«Еңбекпен түзеу» дегенді тек кешегі кеңестік жүйенің қалдығы деп қарауға келмейді, өйткені ол дамыған елдердің де тәжірибесінде бар. Мысалға, Панамадағы «La Joyita» түрмесінде отырғандар қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады. Олар түрме қалдықтарын жинап, қайта өңдеп, сатады. Бұл бастама қылмысты қайталау деңгейін 65%-дан 45%-ға дейін төмендеткен. Таиландта сотталғандар «Muay Thai» жекпе-жегін үйреніп, жарыста жеңіске жеткен жағдайда жазасын қысқартуға жол ашылады. Бұл олардың тәртібі мен өзін бақылауға алу дағдысын арттырады. Тағы бір қызық дерек, Бразилияда сотталғандар кітап оқып, сол жөнінде эссе жазу арқылы жазасын қысқарта алады. Әр дұрыс жазбаға төрт күндік жазаны қысқарту мүмкіндігі бар. Шетелде, негізінен, ауыл шаруашылығы, өндірістік салалар, қоғамдық жұмыстар, кәсіби оқыту арқылы еңбекке бейімдеу сынды еңбекпен түзеу бағыттары жолға қойылған.
Осы мәселені Абай елі де жіті назарда ұстап отыр. Бұл – істі болып, жазасын өтеп жатқан азаматтарға да қоғамда орын бар екенінің айғағы. Мысалы, жыл басынан бері Абай облысында сотталғандарды жұмыспен қамтуды кеңейту бағдарламасы аясында орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекеме аумағында төрт бірдей жаңа өндірістік орын іске қосылды. Өндіріс қатарында темірбетон бұйымдарын өндіруге бағытталған жаңа жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС), қолданбалы өнер бұйымдарын өндіруге маманданған жеке кәсіпкерлік (ЖК), полистирол блоктары мен кірпіш өндіретін орын бар.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, биыл Абай облысында 150-ден астам сотталған азамат жұмыспен қамтылған. Маусым айында қайталама шикізатты өңдеу, картон мен скотчты ажыратумен айналысатын тағы бір ЖШС жаңа жұмыс орнын бастады. Жұмыс орындары сотталғандардың еңбекке тартылуына ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби дағдыларды меңгеруіне ықпалын тигізіп жатыр. Жазалы жандардың еңбегі кесімді ақы төлеу жүйесімен ұйымдастырылған.
«Мекеме аумағында жаңа жұмыс орындарының ашылуы – сотталғандарды түзеу мен оларды қоғамға қайта бейімдеу ісіндегі маңызды қадам. Бүгінде нақты оң нәтижелерді байқап отырмыз: сотталғандар кәсіби дағдыларды меңгеріп, жалақы алып, еңбектің маңызын түсініп келеді. Алда өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа серіктестерді тарту жоспарда бар», дейді сотталғандарды еңбекпен қамту бөлімінің бастығы Қуаныш Тоқанов.
Қазір мекеме аумағында 3 ЖШС мен 11 ЖК жұмыс істейді. Әрбір өндірістік орында 5-тен 20-ға дейін сотталған адам еңбек етіп жатыр. Мұнда жұмысқа тартумен қатар, білім саласына да бірқатар мүмкіндік беріледі. Жуырда ғана облыста тігінші, дәнекерлеуші мамандығын игерген 35 азамат техникалық білім туралы диплом алды. Білім бағдарламасы пенитенциарлық мекеме мен өңірдің кәсіптік-техникалық оқу орны арасындағы бірлескен жоба аясында іске асты.
– Бұрын ешқашан зауытта істемеген едім. Түрме ішінде болса да нақты бір кәсіппен айналысып, өз қолыңмен зат жасап шығару қиын. Қазір темірбетон бұйымдарын құюды үйреніп жатырмыз. Бастапқыда қиын болды, бүгінде біртіндеп меңгеріп келеміз. Жалақы да аламыз. Шамам келгенше үйдегілерге көмектесіп жүрмін. Ең бастысы уақыт босқа өтпейді. Шынымды айтсам, еңбекке араласқалы өмірге деген көзқарасым өзгерді, – дейді сотталған азамат Ақтілеу Амантай.
Елде де еңбекпен түзеудің оңтайлы тәсілі мен бағыты артса, сотталғандардың қоғамға сіңісуіне де ерекше қолдау туары сөзсіз. Сотталғандарды еңбекпен түзеу – тек жазаның бір түрі емес, жаңа өмірге бастар жол болуға тиіс.
Абай облысы