Қоғам • Бүгін, 08:57

Түркі тілдері күні атап өтілді

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі акаде­миясының 15 жылдығына орай 15 желтоқсан – Дүниежүзілік Түркі тілдері күні салтанатты форматта аталынып өтті. Бұл атаулы дата ЮНЕСКО шеңберінде бекітілгенін айта кетейік. Іс-шара барысында ака­де­мияның кітаптары мен архив фотосуреттері қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылып, түркі әлемінің ғылыми-рухани ынтымақтастығының нәтижесі таныстырылды.

Түркі тілдері күні атап өтілді

Іс-шараға тарихшылар, ғалым­дар, зия­лы қауым өкілдері, жоғары лауазымды тұлғалар, сондай-ақ Түркі академиясы­ның құрылуы мен қалыптасуына үлес қосқан қоғам қайраткерлері мен басшылары қатысты. Мерекелік жиын акаде­мия­ның 15 жыл ішінде жүріп өткен жолын бейнелейтін деректі фильмнің көрсетілімімен ашылып, одан кейін ресми құттықтауға жалғасты.

Алдымен сөз алған Халықара­лық Түркі академиясының прези­денті Шаин Мұстафаев акаде­мияның құрылу тарихына, оның түркі елдері үшін маңызы мен алдағы міндетіне тоқталды.

«Түркі академиясы – түркі мем­лекеттері арасындағы ғылым мен білім саласындағы интеграцияны жүйелі түрде жүзеге асырып отырған халықаралық ұйым. Академияның Қазақстанда орналасуы – рәміздік қана емес, страте­гиялық мәнге ие шешім. Қазақ­стан бүгінде түркі әлемін бірік­тіретін ғылыми және зият­кер­лік орталыққа айналып келе­ді. Осы жылдар ішінде академия тарих, археология, этногра­фия, тіл білімі, әдебиет және түрко­логия бағыттарында іргелі жобалар­ды жүзеге асырды. Ортақ әліпби­дің қабылдануы, бірлескен архео­ло­гиялық экспедициялар мен акаде­мия­­лық еңбектер – осы жүйелі жұ­мыстың нақты нәтижесі», деді ол.

Салтанатты жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйледі. Министр Түркі академиясының тек ғылыми-зерттеу орталығы ғана емес, түркі елдерін бірік­тіретін стра­тегиялық зияткерлік плат­формаға айналғанын атап өтіп, ортақ тіл, тарих пен мәдениет негізін­де қалыптасқан интеграциялық үдеріс­тердің маңызын жеткізді.

«Мәдениетіміз бен құндылық­тары­мыз – бір тамырдан тараған ортақ байлық. Біз осы тарихи негіз­дің арқасында бүгін бір алаңда, бір мақсатта тоғысып отырмыз. Түркі академиясы – қазіргі таңда ғылыми, тарихи немесе археологиялық зерттеулермен ғана шектелетін орта­лық емес. Ол – түркі елдерін бірікті­ре­тін көпқырлы, жанды әрі дамушы, платформа. Биыл ЮНЕСКО аясында жарияланған Дүниежүзілік Түркі тілдері тобы күні мен Түркі академиясының 15 жылдық мерейтойы – тарихи тұрғыдан мәні зор оқиғалар. Алдағы 20, 30, 50, тіпті 100 жылдықтарға бет алған Түркі академиясы одан әрі тереңдеп, халықаралық деңгейдегі зияткерлік хабқа айналады деген сенім бар», деді С.Нұрбек.

Түркі академиясының қалыпта­суына тікелей үлес қосқан Әділ Ахметов академияның қысқа мер­зім ішінде халықаралық деңгей­дегі беделді ғылыми институтқа айнал­ғанын атап өтіп, түркі әле­мі­нің ортақ тарихы мен зияткер­лік бірлігіне негізделген ынты­мақ­тастықтың маңызын ерекше атап айтты.

«Біздің ұялатын тарихымыз жоқ. Батыс Түрік қағанаты да, Шығыс Түрік қағанаты да – барлығы ортақ тарихымыз. Бұл бүгін көр­сетілген бейнематериалдар мен көрмеде айқын көрінді. Көп дү­ниені ұмыт қалдырғанымызды, қайта тануға мұқтаж екенімізді тағы бір мәрте сезіндік. Бүгінде түркі мемле­кет­тері бейбіт өмір сүріп отыр. Бұл – ең үлкен жетістік. Бірлік болса – даму болады. Ал осы бірліктің зият­керлік тірегіне айналған негізгі инс­ти­туттың бірі – Халықаралық Түркі академиясы», деді белгілі ғалым.

Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев Түркі ака­­де­­миясының университеттер ара­сындағы академиялық ықпал­дас­тықты нығайтудағы рөліне тоқталды.

«Сол кезеңде бұл идея көпші­лік­ке түсініксіздеу көрінді. Ха­лық­аралық ғылыми ұйымды дәл Қазақ­станда құрудың маңызын бәрі бір­дей бірден сезіне қойған жоқ. Алайда уақыт өте келе бұл шешім­нің стратегиялық тұрғыдан дұрыс болғаны анықталды», деді Ж.Түймебаев.

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00