Саясат • Кеше

Рухани байланысты нығайту – ортақ ұстаным

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төраға­сы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшы­лығының басшысы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат жұмыс сапарымен Ватиканға барды. Сапар аясында делегация мүшелері Рим Папасы XIV Леоның аудиенциясында болды. Сондай-ақ Қазақстанның конфессияаралық бас­тамалары мен Ватиканның рухани көшбасшылығына арналған халық­аралық дөңгелек үстелге қатыс­ты. Конференция алаңында Мәулен Әшімбаев Қасиетті Тақ­тың Дінаралық диалог жөніндегі дикас­те­риясының префекті кардинал Джордж Кувакадпен, өзге де дін істері ұйымдарының өкілдері­мен екіжақты кездесулер өткізді.

Рухани байланысты нығайту – ортақ ұстаным

Сенат төрағасы Рим Папасы XIV Леоға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін және елімізге Апостолдық сапармен келу жөніндегі шақыруын жеткізді. Мәулен Әшімбаев кездесуде Қазақстанның Ватиканмен көпжос­парлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

«Түрлі этностық және діни қауым­дастықтардың құтты мекені саналатын Қазақстан Қасиетті Тақтың бейбітшілікті, үйлесімділікті және өзара құрметті дәріптеу жөніндегі бастамаларымызды үнемі қолдап келе жатқанын жоғары бағалайды. Қазақстан мен Ватикан арасындағы айрықша достық пен ын­тымақтастық қалыптасқан сабақтастыққа табан тіреп, нығайып келеді. Аса Қасиетті, Сіз бүгінде өзара қарым-қатынасты жаңартылған тәсілдер негізінде дәйекті түрде одан әрі дамытып отырсыз. Біз Ватиканның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне көрсеткен тұрақты қолдауы үшін ерекше ілтипатымызды білдіреміз. Сіздің VIII Съезд қатысушыларына үндеуіңіз осы форумның Қорытынды декларациясымен бірге, жаһандық диалогті нығайту және экстремизм мен төзбеушілікке қарсы іс-қимыл жолындағы рухани бағдар ретінде қызмет етеді. Аса Қасиетті, Өзіңізге қолайлы уақытта Апостолдық сапармен Қазақстанға келуіңіз біз үшін үлкен мәртебе болар еді. Мұндай сапар өңіріміздегі әралуан қоғамның өкілдерін жігерлендіріп, әділетті әрі үйлесімді халықаралық тәртіпті көздейтін ортақ ұмтылысымызға тың серпін береді сенемін», делінген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рим Папасы XIV Леоға жолдаған арнайы хатында.

Мәулен Әшімбаев аудиенция үшін алғыс білдіре отырып, Ватикан делегациясы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезінің Қорытынды декларациясын әзірлеуге белсенді қатысқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Съезд Хатшылығының Декларация ережелерін іске асыру мақсатымен жүргізіп жатқан жұмысына тоқталды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканмен қарым-қатынасты нығайтуға үнемі баса мән береді, сондай-ақ Сіздің дінара­лық және мәдениетаралық диалогті нығайту жөніндегі күш-жігері­ңізді жоғары бағалайды. Қасиетті Тақ­тың өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезінің Аста­на бейбітшілік декларациясы-2025 атты қо­ры­тынды құжатын әзірлеуге белсен­­ді қатысты. Съезд Хатшылығы Декла­ра­цияны іске асыру аясында діни ұйымдар­дың климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі туралы құжат да­йын­дау жұ­мыс­тарын қолға алды. Сондай-ақ дін көш­бас­шыларының көзқарасын ескере отырып, Жасанды интеллектіні дамытудың этикалық кодексін әзірлеуді де бастадық. Біз ғылыми-технология­лық прогресс шеңберінде рухани құнды­лық­тарға басымдық беру идеясын дәріп­тейтін Қасиетті Тақтың осы саладағы көш­­­бас­­шылығын жоғары бағалаймыз. Бұл мә­­селеде Католик шіркеуінің инсти­тут­тарымен белсенді өзара іс-қимыл орнатуға дайын­быз», деп М.Әшімбаев Рим Папа­сына діни сенімі үшін қаза тапқан­дар­ды еске алу белгісі ретінде Қазақ­стан аума­ғында қуғын-сүргінге ұшыраған католик діні қызметкерлерінің тізімін табыс етті.

Өз кезегінде, Рим Папасы XIV Лео Қазақстанның түрлі діндердің өкіл­дері арасындағы бейбітшілікті жолға қою және жаһандық деңгейде өркен­деуді ілгерілету жөніндегі бастамаларын жоғары бағалайтынын жеткізді. Понтифик қазіргі сын-қатерлер жағ­дайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында жасалып жатқан ізгі амалдар мен қадам­дар­дың маңызды екенін атап өтті. Сон­дай-ақ ол Қасиетті Тақ тарапы мұн­дай миссияны үнемі қолдайтынын айтты.

Қазақстан мен Ватиканның бейбіт­шілікті, диалог пен өзара түсіністікті ілгерілету жөніндегі бірлескен бастамаларына арналған дөңгелек үстел барысында дін көшбасшыларының қазіргі рөлі мен рухани дипломатияның маңызы жан-жақты талқыланды.

М.Әшімбаев бүгінде рухани көш­бас­шылар діни сеніміне, этностық те­гіне және саяси көзқарасына қарамас­тан әртүрлі мәдениеттер, діндер мен халықтар арасындағы қарым-қатынастың берік көпірін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Өйткені дін лидерлері қоғамда адамгершілік пен бірліктің қажеттілігі артқан кезде дұрыс бағдарды айқындап, оң құндылықтар жүйесін насихаттауға ықпал ете алады. Сонымен қатар ол Съезд Хатшылығы мен Ватикан Дикастериясының Астана бейбітшілік декларациясын іске асыру барысындағы бірлескен жұмысына арналған маңызды міндеттерге назар аударды. М.Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан Президенті жаңа жаһандық қозғалыс қалыптастыруға, климаттық өзгерістерге қарсы күрес шараларына және заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалануға баса мән беріп отырғанын тілге тиек етті.

«Рухани көшбасшылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілік жолында жаңа жаһандық қозға­лыс қалыптастыру жөніндегі баста­масына қолдау білдірді. Бұл – халық­аралық диалогті жандандыруға және келіспеушіліктер мен қақтығыстарды еңсеруді, халықтар арасындағы сенімді нығайтуды, бейбітшілік пен әділеттілік мұраттарын орнықтыруды қалайтын барлық қоғамның күш-жігерін біріктіруге бастайтын маңызды қадам. Осы орайда халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынты­мақтастық үлкен рөл атқарады. Алда­ғы уақытта да Астана бейбітшілік декла­ра­циясының негізгі ережелерін іске асыру жолында Дикастериямен сындарлы өзара іс қимылымызды әрі қарай жалғас­тыра береміз деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Дөңгелек үстел аясында Қазақстан­дағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтің халықаралық орталығы мен Ватиканның Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясы арасында меморандумға қол қо­йылды. Құжат өзара мойындауды бекі­тіп, тараптардың дінаралық және кон­фес­сияаралық дипломатия са­ласын­дағы ынты­мақ­тастықты дамыту­ға, сондай-ақ инсти­туционалдық серіктес­тікті нығай­туға арналған міндеттемелерге бейіл екені растайды. Өзара түсіністік тура­лы меморандум екі тарап та мүдделі сала­­лар­да озық тәжірибемен және білім­мен ал­масуды көздейтінін де атап өткен жөн.

Сонымен қатар бұл күні Сенат төр­ағасы Қасиетті Тақтың Дінаралық диа­лог жөніндегі дикастериясының пре­фек­­ті кардинал Джордж Кувакадпен екі­­жақ­ты кездесу өткізді. Онда екі елдің мә­де­ниетаралық және дінаралық диалог сала­сындағы ынтымақтастығының басым бағыттары сөз болды. 

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07