Саясат • 15 Желтоқсан, 2025

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар – басты назарда

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру жөнін­дегі кезекті кеңес өтті. Онда негізгі азық-түлік пен азық-түлік емес тауар­лар бағасына қатысты мәселе талқыланды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар – басты назарда

Қараша айында қазанмен салыстыр­ғанда азық-түлік емес тауарлар бағасының өсімі 0,9%-ға дейін баяулады, ал азық-түлік өнім­дерінің бағасы өткен ай деңгейінде (1%) сақталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына арналған баға индексі кейінгі төрт апта бойы өзгеріссіз қалып отыр.

Серік Жұманғарин жылыжай көкөніс­терінің, әсіресе қияр мен қызанақтың маусымдық қымбаттауын ескере отырып, шекарадағы өткізу бекеттерінде түрікмен көкөністеріне шұғыл түрде «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тап­сырды. Бұл шара, әсіресе, жылыжай өндірісі жеткіліксіз аймақтарды қол­жетімді бағадағы көкөністермен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, яғни 22–31 желтоқсан аралығында елдегі супермаркеттерде «Bereke fest» акциясы бас­талады. Акция аясында фермерлер­ден тікелей жеткізілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар арзандатылған бағамен сатылады. Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылығы және жаңажылдық жәрмеңке саны артады. Желтоқсан айында еліміздің барлық өңірінде 800-ден астам жәрмеңке өткізіледі. Тек өткен аптада 149 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сауда комитетіне шалғай аудандарға, оның ішінде Маңғыстау, Ұлытау облыстарына тауар жеткізуге көмек көрсету тапсырылды. Облыста күрделі логис­тика мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қоймалар тапшы. Осыны ескере отырып, Серік Жұманғарин өңірде логистикалық орталық құру міндетін қойды. Аталған орталықтың қуаты азық-түліктің қажет­ті қорын сақтауға, логистикалық шығын­дарды қысқартуға әрі өңірлік тарату хабын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақ­тандыру тетіктері бойынша қолда­ныстағы ережелерге толықтырулар енгізу жұмысы туралы баяндады.

Өзгерістер онлайн мониторинг жүйесін орнатуды міндеттейді. Қазір «Қазақтелеком» АҚ Қызылордада 3 мың шаршы метрлік қоймада қанатқақты жобаны жүзеге асырып жатыр. Келесі жылы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация­лар­дың қоймалары осындай жүйелермен жабдықталады. Бұл әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік тауарлардың қорын жинақтауға, оның сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Өзгерістер жақын арада күшіне енеді. 

Соңғы жаңалықтар