Қоғам • Бүгін, 18:17

Бал ашып байығандар көп

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары псевдоғалымдар, балгерлер, нумерологтар, астрологтар т.б. қаптап, оларға адамдардың алдануы қоғамдық сипат алып отыр.  Дереккөздерге сүйенсек, 2024 жылы ел тұрғындары эзотерикаға 3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсаған. Халық алданып, неге мәселелер болып жатыр? Жалпылама тарқатып көрейік...

Бал ашып байығандар көп

Фото: adaspa.kz

Қазіргі уақытта «дамытамын, жарқ еткіземін, мол ақшалы қыламын» деп айтатындар саңырауқұлақша қаптаған. Олар «ақша жаудырып» жатқан жоқ. Шын мәнінде, керісінше. Оларға халық ақшасын төгіп, алданып жатыр.

Белгілі заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, қазіргі заң алаяқтық фактісін ғана қарастырады, ал жарнама қадағаланып жатқан жоқ. Псевдоғылымдарға жасалған жарнаманы, балгерлерге, т.б. қатысты жарнамаларды заңмен реттеу (оның ішінде белгілі бір шектеулер) қажет.

«Бізде мониторинг жасалмайды. Заң бар, бірақ ол алаяқтыққа ғана қатысты. Қоғам заңға сүйенеді. Заң мен тәртіп орнатамыз дейтін болсақ, жарнама нормаларын реттеу арқылы бәлкім олардың жолын кесуге болады», дейді Н.Орынбеков.

Псевдопрактиктер заңмен шектелмегеннің барлығын «рұқсат нәрсе» деп ойлайды. Жұртта да сондай түсінік бар.

Алайда, мәселе заңда ғана емес. Мәселе халықтың сауаттылық деңгейіне де байланысты. Көп адамдар әлі күнге дейін «тез байып кету» немесе «барлық мәселесін бірден шешу» деген сияқты иллюзияларға еріп, псевдопрактиктерге жүгінеді. (Адамдардың ешбірі әлдебір тылсыммен емес, ғылым-біліммен, еңбекпен байыған. Ал, барлық мәселелер ешуақытта бірден шешілмеген).

Иә, псевдоғалымдар құтқармайды. Сиқыршылар жәрдемдеспейді. Бақсы-балгерлер жол ашпайды. Олардан адам логикаға, білімге, сыни ойлауға сүйене отырып өзін-өзі қорғай алатыны анық.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің пікірінше, негізгі себептің бірі – бізде сыни ойлау қалыптаспаған (сыни ойлау Совет кезеңінде де болмағаны мәлім).

«Қазіргі жүйе де оны толық дамыта алмай отыр. Ғылым мен псевдоғылымды ажырата алмаймыз», дейді депутат.

Жалған ілімдерден қорғана алмаудың басты себебінің бірі – ақпаратқа сын көзбен қараудың жоқтығында болса керек. Эмоциялық күйзеліс, жауапкершіліктен қашу, тез шығатын жол іздеу, міне осындай көңіл-күй ахуалдары адамдарды, мысалы балгерге барып, оларға илануға алып келеді. Эмоционалдық күйзеліс кезінде адамның табатын ең жеңіл жолы «біреуге сену». Ал сондай жағдайдағы адамды балгерлер мен псевдоғалымдар пайдаланады. Әлеуметтік желінің фильтрленбеген жарнамасы да сананы улап жатқаны анық.

Сиқыршылар, тарологтар, нумерологтар, астрологтар сияқты қызмет түрлерін ғылымға жатқызуға болмайды. Оларды заңмен толық реттеу мүмкін болмағандықтан, ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жасалып, псевдоғылымдардың жалғандығы халыққа түсіндірілуі қажет. Сарапшылардың айтуынша, мысалы, Ресейде Ғылым академиясы арнайы комиссия арқылы псевдоғылымға қарсы контент шығарған. Ал Қазақстанның телеарналарынан немесе министрлік тарапынан мұндай ақпараттық ағартушылық жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.

Түйіндей айтқанда, балгерліктің, астрологияның, нумерологияның, т.б. жарнамаларына шектеу-реттеу жүргізілсе, мониторинг жасалса, ондай ұйымдардың қаржы айналымы есепке алынса және мектеп қабырғасынан бастап жалған ғылымдарды тану әдістері үйретіліп сыни ойлау қалыптастырылса, қоғамға ақпараттық сауат жүйелі түрде жүргізілсе, аталған мәселелер азаяр еді.

Иә, азаяр еді, толық жою мүмкін емес. Өйткені әлдебір негізсіз тылсымға сену адам баласының әуел бастан жаратылысында болғандықтан, жалған ілімдерге иланатындар кез келген елде қай заманда да болған. Ал, жалған ілімдермен жүйелі түрде күрескен елдерде ондайларға сенетіндердің саны азайған.

Соңғы жаңалықтар

Бал ашып байығандар көп

Қоғам • Бүгін, 18:17