Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Келелі келіссөздер
Ресми сапарын Император Нарухитомен кездесуден бастаған Қазақстан Президенті Жапония елінің қонақжайлылығына ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді.
Император Нарухито Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі уақиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты.
Мемлекет басшысы мен Император өзара ынтымақтастық мәселелері және халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты.
Бұдан соң Токио қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп, қос елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Содан соң Премьер-министр офисінде қазақ-жапон келіссөздері басталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткен Санаэ Такаичиге ризашылығын білдірді.
– Бұл сапар – шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрқашан Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қалыптасқан даналық пен бірегей дәстүрді заманауи инновациямен үйлесімді жарастырған, дамыған мемлекет. Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін одан әрі нығайтатын ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы – тереңде. Бұған дейін Сіздің еліңізге төрт рет келген едім. Бұл – менің Президент ретіндегі алғашқы сапарым. Қазақ-жапон қарым-қатынасының берік институционалдық негізі қалыптасқан. Өзіңіз айтқандай, 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрі Кавагучи ханыммен бірге «Орталық Азия + Жапония» форматына бастамашы болдық. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу Астанада өтті. Бүгінде мұндай кездесулердің кеңінен танылғаны соншалық, ірі мемлекеттердің көбі «Орталық Азия плюс» платформасын құптайды. Бірақ Жапония бұл диалог алаңының алғашқы бастамашысы және негізін қалаушы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жапония Премьер-министрі Қазақстан Президентінің ресми сапары екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.
– Сізбен жүздескеніме қуаныштымын. Осыдан 21 жыл бұрын Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өткен еді. Оған Өзіңіз төрағалық еттіңіз. Бүгін, міне, «Орталық Азия + Жапония» форматындағы мемлекет басшыларының кездесуіне Президент лауазымында қатысқалы отырсыз. Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін Сізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Санаэ Такаичи.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту келешегі егжей-тегжейлі талқыланды.
Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Санаэ Такаичи Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.
Парламентаралық диалог тереңдей түсті
Осы күні салтанатты қарсы алу рәсімінен бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тошиаки Эндо бастаған Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Достық лигасының қызметіне жоғары баға беріп, оны екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Еліміз Токиомен жан-жақты ықпалдастықты одан әрі арттыруға баса мән береді. Парламентаралық диалог тереңдей түсті. Түрлі деңгейдегі байланыстар тұрақты түрде жалғасуда. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты қатынастарымыз тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 млрд долларға жетті. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз. Сондай-ақ көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда нақты жобалар бар. Біз бүгін Император Нарухитомен кездесуде медицина саласы, су мәселесі бойынша пікір алмастық. Шын мәнінде екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз тереңнен тамыр тартады. Екі ел білім және ғылым, мәдениет пен өнер, спорт және туризм салаларында өзара тығыз ықпалдастық орнатты. Биыл Осакада өткен Дүниежүзілік көрме аясында қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын атап өттік, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жаһандық өзекті мәселелерге қатысты Қазақстан мен Жапонияның ұстанымдары ортақ екеніне тоқталды.
– Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында бейбітшілікті қамтамасыз ету, ядролық қарусыздану мәселелері бойынша бір-бірімізді үнемі қолдап келеміз. Қазақстан аймақаралық ынтымақтастығымыздың маңызды тетігі саналатын «Орталық Азия + Жапония» саммитіне айрықша мән береді. Премьер-министр Санаэ Такаичи ханыммен өтетін кездесуде бірқатар мәселені талқылаймыз. Бұл келіссөздер саяси диалогті тереңдетіп, экономикалық және гуманитарлық алыс-берісті жандандыруға жол ашады. Халықтарымыз өсіп-өркендеп, өзара тиімді қарым-қатынасымыз нығая береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мейджи Джингу ғибадатханасын аралап көрді
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапары барысында Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасына барды.

1920 жылы салынған кешен императорлық киелі орын саналады. Оның аумағында 120 мыңға жуық ағаш пен жасыл желегі бар саябақ орналасқан. Ғибадатхана түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу арқылы Жапонияны әлемнің дамыған елдерінің біріне айналдырған император Мейджиге арналған.
Кешенмен танысқан соң Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.
«Мейджи Джингу – берекелі бірлік пен ұлттық сана-сезімнің символы. Жапон халқы үшін осы қасиетті ғибадатхананың тарихи мән-маңызы ерекше. Күншығыс елі өсіп-өркендей берсін!» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отандастармен дидарласты
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Жапонияда білім алып, түрлі салада қызмет етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті.
Президент Жапония сияқты дамыған елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айтты.
– Бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін береді деп ойлаймыз. Жапон тарапы да үлкен мән беріп отыр. Бүгін Премьер-министрмен кездесемін. Ынтымақтастығымыздың келешегі зор болатынына ешқандай күмән жоқ. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан өз дамуында жаңа кезеңге қадам басты. Биыл ел экономикасының өсімі 6 пайыздан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Инфляцияны төмендету, инфрақұрылымды жаңарту қажет. Қазақстан келешекте цифрлық елге айналуы керек. Алдымызда осындай үлкен мақсаттар тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отандастарымыз арасынан Ritsumeikan Азия – Тынық мұхиты университетінің вице-президенті, профессор Серік Мейірманов, ARIA Consulting негізін қалаушы Арайлым Хасан, Showa және Juntendo медицина университеттерінің доценті Әбдібек Қалибек, «Ailia» компаниясында жасанды интеллект технологиясымен айналысатын инженер Эльдар Төлеубай сөз сөйлеп, өздерінің Күншығыс еліндегі жетістіктерімен бөлісті.
Президент Жапонияда тұрып жатқан қазақстандықтарға табыс тіледі.
Бұған қоса Президент Токиода кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұлмен кездесті.
Мемлекет басшысы Жапонияда білім алып, он жылдан бері ірі халықаралық жарыстарда көш басынан көрініп жүрген Ерсін Балтағұлды қазақстандықтар мақтан тұтатынын атап өтті. Сонымен қатар Император Нарухитомен кездесуде балуанның жетістіктері туралы әңгіме қозғалғанын айтты.
Қазақстандық спортшының лақап аты – Кимбозан. Бұл – атақты бапкер әрі төл сумо мектебінің негізін қалаушы, ояката Кисенің туған жері Кумамото префектурасындағы таудың атауы.
«Rakuten» компаниясының басшысын қабылдады
Жапониядағы ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев «Rakuten Group» компаниясының негізін қалаушы, басқарма төрағасы және бас директоры Хироши Микитанимен кездесті.
Мемлекет басшысы Rakuten тобының әлемдегі ең озық жаһандық цифрлық экожүйе қалыптастыруда қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, технологиялық даму мен цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстан компания тәжірибесіне зор қызығушылық танытады. Президент елімізде алғаш рет жасанды интеллект туралы заң қабылданып, бірінші ұлттық суперкомпьютер іске қосылғанын, электрондық үкімет қызметі мен цифрлық экожүйе жетілдіріліп жатқанын жеткізді.

Осы орайда Мемлекет басшысы «Rakuten» компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен тығыз қарым-қатынас орнату ниетін құптады. Атап айтқанда, еліміз компанияның қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған биотехнология саласындағы әзірлемелеріне қызығушылық танытады.
Хироши Микитани Қасым-Жомарт Тоқаевқа компания жұмысына оң баға бергені үшін алғыс айтып, Қазақстан Президентімен кездесу зор мәртебе екеніне тоқталды. Ол елімізде цифрлық бастамаларды дамытудың жоғары қарқынын атап өтіп, оларды жүзеге асыру үшін ауқымды инвестиция тартылғанына назар аударды.
«Rakuten Group» – Хироши Микитани 1997 жылы негізін қалаған жапондық технология конгломераты. Компания электронды коммерция, мобильді байланыс, қаржы технологиялары, цифрлық контент, медиақызмет және басқа да онлайн сервистерді қамтитын тұтас цифрлық экожүйені дамытады. Rakuten 30-дан аса елмен және өңірмен халықаралық серіктестік орнатқан.