Нар тәуекелге екінің бірі бара бермейтіні белгілі. Алаш қайраткерлері азаттық жолында аттандаған Батпаққара (Қостанай облысы Амангелді ауданы) өңірінде режиссердің ата-анасының кіндік қаны тамған. Өзі оңтүстікте туып-өссе де Торғай елін атамекенім деп білетін ол: «Мен Арқа жерінің азаматымын, Амангелді батыр елінің тумасымын», деп мақтанышпен айтып отыратын. Аяулы жеңгем Ұлтай Смағұлқызының туған нағашысы Қалдыбай Сейтбатталұлы Әбеновтің ата-анасы Амангелді ауданынан ертеректе Оңтүстік өңіріне қоныс аударған екен.
…Қалдыбай да өзге балалардай киношыл еді. Осы бір өнерге деген ынтызарлығы Алматыдағы дәрігерлік институтта оқып жүрсе де басылмай-ақ қойды. Ақыры ол оқуын тастап Мәскеуден бір-ақ шықты.
Небір кино жұлдыздарын қанат қақтырған әйгілі Кинематография институтының режиссерлер даярлайтын бөліміне қиналыссыз-ақ түскен. Өзі тек экраннан ғана көріп, талантына табынған өнер тарландарынан дәріс алды. Қиындығынан қуанышы мол студенттік күндер, институт пен киностудия арасын жол қылған қызықты кештердің бірінде көгілдір көзді мәскеулік арумен кездескен. Өнер, өмір туралы әңгімелері жарасқан жастардың танысуының соңы табысуға әкелді. Олар көп ұзамай шаңырақ көтерді. Институтты үздік тәмамдаған Қалдыбай еңбек жолын «Мосфильм» киностудиясында бастады. Алып астана тұрғынына айналып, жайлы пәтер, жақсы қызметке де ие болды. Әке атанды.
Алайда әлемді дүр сілкіндірген Алматыдағы Желтоқсан жаңғырығы мен жалынының ұшқыны Әбеновтер шаңырағын да шарпып өткен еді. Сол сағатта сан жылдар бойы қылбұраумен үнсіз қылғындырып, ақыры тіліміз бен дінімізден айыруға жақындаған өктем саясатқа, отарлаушы озбыр күшке қарсы шыққан қазақтың алмастай жастарын «бұзақы, бүлікші топ» деп орталық жамырай жамандап жатқан-ды.
Шетелден іссапардан оралған Қалдыбайға «сен еліңдегі жаңалықты естімеген боларсың? Жерлестерің желігіп, жаңа сайланған орыс басшыға қарсылық жасап жатыр дейді. Бұл деген барып тұрған ұлтшылдық қой», деп әйелі соңғы хабарды жақтырмаған үнмен жеткізген. Оның сөзінің байыбына бара алмаған Қалдыбай бұл жайында қайталай сұраған. Әйелінің жүзінде бұрын байқалмаған ызғар бардай. Жаңа басшыға наразылық білдіріп қазақтар көтеріліске шығыпты, орыстарды соққыға жығып жатқан көрінеді. «Сендердің сауаттарыңды ашқаннан басқа біздің халық не жамандық жасады?» деп қазымырлана сөйлеген жарының жанарында бүкіл қазақ атаулыға деген жеккөрушілік, үнінде өзімшіл өктемдік бар секілді.
Қасиетті халқына жазықсыз жала жауып, кесірлене сөйлеген келіншегіне жабыға қараған Қалдыбай өзін-өзі ұстай алмаған. Шарт еткен шапалақ үнімен қабаттаса шар етіп шыққан кішкентай ұлының даусына да құлақ түрмей далаға атып шықты. Мұның өзін жар етсе де, ұлтын сыйлағысы келмеген келіншекпен қоштасуды жөн көрген намысқой жігіт сол күні ұшақпен Алматысына аттанып кетті.
Қалдыбай Алматыға келгенде қала үстін қара бұлт торлаған, қар үсті қан жоса еді. Оның көз алдында бейкүнә бауырлары – қаракөз қарындастары мен жауқазын жас жігіттер аяусыз жазаланып жатқан-ды. Әділдік іздеп шырылдаған қыршындардың әлсіз даусының озбырлық пен өктемдіктің астында көміліп қалғанының куәсі болды. Осы бір сұмдық сойқанды көре тұра, қолұшын бере алмағанына жаны күйзеліп, жүрегі шаншыды. Тоталитарлық жүйені тітіркендірген Желтоқсан көтерілісінің куәсі болған Қалдыбай Сейтбатталұлы: «Бұл ұлы қозғалыс. Таяқ жеген, қорланған, зорланған біздің қазақ жастары. Олардың ерлігі туралы ақиқатты болашақ ұрпаққа біздің жеткізуіміз парыз», деген еді сол сәтте.
Көп ұзамай қуғын-сүргін құрбандары ақтала бастады. Тәуелсіздік үшін тар қапаста қамалып, ауыр үкім шығарылған қаһарман қыз-жігіттерді арашалаушы топ арасында Қалдыбай Әбенов те бар еді. Азамат ақын Мұхтар Шахановтың араласуымен қайта құрылған «Желтоқсан қоғамдық бірлестігі» құрамына Қалдыбай Әбенов те кірді. Осы ұйым мүшелерінің араласып, талап етуімен әділетсіз жаламен сотталған көптеген желтоқсандық кейін ақталды да.
Жалаң қол, жалынды жүрекпен алаңға шыққан Алаш жастарының ерлігін мәңгі есте қалдырып, кейінгі ұрпаққа әйгілеу мақсатында ол «Аллажар» фильмін түсіруге кірісті. Мәскеуден әріптесі А.Лапшинді шақырып, қудаланған жастарды іздеп тапқан режиссер 1988 жылдың аяғында фильм түсіруді бастаған. Сценарист әрі режиссер Қалдыбай Әбенов тікелей Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жантүршігерлік көріністердің куәсі болуы, көркемсуретті-деректі фильмнің сәтті шығуына көп септігін тигізді. Ол туындысына керекті құжаттарды, мұрағат материалдарын қажымай-талмай іздеп, желтоқсандықтармен тікелей тілдесіп, фильмде шеберлікпен пайдалана білді.
2000 жылы ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми-конференция аясында елімізде түсірілген фильмдер үш апта бойы көрсетіліп, үш күн бойы талқыланды. Осы талқылауда француз кинозерттеушісі Клое Дриё: «Маған «Аллажар» фильмі ғана ұнады. Қазақстанда демократиялық құрылымның орнауына жол ашқан, қазақ тарихына керек шығарма», деп бұл фильмге жоғары баға берген екен.
Егемендік жолында жазаланып, жапа шеккен қазақ жастарына арналған фильм авторы Қалдыбай Әбеновтің жеке басына да Желтоқсан ызғарының әкелген қасіреті аз емес. Ол Мәскеудегі түрі қазақ, тілі орысша болып өсіп жатқан ұлы Ілиястың да болашағына алаңдап өтті. Өкінішке қарай, Желтоқсан қаһармандарына баға жетпес «Аллажардай» көркем-деректі туынды арнаған режиссер бүгінде арамызда жоқ. Желтоқсан көтерілісін өнерімен кестелеп, мәңгі ескерткіш қалдырған Қалдыбай Әбенов есімі ел есінде қалары сөзсіз.
Базаркүл АХМЕТ,
Ақпарат саласының үздігі