Қоғам • Кеше

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорданың ескі автовокзалына қатысты қауесеттерге жауап берді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қызылордадағы «Салтанат» ескі автовокзалы төңірегінде тараған қауесеттерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорданың ескі автовокзалына қатысты қауесеттерге жауап берді

Журналистер аймақ басшысынан аталған автовокзалға байланысты жағдайды сұрады. Бұған дейін жергілікті жалға алушылар әкімдік вокзал орналасқан жер телімін тартып алғысы келеді деп мәлімдеп, сол себепті нысанда жиі тексеріс жүргізіліп, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріліп жатқанын айтқан.

Алайда облыс әкімі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

– Өкінішке қарай, талап қойыла салысымен «біреу тартып алмақшы» деген әңгіме шығады. Тіпті «әкім өзіне алғысы келеді» деп те айтады. Әкімге ол автовокзал не үшін керек? Ол ешкімге қажет емес. Біз адал жұмыс істеп, заңды сақтайтын кәсіпкерлерге ешқашан кедергі келтірмейміз, керісінше қолдаймыз. Ал егер біреу тәртіп бұзып, қаланың сыртқы келбетін бүлдірсе, талап қою – біздің міндетіміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Әкімнің айтуынша, егер жалға алушылар санитарлық және өзге де талаптарды толық сақтаса, олардың жұмысына ешкім бөгет жасамайды, ал тексерістер заң аясында жүргізіледі. Әкімдік аумақ пен ғимараттың тиісті жағдайда болуын талап етуге міндетті екенін де атап өтті.

– Бұл автовокзал өте ескі. Біз иелеріне бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізіп, жаңа ғимарат салуды ұсындық. Автовокзал адамдарға шынымен қажет. Бірақ ашығын айтқанда, ешқандай жағдай жасалмаған, бұл ұят. Бірнеше рет ескерту жасадық, алайда кәсіпкерлер құлақ аспады. Басқа кәсіпкерлерге жаңа автовокзал салуды ұсындық, бірақ қолдау болмады, – деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, осы себепті облыстық бюджеттен 975 млн теңге бөлініп, Қызылордада жаңа автовокзал салынған. Қазіргі таңда ол толыққанды жұмыс істеп тұр.

– Егер жолаушы ретінде екі автовокзалға да барып, салыстырып көрсеңіз, ескісінің неге толық жұмыс істемейтінін және адамдардың неліктен жаңасын таңдайтынын түсінесіз, – деп түйіндеді Нұрлыбек Нәлібаев.

Соңғы жаңалықтар