Осы күні Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің 25 жылдығына орай және «Атамекен» халық биі ансамблінің құрылғанына 30 жыл толу құрметіне Премьер-министрдің орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты тапсырылды. Қос ұжымның алты мүшесі «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Өнер ұжымы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспап-тары оркестрінің құрылғанына 25 жыл толуы салтанатын «Атамекен» концерт залында «Ширек ғасыр шабыты» атты мерейтойлық концертімен атап өтті.
Осы мерейтой қарсаңында оркестрдің 25 жылдық тарихынан сыр шертетін «Ширек ғасыр ширығу» атты деректі фильм дайындалған екен. Оркестр ұжымы қызыл кілем үстінен өтіп, халықтың құрмет-қошеметіне бөленді.
Филармония директоры Бауыржан Халиолла ұжымның кейінгі бір жылда қол жеткізген басты жетістіктеріне тоқталып өтті. Одан кейін кеш халық композиторлары мен шетелдік авторлардың шығармаларына арналған концертке ұласты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жарас Сатыбалдиев, Мәдениет саласының үздігі Асылхан Қазиев, филармония әншілері Хатимолла Бердіғалиев, Қанатқали Қожақов, Қайрат Кәкімов, Күләш Қуанышқалиева, Дастан Есентеміров, Айбар Хайырханов, Ерлан Өмірәлі, күйші Тұрлыхан Әбуханов және басқалары сахна төрінен оркестрмен бірге кезекпен өнер көрсетті. Іс-шара қонақтары – Алматы, Астана, Атырау қалаларынан арнайы келген өнер шеберлері де көрермен көзайымына айналды. Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Батыржан Мықтыбаев қара домбыраны күмбірлетіп күй төкті.
Батыс Қазақстан облысы