22 Ақпан, 2015

Геннадий Головкин 11-раундта нокаутпен жеңіске жетті

242 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

22-02-15-golovkin-4

АСТАНА. 22 ақпан. Астана уақытымен 5 сағат 40 минутта қазақстандық Геннадий Головкин WBA және IBO версиялары бойынша чемпиондық атағын қорғау үшін британиялық Мартин Мюрреймен болған ұрыста 11-раундта нокаутпен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Монте-Карлода өткен «Үлкен бокс кешінде» аталмыш қарсыластар 04:45 сағатта рингке көтерілді. Еске сала кетейік, бұл күні бір-бірімен түйдей құрдас екі боксшы да 32-ші мәрте шаршы алаңдағы жекпе-жекке шықты. Біздің бағлан әдеттегідей ұрыстың басынан оның тізгінін қолына ұстады. Ринг төрінде бірінші нөмірмен ойнаған оның қимылдары барған сайын сенімді бола түсті. Соның ыңғайында Гена қарсыласын 4-раундта екі рет нокдаунға жіберді. Содан кейін 10-раундта да британиялық жігіт жер сипап қалды. Мұның екеуінде де оны сол кезде соғылған гонг аман сақтап қалды. Дегенмен, 11-раундта Мартин Генаның соққысынан құтыла алмады. Бұл жолы өте қатты тиген жойқын соққы оны біржола тұралатып тастады. Нокаут! Осымен Геннадий Головкин өзінің 2015 жылғы маусымашар шайқасын жеңіспен аяқтап, жалпы ұтысының санын 32-ге жеткізді. Былайша айтқанда, барлық айқастарында тек жеңіске қол жеткізді. Ол бұлардың 29-н нокаутпен бітірді. Сөйтіп, атақты Майк Тайсонның нокаут саны жөніндегі рекордын қайталады. Жарайсың, Гена! Руслан Игілік. Дерек: egemen.kz. Фото: «ВКонтакте».