Экономика • Бүгін, 11:00

Экономика серпін алды:11 айдағы өсім – 6,4%

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында ұлттық экономиканың негізгі көрсеткіштері жарияланды. 11 айдың қорытындысына сәйкес ел экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, нақты сектор алға шықты, деп жазады Egemen.kz.

Экономика серпін алды:11 айдағы өсім – 6,4%

Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ел экономикасының 11 айдағы өсімі 6,4 пайызға жеткенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, нақты сектордағы өсім 8,3 пайызды құрап, қызмет көрсету саласының 5,3 пайыздық өсімінен айқын басым түсті. Экономиканың негізгі драйверлері ретінде көлік, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі аталды.

Сауда көлемі 11 айда 8,8 пайызға артса, ауыл шаруашылығы 6,1 пайыздық өсім көрсетті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 5,9 пайыз деңгейінде қалыптасты.

Экономикалық өсімді қамтамасыз етіп отырған басты фактордың бірі – инвестиция. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,3 пайызға ұлғайып, 18,5 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде жеке инвестициялар 9,8 пайызға артқан.

Министр инвестиция өсімі болашақтағы сапалы экономикалық дамуға негіз қалайтын салаларда жоғары екенін атап өтті. Атап айтқанда, қаржы қызметінде инвестиция 82,8 пайызға, электр энергиясымен, газбен, бумен және ыстық сумен жабдықтауда 57,9 пайызға, білім беру саласында 31,6 пайызға, ақпарат және байланыс саласында 24,5 пайызға өсті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында инвестиция көлемі 24,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 20,7 пайызға, көлік саласында 13,3 пайызға артты. Өңірлер бойынша ең жоғары өсім Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбе облыстарында тіркелді. Ал Атырау және Қарағанды облыстарында инвестиция көлемінің төмендеуі байқалды.

Өнеркәсіп құрылымына тоқталсақ, азық-түлік өндірісі 8,7 пайызға, сусындар өндірісі 9,2 пайызға өсті. Химия өнеркәсібі 8,1 пайыздық өсім көрсетті. Мұнай өңдеу саласындағы өсім 6,5 пайызды құрады. Металл бұйымдарын өндіру 12,8 пайызға, құрылыс материалдарын шығару 7,1 пайызға артты. Тау-кен өнеркәсібіндегі өсім 9,7 пайыз деңгейінде қалыптасты.

Жалпы алғанда, жарияланған деректер экономиканың әртараптану бағыты сақталып, инвестициялық белсенділік пен нақты сектордың рөлі күшейіп келе жатқанын аңғартады.

Соңғы жаңалықтар