Аймақтар • Кеше

Ақтөбеде үйлі болуды бес жыл күткен үлескерлерге пәтер берілді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбеде бес жылдан бері көппәтерлі тұрғын үй құрылысына қаржы салған 58 үлескердің шешілмей келе жатқан дауына нүкте қойылды. Тәуелсіздік мерекесінде облыс орталығындағы «Алтын орда»  шағын ауданында  ұзаққа созылған нысан «Exclusive» тұрғын үй кешенінде тұрғындарға пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде үйлі болуды бес жыл күткен үлескерлерге пәтер берілді

80 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысын «Aktobe ROM Group» ЖШС-і басшылығы  2021 жылдың наурызында бастауға уәде етіп, аяқсыз қалған еді.

Сот шешімімен «Exclusive» тұрғын үй кешеніне қаржы салған үлескерлердің  553 млн теңгеге шығынға батқандары расталды.  Жұмысты жалғастыруды   2022 жылы  құрылған «Ақниет –2022» тұрғын үй-құрылыс кооперативі  міндетіне алып, екі жыл ішінде аяқтады.

Айта кету керек, күні бүгінге дейін  2021 жылдан бері  тұрғын үй құрылысына үлескерлік әдіспен 6,3 млрд теңге  қаражат салған 845 ақтөбеліктің мәселесі өзекті болып тұр. Үлескерлік дауды шешу мақсатында 2023 жылы «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС-і  құрылып,  зардап шегушілер мен құрылыс компанияларының арасындағы мәселені зерттеуге алды. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қаражат жетпей қалған серіктестерге қолдау көрсетілсе, жосықсыз мердігерлерге  қылмыстық істер қозғалды.

Осы жылы жұрттың ақшасын алып,  үйін салмаған екі тұрғын үй кооперативінің басшысы сотталды. Алдағы уақытта  пәтерлері дайын болған үлескерлерге кезең-кезеңімен пәтер кілттері табысталатын болады.

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында көпір құлады

Төтенше жағдай • Кеше