Архив • Бүгін, 08:15

Болашақ архиві цифрлық экожүйеге сүйенеді

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

22 желтоқсан – Қазақстан Республикасының архившілер күні. 1998 жылы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңның қабылдануымен тұспа-тұс келген бұл атаулы дата – біздің кәсібіміздің және құжаттық мұраның тарихи маңыздылығының мемлекеттік деңгейде мойындалуының жарқын көрінісі. Төл мереке қарсаңында біз құжат жадының рөлі мен маңызына қайта үңіліп қана қоймай, жасанды интеллект дәуірінің сала алдына қойып отырған жаңа стратегиялық міндеттерін зерделейміз.

Болашақ архиві цифрлық экожүйеге сүйенеді

Цифрлық мемлекет және архив: жаңа белес

Бүгінде цифрлық трансформация мем­лекеттік дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналып, қоғам өмірінің бар­лық саласына дендеп ене бастады.  Елі­міз­дің цифрлық мемлекет құру және жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу жө­нін­дегі стратегиялық бағдары аясында архивтердің рөлі де жаңа сипатқа ие бо­лып жатыр.  Архив және құжаттама ин­фрақұрылымын жаңғыртудың бағыт-бағдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан хал­қына Жолдауындағы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты бағдарламалық ұстанымдарда көрініс тапты. Сонымен қатар, Президенттің Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Ұлттық цифрлық архив құру туралы тапсырмасы мәдени-тарихи мұраны цифрлық форматта жүйелеуге, еліміздің жаһандық ақпараттық кеңіс­тіктегі рөлін арттыруға бағытталған ма­ңызды қадам болды.

Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектінің енгізілуі ақпаратты басқару тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды қажет етеді. Бұл – архив саласы үшін жай ғана электрондық құжаттарды сақ­тау­дан деректерді басқарудың тұтас жүйесін транс­формациялауға көшуді біл­діретін сапалы қадам. Ендігі жерде ар­хивтер ақпараттың сақталуының, түп­нұс­қалығының және басқарылуының стратегиялық кепілі ретінде мемлекеттік маңызды міндеттердің тиімді орындалуы­на тікелей ықпал етеді.

Біріншіден, мемлекеттік үдерістерді цифрландыруды құжатталған ақпарат­пен кешенді жұмыс жүргізусіз елестету мүмкін емес. Архив қорлары мем­­лекет­тік басқаруда да, жасанды ин­теллект технологияларын дамытуда да сұранысқа ие ең ауқымды әрі жан-жақты ресурс болып саналады. Цифр­ландыру, жүйелеу және цифрлық инфра­құрылымға кірігу арқы-лы архив­тер құжат айналымының соңғы буы­ны болудан, цифрлық мемлекеттің бел­сенді элементіне – заманауи басқару және талдау жүйелері үшін өте қажетті құ­ры­лымдалған әрі верификацияланған деректер жеткізушісіне айналады.

Екіншіден, жасанды интеллектіні сәтті енгізу ауқымды, репрезентативті және мәдени мазмұны бай деректерді талап етеді. Мәтіндерді, визуалды және аудиоматериалдарды, іс жүр­гізу кешендерін қамтитын архив қор­лары қажетті «оқыту ортасын» қалып­тастырады. Тек осы ресурстар негізінде ЖИ модельдері тарихи контексті, мәдени ерекшеліктерді, әлеуметтік үдерістер мен Қазақстанның тілдік ортасын дұрыс бейнелей алады. Басқаша айтқанда, қазақстандық контентке бағ­дар­ланған сапалы отандық ЖИ модель­­дерін жасау архив саласының қаты­суынсыз мүмкін емес.

Үшіншіден, архив инфрақұрылымын кешенді жаңарту Мемлекет басшысының ел әлеуетін барлық салада толыққанды күшейтуге бағытталған негізгі стратегия­лық басымдықтарымен үндеседі. Инфра­құрылымды жаңғыртып, бірың­ғай цифр­лық платформа құру – ақ­параттық еге­мен­дік кепілі әрі ұлттық қауіпсіздіктің негізі. Осылайша, архивтер өткеннің сақ­шысы ғана емес, тарихи сана мен ұлт­тық бірегейлікті нығайту жөніндегі ұзақ­мер­зімді мемлекеттік міндеттерді жүзеге асырудың қуатты құралына айналып отыр.

 

Зияткерлік технология – саланың жаңа көкжиегі

Әлемдік трендтер мен ұлттық басымдықтар аясында архив ісіне жасанды интеллект пен ауқымды деректерді (Big Data) талдау технологияларын кеңінен енгізу мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Әңгіме құжаттарды автоматтандыру, жіктеу, индекстеу және сипаттау үшін зияткерлік жүйелерді пайдалану, сондай-ақ Ұлттық архив қорын кеңінен насихаттау мен қолжетімді ету мақсатында қоймаларды виртуалдандыру туралы болып отыр. ЖИ және Big Data құралдары құжат кешендерін жай сақтап қана қоймай, оларды терең талдауға – жасырын заңды­лықтарды, үдерістердің динамикасы мен тақырыптық байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді.

ЖИ енгізу қорларды өңдеу мен деректерді басқару сапасын арттырудың орталық ресурсы ретінде қарастырылады. Зияткерлік жүйелер ғылыми-анық­тамалық аппарат пен іс жүргізуге қатыс­ты біркелкі әрі қайталанатын опера­циялардың едәуір бөлігін өз мойнына алады. Бұл архившілердің жүктемесін азайтып, олардың назарын жоғары біліктілікті талап ететін талдамалық, сараптамалық және ғылыми зерттеу жұмыстарына аударуға жол ашады.

Цифрлық ортада архившілердің рөлін арттыру жаңа заңнамалық бас­тамалармен бекітілуде. Жасанды интеллект туралы қабылданған Заң және Цифрлық кодекстің әзірленуі элек­трондық құжаттармен толыққанды жұмыс істеудің, тану, автоматты жіктеу, зияткерлік іздеу, архив деректерін қор­ғау мен жіктеу ісінде ЖИ технологияларын заңды пайдаланудың, сондай-ақ архивтерді бірыңғай мемлекеттік цифрлық экожүйеге қосудың құқықтық негіздерін қалыптастырады. Мұның бәрі жиынтығында архивтерге тек қор сақтаушы рөлін емес, мемлекеттің цифрлық жады мен тарихи мұрасын кәсіби басқарушы мәртебесін бекітуге мүмкіндік береді.

 

Цифрлық трансформация жетістігі кадрларға да байланысты

Ғасырлар қойнауынан бастау алатын архивші мамандығы өзінің іргелі сұранысқа ие болу қасиетін жоғалтпайды. Дегенмен цифрлық мемлекет дәуірінде ол терең трансформацияны бастан кешіруде: архив ісінің болашағы мамандардан дәстүрлі архивтік білім мен цифрлық өңдеу дағдыларының, жасанды интеллектімен жұмыс істеу және деректерді стратегиялық басқару икемділіктерінің синергиясын талап етеді.

Бүгінде цифрлық сауаттылық пен трансформация идеялары абстрактілі стра­тегия болудан қалып, әрбір архивші үшін нақ­ты міндеттерге айналып, маман­ның жаңа келбетін қалыптастыра бас­тады.

Демек заманауи архивші мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ете­тін, қажетті IT-құзыреттерді меңгер­ген кәсіби маман болуға тиіс. Осы ауқым­ды міндеттерді жүзеге асыру үшін IT-сектормен, жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу институт­тары­мен тығыз ынтымақтаса отырып, кадр­­ларды жүйелі қайта даяр­лауды және мо­дульдік білім беру бағдар­лама­ларын әзір­леуіміз керек. Осылайша, архив­шілер Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық бағытқа толық сай келетін мемлекеттік ақпараттық активтерді басқару жөніндегі жетекші мамандар ретіндегі рөлін бекемдейді.

 

Білім беру жобалары және кәсіби ынтымақтастық

Президент Архиві «архивтік сана­ны» қалыптастыруға, зерттеушілік дағдыларды дамытуға және жастарды тарихи дереккөздермен жұмыс істеуге тартуға үлкен мән беріп отыр. Бұл бағытта «ArchiveSPACE» жобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Орта және жоғары сынып оқушыларына арналған бұл жоба жас буынды архив қызметімен егжей-тегжейлі таныстыруға және тарихи-құжаттық мұраны сақтаудың өмірлік маңыздылығын түсінуге бағытталған.

Кәсіби кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру мәселелері бойын­ша жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимылдың белсенді қатысушысы ретінде Президент Архиві Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп, архив қызметкерлері білім алушылардың өндірістік, дипломалды, ғылыми зерттеу практикаларының барлық түріне, сондай-ақ дипломдық және магистрлік жұмыстарына жетек­шілік етеді. Тағылымдама барысында бейінді мамандықтардың түлектері архив ісі саласындағы практикалық жұмыс дағдыларын игереді.

Бүгінде Президент Архиві респуб-лика­дағы архив ісінің әдіснамалық және ғы­лыми-зерттеу орталығы болуға ұмты­луда. Тасымалдаушыларды архивтеу әдіснамасынан бастап, ғылыми тәсілдерге негізделген ақпаратпен жұмыс істеу әдіснамасына дейінгі жаңа инновациялық шешімдер, соның ішінде қолданбалы және перспективалы зерттеу­лер енгізіліп жатыр.

Еліміздегі архив саласының ғылыми-әдістемелік орталығы ретіндегі архив рөлінің нығаюының дәлелі ретінде «Қазақстан Республикасы Президентінің Архивін қазіргі заман тарихының құжаттарымен жинақтау: тәжірибе, проблемалар және перспективалар» атты ұжымдық монографияның жарық көргендігін айтуға болады.

Жаңғыру логикасы мен кәсіби қоғамдастық күш-жігерін біріктіру қажеттілігінен туындаған тағы бір бастама – Президент Архиві құрған Сарапшылар клубы. Бұл мамандандырылған алаң архив ісін дамытудың ең өзекті мәселелерін ашық талқылауға және бірлесіп шешуге арналған. Клубтың міндеті тек пікір ал­масумен шектелмейді, сонымен қа­тар метадеректерге қатысты бірың­ғай тә­сілдерді тұжырымдаудан бастап, цифр­лық архивтерді реттеудің құқық­тық тетіктерін әзірлеуге дейінгі нақты, прак­тикаға бағдарланған және бейімделгіш шешімдерді жасақтауды көздейді. Мұн­дай бастама цифрлық жаңғырту міндет­теріне толық сәйкес келеді және транс­фор­мация үдерістеріне белсенді ара­ласуға дайын кәсіби қоғамдастықтың қалыптасуына септігін тигізеді.

 

Әлемдік тәжірибе және әріптестік көкжиегі

Архив тарапынан бірқатар маңызды халықаралық бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Жас архившілердің жазғы мектебі, мұнда жас мамандар білі­мін шыңдап, өзара тәжірибе алмасады. Бұл жоба 2017 жылдан бері Ресей мем­лекеттік гуманитарлық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетімен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Биыл мектепте Қазақстанның 14 өңірі­нен және жақын шетелдерден 100-ден астам маман білім алса, ашылған сәттен бергі сегіз жыл ішінде 1 200 жас архивші қатысты.

Халықаралық өзара іс-қимыл мен жан-жақты ынтымақтастықтың тағы бір форматы – Президент Архиві базасында екі жылда бір рет өткізілетін архившілер конгресі. Өткен жылы оның жұмысына 20 елден келген жетекші ғалымдар мен архив ісінің мамандары қатысты.

2026 жылдың жазында «Digital Archive EXPO» (DA-EXPO) III Архившілер конгресін өткізу жоспарлануда. Бұл формат арнайы архив қажеттіліктері үшін әзірленген озық IT-шешімдерді, соның ішінде ЖИ өнімдері мен сервистерін прак­тикалық тұрғыда көрсетуге және сынақ­тан өткізуге бірегей мүмкіндік береді. Сессиялық іс-шараларда қарқынды дамып келе жатқан архивтік экожүйелерді дамыту стратегияларына, архивтерде жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне, саланың қазіргі сын-қатерлері мен бола­шағына арналған өзекті мәселелер ортаға салынады.

 

Түйін орнына

Алдымызда тұрған цифрлық трансформация кезеңі – бүкіл архив саласы үшін күрделі әрі көпқырлы сынақ. Аталған мәселелерге кешенді және байып­ты көзқарас қана тәуекелдерді азайтып, реформалардың орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Стра­те­гиялық міндеттер мен мамандықтың жаңа келбетін қалыптастыру қажеттілігі аясында әрбір архивші еліміздің цифр­лық және зияткерлік болашағын құ­руға өзінің баға жетпес үлесін қосуда. Бұл – біздің өткен алдындағы ортақ парызымыз және жарқын болашақтың берік іргетасы.

 

Әлия МҰСТАФИНА,

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар