Құқық • Бүгін, 08:33

Түзу жолға бастайтын қадам

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейтін халықпыз. Рас, қылмыстың қай түрі де жазаға лайық. Алайда жазасын өтеген адамның қоғамға қайта оралуы, сіңісіп кетуі – әлдеқайда күрделі мәселе. Осы орайда сотталғандарды еңбекке тарту мен олардың өмірге бейімделуіне жағдай жасау – бүгінгінің өзекті тақырыбы.

Түзу жолға бастайтын қадам

Сурет:zakon.kz

«Еңбекпен түзеу» дегенді тек кеңестік жүйенің қалдығы деп қарауға келмейді, өйткені ол дамыған елдердің де тәжірибесінде бар. Мысалға, Панамадағы «La Joyita» түрмесінде отырғандар қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады. Олар түрме қал­дық­тарын жинап, қайта өңдеп, сатады. Бұл бастама қылмысты қай­талау деңгейін 65%-дан 45%-ға дейін төмендеткен. Ал Таиландта сот­талғандар «Muay Thai» жекпе-жегін үйреніп, жарыста жеңіске жеткен жағдайда жазасын қысқартуға жол ашылады. Бұл олар­дың тәртібі мен өзін бақылауға алу дағдысын арттыратын көрі­неді. Тағы бір қызық дерек, Бразилияда сотталғандар кітап оқып, эссе жазу арқылы жазасын қысқарта алады. Әр дұрыс жазбаға төрт күндік жазаны қысқарту мүмкіндігі бар. Шетелде, негізі­нен, ауыл шаруашылығы, өндірістік салалар, қоғамдық жұмыс, кәсіби оқыту арқылы еңбекке бейімдеу сынды еңбекпен түзеу бағыттары жолға қойылған.

Міне, осы мәселені Абай елі басты назарда ұстап отыр. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, биыл Абай облысында 150-ден астам сотталған азамат жұмыспен қамтылған. Бұл – істі болып, жазасын өтеп жатқан азаматтарға да қоғамда орын бар екенінің дәлелі. Мысалы, жыл басынан бері Абай облысында сотталғандарды жұмыспен қамтуды кеңейту бағдарламасы аясында орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекеме аумағында төрт бірдей жаңа өндірістік орын іске қосылды. Өндіріс қатарында темірбетон бұйымдарын өндіруге бағытталған жаңа жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС), қолданбалы өнер бұйымдарын өндіруге маманданған жеке кәсіпкерлік (ЖК), полистирол блоктері мен кірпіш өндіретін орын бар. Маусым айында қайталама шикізатты өңдеу, картон мен скотчты ажыратумен айналысатын тағы бір серіктестік жаңа жұмыс орнын бастады. Жұмыс орындары сотталғандардың еңбекке тартылуына ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби дағдыларды меңгеруіне ықпалын тигізіп жатыр. Сотталғандардың еңбегі кесімді ақы төлеу жүйесімен ұйымдастырылған.

– Мекеме аумағында жұмыс орындарының ашылуы – сотталғандарды түзеу мен оларды қоғамға қайта бейімдеу ісіндегі маңызды қадам. Бүгінде біз нақты оң нәтижелерді байқап отырмыз: сотталғандар кәсіби дағдыларды меңгеріп, жалақы алып, еңбектің маңызын түсініп жатыр. Алда өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа серіктестерді тарту жоспарда бар, – дейді сотталғандарды еңбекпен қамту бөлімінің бастығы Қуаныш Тоқанов.

Қазір мекеме аумағында 3 ЖШС мен 11 ЖК жұмыс істейді. Әрбір өндірістік орында 5-тен 20-ға дейін сотталған еңбек етеді. Мұнда сотталғандарды жұмысқа тартумен қатар, білім саласында да бірқатар мүмкіндік беріледі. Жуырда ғана Абай облысында тігінші және дәнекерлеуші мамандығын игерген 35 азамат техникалық білім туралы диплом алды. Білім беру бағдарламасы пенитенциарлық мекеме мен өңірдің кәсіптік-техникалық оқу орны арасындағы бірлескен жоба аясында іске асқан.

– Бұрын ешқашан зауытта істеп көрмегенмін. Қазір темір­бетон бұйымдарын құюды үйреніп жатырмыз. Бастапқыда қиын бол­ды, қазір біртіндеп меңгеріп келеміз. Жалақы да аламыз. Үйдег­ілерге көмектесіп жүрмін шамамша. Ең бастысы – уақыт бос­қа өтпейді. Шынымды айтсам, еңбекке араласқалы өмірге деген көз­қарасым өзгерді, – дейді сотталған азамат Ақтілеу Амантай.

Елде де еңбекпен түзеудің оңтайлы тәсілі мен бағыты артса, сотталғандардың қоғамға сіңісуіне де ерекше қолдау туары сөзсіз. Сотталғандарды еңбекпен түзеу – тек жазаның бір түрі емес, жаңа өмірге бастар жол болуға тиіс.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар