АСТАНА. 23 ақпан. Австралияда тұратын бұрынғы қазақстандық, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің генді инженериясы саласы бойынша маман Серік Елібайға өзі секілді ғалым әйелі Айнұр Исмағұлды өлтірді деген күдік таңылып отыр. Бұл туралы Австралияның Adelaide Now басылымы хабарлады.
«Ауыл шаруашылығы дақылдарын генетикалық жағынан зертеуші халықаралық сарапшы өзі секілді тағы бір ғалымды, өзінің әйелін Клемзигтегі үйінде өлтірді деген айыппен сот алдына барды», - делінген хабарламада.
Сонымен бірге, «53 жастағы Серік Елібай орыс тілді аудармашымен Аделаиданың бітімгер судьясы алдына барғанда, өзін кепілдемемен босату жөнінде өтініш айтқан жоқ».
«Ол сәуір айында өтетін сотқа дейін енді құлып астында болады», - деп атап өтілген жарияланымда.
Хабарланғандай, Елібай қылмыс орнында ұсталған.
«Кеше, дүйсенбі күннің кешінде (16 ақпан – ҚазТАГ) сағат 10:45 шамасында полиция Клемзигтегі Тистл авенюіне шақыру бойынша жетіп, Елібайдың әйелі Айнұр Исмағұлдың жансыз денесінің үстінен түсті. Ол қылмыс орнында тұтқындалып, бүгін (17 ақпан – ҚазТАГ) таңертең оған кісі өлтіргені жөнінде айыптау ұсынылды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ полицияның үйден бірнеше қағаз пакетпен айғақ болатын заттарды алып кеткені айтылады.
Көршілерінің айтуларынша, Елібай мен Исмағұлдың өте тату-тәтті жұп болып өмір сүргендерін, екеуінің ұл мен қыз тәрбиелеп отырғандарын, бұған дейін үйлерінен ұрыс-жанжал естілмегенін жеткізді.
55 жастағы Айнұр Исмағұл ҚазКСР Министрлер Кеңесі жанындағы ҚазТАГ агенттігін көп жыл басқарған Жұмағали Исмағұловтың қызы еді. Ол күйеуімен бірге 2006 жылдан бері Еррбро қаласындағы Австралия өсімдіктердің функционалды геномика орталығында жұмыс жасап келді.
Серік Елібай мен Айнұр Исмағұл ғылыми ортада ауыл шаруашылығы мен генетикасының мамандары ретінде белгілі болатын. Олар Австралияға келіп қоныстанғанға дейін Украина, Канада, Германия және Венгрия секілді көптеген елдерде тұрып, жұмыс істеген.
Мұрат Айтқожа.
Суреттер: ҚазТАГ.