Медицина • Кеше

Дәріханалардағы кезек: дәрі-дәрмек неге тез таусылып жатыр?

70 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, маусымдық кезеңдерде дәрілік заттарға сұраныс күрт өседі. Бұл әсіресе, тұмау, ЖРВИ және басқа да маусымдық аурулар өршитін уақытта халықтың алдын алу және өзін өзі емдеу мақсатында дәріні көп көлемде сатып алуымен байланысты, деп жазады Egemen.kz.

Дәріханалардағы кезек: дәрі-дәрмек неге тез таусылып жатыр?

Фото: istockphoto.com

Маусымдық тапшылықтың себептері: Сұраныс күрт өскенде не өзгереді?

Маусымдық аурулар өршитін кезеңдерде халықтың өзін-өзі емдеуге бейімділігі артып, дәріханаларға деген сұраныс бірден көбейеді. Комитеттің дерегінше, дәл осы кезде дәрілердің тез таусылуы, дистрибьюторлардың жүктемесінің артуы, өңірлер арасындағы қорларды қайта бөлу қажеттілігі және логистикалық кестелердің бұзылуы уақытша тапшылыққа әкеледі.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда тапшы дәрілік заттардың арнайы бекітілген тізімі жоқ. Комитеттің аумақтық департаменттері өңірлерде жүйелі тапшылық тіркелмегенін хабарлайды. Алайда геосаяси жағдайларға байланысты жекелеген дәрілер бойынша уақытша қиындықтар болуы мүмкін. Бірақ бұл тұрақты емес, уақытша құбылыс ретінде бағаланады.

Импортқа тәуелді нарық: Өндіріс өскенімен үлес аз

Комитет дерегіне сәйкес, Қазақстанда дәрі-дәрмек нарығы әлі де импортқа тәуелді. Өндірісте қолданылатын фармацевтикалық субстанциялар мен шикізаттың басым бөлігі шетелден әкелінеді. Отандық өндіріс соңғы жылдары инвестициялар мен мемлекеттік қолдау есебінен өсім көрсеткенімен, оның жалпы нарықтағы үлесі әлі де 15-25%-дан аспайды. Толық фармацевтикалық тәуелсіздікке жету үшін өндірісті кеңейту, ғылыми базаны дамыту, шикізат тәуелсіздігін қамтамасыз ету секілді кешенді шаралар қажет. «СҚ-Фармация» ұсынған дерекке сәйкес:

  • 2009-2025 жылдар аралығында отандық өнім үлесі артқанымен, әлі де дистрибьютор сатып алатын дәрілердің 70%-ы – импорт.
  • 2025 жылы отандық өндірушілерге берілетін тапсырыстар 100-ден астам атауға көбейіп, жалпы сомасы 24 млрд теңгеге жеткен.
  • Бүгінде 32 отандық өндірушімен ұзақ мерзімді келісімшарт жасалған.

Бұл ретте дәрі-дәрмек жеткізу үдерісіне ең алдымен тасымалдау тетіктері әсер етеді. Ресей мен Украина арасындағы геосаяси шиеленіс халықаралық логистикалық тізбектерге салмақ түсіріп отыр.  Өндірушілер жеткізілімдердің кешігу себептерін бірнеше фактормен түсіндіреді:

  • Шикізат тапшылығы;
  • Өндіріс циклінің ұзақтығы (4-6 ай);
  • Логистикалық бағыттардың өзгеруі;
  • Кей жағдайларда партияны қайта тексеру мен сапаны бақылаудың күшеюі.

Бұл халықаралық тәжірибеде кездесетін қалыпты құбылыс болғанымен, ішкі нарыққа әсер етеді.

Баға белгілеуді реформалау: Мемлекет не істеді?

Фармацевтикалық нарықта дәрілік заттар бағасының жыл сайын өзгеруі – қалыпты құбылыс. Комитеттің түсіндіруінше, бұған маусымдық сұраныс, шикізат бағасының өсуі, тасымалдау шығындары және инфляция әсер етеді. 2024 жылғы 25 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрінің №110 бұйрығымен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға шекті бағаларды және үстеме бағаларды реттеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда:

  • Маркетинг және көлік шығыстары алынып тасталды;
  • Үстеме бағалардың бірыңғай регрессивті шкаласы енгізілді (ТМККК – 20%, көтерме – 25%, бөлшек – 30%);
  • Референттік елдердің тізімі жаңартылды (Әзірбайжан, Беларусь, Болгария, Мажарстан, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия, Өзбекстан);
  • Navlin және IQVIA халықаралық дерекқорлары негізінде сыртқы референттік баға белгілеу енгізілді;
  • Өндірушілердің тіркелген шекті бағалары қайта есептелді. Бұл өзгерістер шекті бағаларды төмендетуге және оларды экономикалық тұрғыдан негіздеуге бағытталған.

СҚ-Фармация: Жоспар қай жерде бұзылады?

«СҚ-Фармация» ЖШС мәліметінше, дәрілік заттарды сатып алу медициналық ұйымдардың өздері жолдайтын өтінімдерге негізделеді. Яғни қажеттілікті атауына, дозасына, көлеміне, жеткізу кестесіне дейін медициналық ұйымдар айқындайды. 2025 жылдың 10 айында Бірыңғай дистрибьютордың байланыс орталығына дәрілік қамтамасыз ету мәселелері бойынша 55 674 өтініш түскен. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай көп. Алайда үшінші тоқсан қорытындысы бойынша өтініштер саны I тоқсанмен салыстырғанда 36,4%, II тоқсанмен салыстырғанда 21% төмендеген.

Ең көп шағым түскен дәрілер:

  • «Эмпаглифлозин» 25 мг – 1 831 өтініш;
  • «Дапаглифлозин» 10 мг – 1 022 өтініш;
  • Қандағы глюкозаға арналған тест-жолақтар – 940 өтініш;
  • «Метотрексат» – 805 өтініш;
  • «Дабигатран этексилаты» 150 мг – 696 өтініш.

Көп жағдайда мәселе жеткізушілердің кешігуімен, қаржыландыру шектеулерімен немесе медициналық ұйымдардың қажеттілікті дұрыс жоспарламауымен байланысты болған.

Ауыл мен қала арасында теңсіздік бар ма?

Ресми деректерге сүйенсек, қала мен ауылдағы қамтамасыз ету деңгейі шамалас. Алайда шалғай елді мекендерде логистика, қойма инфрақұрылымы, кадр тапшылығы секілді факторлар кідірістерге әкелуі мүмкін.
Бұл мәселені шешу үшін:

  • Ай сайынғы орталықтандырылған жеткізу енгізілді;
  • Өңірлерде операциялық қоймалар ашылды;
  • Логистика цифрландырылып жатыр;
  • WMS және TMS жүйелері енгізілуде.

Дәрі-дәрмек нарығындағы негізгі түйткіл – қордың жоқтығы емес, жүйенің күрделілігі. Өндіріс, жоспарлау, сатып алу, жеткізу, логистика және медициналық ұйымдардың жауапкершілігі бір-бірімен тығыз байланыста. Бір буынның әлсіздігі бүкіл тізбекті шайқалтады. Ресми органдардың дерегі бойынша жүйе жұмыс істеп тұр. Ал пациенттердің шағымы бұл жүйенің әлі де жетілдіруді қажет ететінін көрсетеді. 

Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында көпір құлады

Төтенше жағдай • Кеше