Әлемдегі ең қауіпсіз жолдар – Исландияда. Еуропалық одақтың ресми статистикалық мәліметіне сүйенсек, аталған елде 2023 жылы әр 100 мың адамға шаққанда 2,1 адам жол апатынан қаза тапқан. Салыстырмалы түрде айтсақ, Германияда бұл көрсеткіш 3,4, Францияда 4,8 болса, елімізде 2024 жылы 12,2 адамды құрады.
Ал Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов былтыр елімізде 2 452 адам жол-көлік апатынан қаза болғанын айтты.
«Өкінішке қарай, жол апатынан болатын өлім-жітім бойынша Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерден артта қалып отыр. Жапонияда бұл көрсеткіш ең төмен деңгейде, Еуропа елдерінде де жағдай салыстырмалы түрде әлдеқайда жақсы», деді О.Бекарысов.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, жол-көлік оқиғасының салдарынан 2022 жылы – 2 425 адам, 2023 жылы – 2 543, өткен жылы 2 579 адам қаза тапқан. Ал биыл 10 айда тіркелген 29 мыңнан астам жол-көлік оқиғасынан 1 912 адам жан тапсырған.
О.Бекарысовтың айтуынша еліміздегі жол апаттарының жартысынан астамы Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Алматы, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында орын алған. 2015 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта елдегі жол-көлік оқиғалары біртіндеп азайғанымен, 2020–2023 жылдары қайта өскен.
Еуропалық одақ мәліметінше, 382 мың халық тұратын Исландияда 13 мың шақырым жол бар. Мәселен, Ресейде 1,5 млн (халық саны 146 млн), АҚШ-та 7 млн шақырым (халық саны 333 млн), ал елімізде жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының желісі 96 мыңнан астам шақырымды қамтиды, оның көпшілігі қайта жаңғырту мен жөндеуге мұқтаж. Сондай-ақ еліміз арқылы жалпы ұзындығы 23 мың шақырымды құрайтын бес халықаралық автомобиль бағыты өтеді. Әрине, мысал етіп отырған Исландияда халық саны да, жолдар да, көліктер де әлдеқайда аз.
Біздегі секілді көлікті жылдамдықтан асырып айдап, қарсы бетке шығып кетер болса қай жол да қауіпті. БАҚ-тағы Исландия туралы жазылған бірнеше мақаланы сараптай келе ұққанымыз, елдегі көлік қозғалысы бірқалыпты, көп жолақты магистральдар немесе күрделі жол айрықтары жоқ, автомобиль жолдарында максималды жылдамдық 90 км/сағат, қалаларда 30-50 км/сағатты құрайды. Жолдарының сапасы жоғары, бүкіл ел арқылы өтетін айналма жол жоғары сапалы асфальттан жасалған. Үлкен шұңқырлар сирек кездеседі, өйткені олар пайда болысымен тез жөнделіп, қалпына келтіріледі. Барлық жол бойына белгі қойылған. Тіпті кедір-бұдыр жолдың басталатыны туралы белгі бар. Жалпы, Исландия – күрделі рельефті таулы ел. Сондықтан бұл елде бізде өте сирек кездесетін бірнеше жол белгісі бар.
Исландияда мас күйінде көлік жүргізуге жол берілмейді. Елде заң өте қатал. Мәселен, қандағы алкогольдің шегі – 0,02 промиль болса, көлік құралын басқаруға болмайды. Ал салыстырмалы түрде айтсақ, елімізде жүргізушінің алкоголь не психотропты зат қабылдағанын анықтау мақсатында өткізілетін медициналық куәландыру ережесінде алкогольдің қандағы мөлшеріне қатысты кестеде алкоголь мөлшері 0,5-тен аспау қажет. Яғни алкотестер 0,5 промиллеге дейінгі мөлшер көрсетсе, жүргізуші мас емес дегенді білдіреді.
Мас күйінде көлік жүргізгендерге ірі көлемде 60 мыңнан 320 мың исланд кронасына дейін (264 000-нан 1 435 823 теңгеге дейін) айыппұл салынады. Елде жол-көлік ережесін бұзғандарға автоматты түрде айыппұл салатын көптеген камера орнатылған. Сонымен қатар барлық айыппұл автобустарға немесе тіркемелері бар көліктерге қатысты болса, 20 пайызға артық төлейді.
Бұл елдегі айналма жол – негізгі туристік бағыт. Онымен жүріп, елдің басты көрікті жерлерін көруге болады, сондықтан билік оған жіті назар аударады. Ірі қалалар мен қалааралық магистральдардан тыс жерлерде көптеген асфальтсыз жолдар бар, онымен автомобильдер де жүреді. Асфальтсыз жолдардағы жылдамдық шегі 80 км/сағ, бірақ жүргізушілер көбінесе баяу жылжиды. Жалпы, Исландия жолдары өте жоғары жылдамдықпен жүруге арналмаған. Оның үстіне ел билігі адам өліміне әкеп соқтыратын жол-көлік оқиғаларына өте мұқият, әрбір оқиғаның себебін мұқият зерттейді. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы 17 күнінде Исландияда жол-көлік оқиғасынан бес адам қаза тапқан. Бұл – 1977 жылдан бергі ең жоғары өлім көрсеткіші. Исландия көлік басқармасының коммуникациялар жөніндегі директоры Торхилдур Элинардоттир соңғы 10 жылда жол-көлік оқиғалары смартфондар мен электр скутерлерінің кесірінен болатынын айтады.
Қысқаша айтқанда, Исландияның жол қауіпсіздігі бірнеше фактордың нәтижесі – халық санының аздығы, жоғары айыппұл, баяу қозғалыс пен жоғары сапалы инфрақұрылым. Исландиялықтардың өздері де көлікті аса үлкен жауапкершілікпен жүргізуге машықтанған, жылдамдықты арттырудан, ішімдік ішіп көлік жүргізуден аулақ болуға тырысады.
Швецияның Ұлттық автомобиль қауымдастығы (Riksförbundet M Sverige) жариялаған баяндамаға сәйкес, сондай-ақ ең қауіпсіз жолдар бойынша әлемде Нидерланд көш бастап тұр, одан кейін Норвегия, Швеция мен
Эстония.
Ал «World Population Review» әзірлеген Жол сапасының индексіне зер салсақ, (Quality Road Index – QRI) жол сапасының индексі (6,45) Сингапурда ең жоғары. Одан соң Швейцария, Гонконг, Португалия бар. Сондай-ақ бұл рейтингке Жапония, Франция, БАӘ, Аустрия кіреді. Әлемдегі ең көп жол АҚШ-қа тиесілі болғанымен, жол сапасы бойынша ең жоғары рейтингке ие емес. Мавритания әлемдегі жол сапасының ең төмен индексіне ие, оның рейтингі небәрі 2,03, одан сәл жоғары Гаити (2,05), Ангола (2,08) мен Конго (2,09) тұр. Сондай-ақ Мозамбик, Нигерия мен Лесото ең төменгі орынға жайғасқан.
«World Population Review» сарапшыларының пайымдауынша, ел жолдарының сапасын бағалау кезінде ірі қалалар арасындағы жол жүру уақытына негізделген орташа жылдамдық көрсеткішін ескеру маңызды. Осы орайда АҚШ жүргізушілері көш бастап, одан соң Канада, Сауд Арабиясы мен Португалия орналасады.
Орташа жылдамдық көрсеткіші ең төмен ел қазіргі уақытта Бутан болып тұр. Непал мен Шығыс Тимордың орташа жылдамдығы Бутанға қарағанда сәл жақсырақ, 40-орында келеді. Бангладеш, Гаити, Никарагуа – орташа жылдамдық көрсеткіші ең төмен елдер қатарында.
Жол сапасы барлық елдер инфрақұрылымының маңызды бөлігі. Сондықтан ең қауіпсіз жолдары бар елді анықтап, оны ғылыми тұрғыдан зерттеу қазіргі кезде өзекті болып тұрған мәселенің бірі. Жалпы, QRI рейтингі мен Жол сапасының индексі жыл сайын 144 елдің бизнес көшбасшылары қатысқан дүние жүзіндегі жолдар туралы пікірлерімен (сауалнама жүргізіледі) анықталады.