысқа айналды. Осындай заманауи құралдар елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесінің цифрлық әлем талаптарына бейімделіп жатқанын көрсетеді. Ержан Сапарбекұлы, полиция жұмысында инновациялық тәсілдер қаншалықты кең қолданылып жүр?

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында цифрландыру, жасанды интеллект дәуіріндегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Иә, біздің жұмысымыздағы басты көрсеткіш – азаматтардың сенімі. Ол қауіпсіздік пен қорғаныш сезіміне негізделеді. Осы үшін құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау, жазаның бұлтартпастығы, заңға құрмет қағидаттарын қоғамда орнықтыру бағытында үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жасанды интеллект дәуірінде, әрине, цифрлық шешімдер ерекше маңызға ие. Бүгінде олар біздің жұмысымыздың барлық бағытында, электронды қылмыстық және әкімшілік іс жүргізу, құжат айналымы, мемлекеттік қызметтерді онлайн-платформалар арқылы көрсету кезінде қолданылады.  Жолдардағы тәртіпке цифрлық «көмекшілер» бақылау жасайды. Жол қозғалысы ережелерінің бұзылғанын автоматты тіркеу жүйесі жылдамдықты асырғанды, қауіпсіздік белдігін тақпағанды және басқа да бұзушылықтарды анықтайды. Жаяу жүргіншілер өткелдерінде автоматтандырылған кешендер («ақылды» өткелдер) енгізілді. Жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілер автоматты түрде камераға түседі.

Жүргізілген бейнемониторинг жүйесі арқылы жеке тұлғаларды анықтау жүзеге асады, ол қылмыскерлерді іздеуде, жоғалған адамдарды, соның ішінде балаларды табуда, қоғамдық орындарда қалдырылған заттар туралы белгі беруде көмектеседі. Біз робот-иттерді сынақтан өткізіп жатырмыз. Олар да бұзушылықтарды тіркеп, тұлғаларды анықтайды. Бұл – «осы жерде және дәл қазір» жұмыс істеуге көмектесетін жылжымалы интеллектуалды жүйе.

Бет-әлпетті, нысандарды және көліктің қозғалыс бағыттарын тану функциясы бар ақылды камералар «Цифрлық күмбез» жүйесіне де енгізілген. Ұшқышсыз ұшу аппараттары жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Омниканалды хабарлама қабылдау жүйесі іске қосылды. Азаматтар құқық бұзушылықтар туралы полицияға тікелей Egov Mobile арқылы, сондай-ақ банк қосымшалары арқылы хабарлай алады. «Заң және Тәртіп» цифрлық сервисі іске қосылған бірнеше айдың ішінде 35 мыңнан астам хабарлама түсті.

Цифрлық құралдарды кеңейту жұмысы жалғасуда. Бүгінде жедел басқару орталықтары аудандарда да ашылып жатыр. Камералар қылмыстарды ашуда да, олардың алдын алуда да ең тиімді құралдардың бірі болып қала береді. Патрульдік және учаскелік полиция инспекторлары планшеттер қолданады. Ашықтықты қамтамасыз ететін видеожетондар бар. Қызметтік автокөліктер де бейнебақылаумен жабдықталған.

– Дегенмен қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жолдардағы жағдай алаңдаушылық тудырады. Мемлекет басшысы жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? Тәртіпті тек әкімшілік шаралар арқылы орнатуға бола ма?

– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – менің жеке бақылауымда. Әрбір апаттың артында бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының тағдыры тұруы мүмкін. Бұл – азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы. Жыл өткен сайын көлік ағыны артып келеді. Соңғы алты жылда автокөлік саны 50 пайызға өсті. Жыл сайын жол апаттарынан 2 мыңнан астам адам көз жұмады. Биыл 30 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Әрбір ЖКО бойынша біз талдау жүргіземіз. Себептер мен факторларға қарай шаралар қабылдаймыз. «Жол қатені кешірмейді» деген белгілі сөз бар. Талдау көрсеткендей, бұл қателер көбіне жүргізушілердің тәртіпсіздігінен болады. Апатқа себеп болған негізгі бұзушылықтар – жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, мас күйінде көлік басқару.

Жалпы, соңғы жылдары жолдағы өлім-жітім шамамен 10 пайызға азайды. Алайда ірі жол апаттары алаңдатады. Әрбір ауыр оқиға бойынша қызметтік тексерулер жүргіземіз. Экипаждардың, бұзушылықтарды тіркеу жүйелерінің және басқа да проактивті құралдардың жұмысын тексереміз. Өңірлік полиция департаменттерінің басшылары жолға шығып, жағдайды өздері мониторинг жасап отырады.

Өліммен аяқталған ЖКО-лардың көпшілігі Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе және Алматы облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде патрульдеу күшейтілді, дрондар іске қосылды, қосымша профилактикалық шаралар қолданылады.

Елді мекендердегі қайғылы оқиғалар көбіне жаяу жүргіншілерді қағумен байланысты. Мұнда жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің ортақ жауапкершілігін атап өткім келеді. Қосымша бағдаршам орнату, реттелетін өткелдер және басқа да инфрақұрылым мәселелері көтерілуде. Мұнда әкімдіктер мен уәкілетті органдардың рөлі жоғары. Нәтижесінде жағдай жақсарып келеді. Мысалы, Қарағанды облысында 22 «ақылды» жаяу жүргінші өткелі орнатылды. Осы учаскелерде жол-көлік оқиғалары тіркелмеген.

Бүгінде самокаттарды пайдалану – өзекті мәселе. Мемлекет басшысы бұл туралы жеке тоқталды. Маусым кезінде осы көлік құралдарына бақылауды күшейтеміз, әсіресе мегаполистерде. Қажетті түзетулер Парламентте қаралып жатыр.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кешенді түрде қараймыз. Болашақ жүргізушілерді оқыту процесі де бақылауда. Өткен жылы өзіндік дайындық алынып тасталды. Автооқу орындарын есепке аламыз. Жалпы, жолдағы жағдайды жақсарту үшін үлкен алдын алу шаралары жүргізілуде, бірақ басты рөл адам факторына тиесілі. Бұл – тәртіп, мұқияттылық, жауапкершілік, жүргізушілердің өзара құрметі.

– Сіз жүргізушілердің мәдениеті мен жеке жауапкершілігі туралы айттыңыз. Жүргізушілердің құқықтық санасы өзгеріп жатыр ма? Сандар нені көрсетеді?

– Әкімшілік құқық бұзушылықтар азайып жатқан жоқ. Биыл 14 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелді. Бірақ тек цифрларға қарап тұжырым жасауға болмайды. Бұған себеп бар. Бұзушылықтардың басым бөлігі автоматтандырылған бағдарламалық кешендермен тіркеледі. Мен олардың көбін жоғарыда атап өттім. Биыл олардың саны артты.

Қабылданған шаралар, соның ішінде заңнамалық нормалар нәтижесін берді. Мысалы, 2019 жылы 28 мың мас жүргізуші анықталса, биыл олардың саны 5 мыңға аз. Бұл ретте көлік саны өскенін айта кеткен жөн. 2020 жылдың қаңтарында мас жүргізушілер үшін жазалау шаралары қатаңдатылған болатын. Мұндай шешімдердің басты мақсаты – жазалау емес, тәртіпке салу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кейбір скептиктер бұл жазаны жұмсартуды ұсынған. Бірақ біздің ұстанымымыз қатаң. «Мас жүргізуші – қылмыскер». Оларға ешқандай кешірім болмауы тиіс.

Жолдардағы мәдениет пен азаматтардың құқық бұзушылықтарға төзбеушілігі сандармен ғана емес, нақты жағдайлармен де көрінеді. Мысалы, Ақмола облысында 10 жасар бала полицияға хабарласып, бұзушылық туралы айтқан. Ол жүргізушінің қызылға өткені мен қауіпті бұрылыс жасағанын байқапты. Баланың қырағылығының арқасында ауыр зардаптың алдын алдық. Жүргізуші мас болған, әрі бөтен көлікті мініп жүрген.

Біз бірнеше рет «Үлгілі жүргізуші» акцияларын өткіздік. Нәтижелер көрсеткендей, тәжірибесі мол, жауапты, адал жүргізушілер өте көп. Бұл – мәдениет, тәртіптің негізі.

– Цифрлық трансформация, жасанды интеллект дамып келеді. Алайда, оның жағымды жақтарымен бірге, теріс жақтары да бар. Алаяқтар  ЖИ көмегімен дауыс пен бейнені оңай қолдан жасап жүр. Киберқауіпсіздік қалай қамтамасыз етіліп жатыр?

– Бүгінде интернеттегі алаяқтық – ең кең тараған қылмыстардың бірі. Осы бағытта тиімді шаралар қабылдау үшін бір жыл бұрын ІІМ құрамында Киберқылмысқа қарсы әрекет ету департаменті құрылды. Оның жұмысында байланыс операторларымен, банктермен, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Нәтижесінде 85 миллионға жуық алаяқтық қоңырау бұғатталды, алаяқтар жымқыруға тырысқан 2,5 миллиард теңгеден астам қаражаттың жолы кесілді. Онлайн-қылмыстарға қарсы үлкен жедел, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шетелдік әріптестермен бірлесіп, deepfake технологиясын қолданған 5 call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Бейне мен дауысты қолдан жасауға арналған бағдарламалар орнатылған құрылғылар тәркіленді.

Сұхбаттасқан –

Гүлжанат ЖҰБАНИЯЗОВА