Руханият • Бүгін, 08:07

Түркілік танымды ту еткен

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Желтоқсанның бірінші аптасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Түркі жазба мұ­ралары және тіл тарихы мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция көрнекті түрколог, қаһарман жазушы әрі кәсіби аудармашы Немат Келімбетовті еске алуға арналды.

Түркілік танымды ту еткен

Жиын университеттегі дәстүрлі «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» атты жоба аясында өтті. Конференцияға елімізге белгілі зерттеушілермен қатар Түркия мен Өзбекстанның бірнеше түрколог ғалымдары да белсенді атсалысты. Соны­мен қатар жиылғандардың арасында, әсіресе Еуразия университетінде білім алып жүрген талапты студент-жастардың қарасы мол болды және солай болатын жөні де бартын. Себебі жоғарыдағы ұлы Абай меңзеген білімділердің қатарында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты және Еуропаның Франц Кафка қоғамы марапатының иегері Немат Келімбетов сынды ғұламаның тұрғандығы даусыз және бұлай деуге дәлел де, дәйек те жетіп артылады.

Біріншіден, Немат Келімбетов – елімізге аты кеңінен танымал абыз профессор Бейсенбай Кенжебаевтың Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали, Алма Қыраубаева, Құлбек Ергөбек сынды ең атақты шәкірттерінің бірі ғана емес, жүзден жүйрік шыққан бірегейі.

Екіншіден, ғалымның көркем туындылары мен аудармалары, сондай-ақ ғылыми зерттеу монографиялары мен мақалалары – тек төл мәдениетіміз бен әдебиетімізге қосылған асыл мұра ғана емес, олар сонымен қатар түрко­ло­гия ғылымының тамырына тың жаңалық­тарымен қан жүгірткен бірегей құндылықтар.

Үшіншіден, ғалым-жазушының оқырмандары мен жанашырлары тек өз елімізде ғана емес, шығыс әлемінде де, батыс әлемінде де, олардың ішінде көшрілес Ресей мен Қытайда да жетіп артылады.

Төртіншіден, ғылымға адал қызмет етуді өзіне парыз санаған ғұлама ғалым тағдырдың жеке басына салған зіл-батпан сынағынан сынып кетпей, адал жары әрі екі ұлының қаһарман анасы – Қуаныш Тазабекқызының өлшеусіз қолдауының арқасында батпандап кірген кеселді мысқалдап жеңіп, тек туған халқының ғана емес, күллі адамзат үдесінен шығатын рухы биік әрі ешуақытта мәнін жоғалтпайтын өрісі мен тынысы кең классикалық шығармаларды жарыққа шығарды. Олардың қатарында «Үш пайғамбар», «Баба рухы», «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Ежелгі түркі поэзия­сы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиетінің бас­таулары», «Ежелгі әдеби жәдігерлер», «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері» атты туындыларымен қатар «Ұлыма хат» және әлемнің 19 тілінде жарық көрген «Үміт үзгім келмейді» атты ғажап туындылары тұр.

Бесіншіден, ғалым шығармашы­лығының басым көпшілігі түркі халық­тарының, оның ішінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетін және рухани мұраларын насихаттауға арналған. Бұл орайда ғалымның «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәді­герліктері» атты әрі оқулық, әрі ғылыми зерттеу еңбегін ерекше атаған жөн. Онда автор Тәңірлік дәуір әдебиетіне жататын сақтардың «Алып Ер Тоңға», «Шу» атты дастандарымен қатар, сақтар мен ғұндардың дәуірінде өмірге келген «Оғыз қаған», «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекон» сынды қаһармандық дас­тандарынан бастап, қазақ хандығы құрылған кезеңге дейінгі ежелгі түркі әдеби жәдігерліктеріне көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысынан талдау жасайды әрі ол әдеби мұраларды ғылыми тұр­ғы­дан терең жүйелей отырып, қазақ әде­биеті контексінде баяндайды. Бұл еңбегінде автор сонымен қатар Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріне жататын Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк құлпытастарының бетіне бәдіздеген мәтіндердің тілі мен құрылымын және тарихи мәнін ашады, сол сияқты түркі мемлекеттілігінің ерлік идеясы мен тәуелсіздік рухын шегіне жеткізе талдайды. Бұл бір дейік.

Екіншіден, ежелгі түркі поэзиясы мен ауыз әдебиеті дәстүрлерін, оның ішінде, көне жырлар мен мифтерді және эпостық сарындарды, түркілік дүние­танымға жататын Тәңірді, жер-су рухтарын, ата-баба култін тіліне тиек етеді.

Үшіншіден, Қараханид дәуіріне жататын «Құтадғу білік», «Диуани хикмет», «Диуани лұғат ат-түрік» атты шығармаларды жалпытүркілік әдебиет пен ғылымның және тілтанудың түп негіздері ретінде қарастырады.

Төртіншіден, орта ғасырлық түркі ойшылдары Махмуд Қашқари, Жүсіп Ба­ла­са­ғұн, Ахмет Йүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар туралы тұшым­ды деректерге де оқырман назарын
аударады.

Бесіншіден, ғалымның зерттеу еңбек­тері ғылыми жаңалығымен де өте құнды. Өйткені автор сақтар мен ғұндардың дәуірлерінде өмірге келген көне түркі мұраларды қазақ әдебиетінің де бастау көздері ретінде жүйелі баяндайды.

Алтыншыдан, зерделі ғалым ежелгі мәтіндерді тілдік, стильдік және тарихи тұрғыдан кешенді талдай отырып, түркі әдеби мұрасының біртұтас рухани кеңістік екеніне оқырманның көзін де, көңілін де нанымды жеткізеді.

Ғалымның «Үш пайғамбар» деп аталатын тарихи-философиялық эссесінің мәні де өте терең. Автордың мұндағы мақсаты – түркі өркениетінің даму жолын мифтік-тарихи және философиялық тұрғыдан ашып беру. Бұл шығармасында автор түркі халықтарының бәріне ортақ үш рухани негізді – Тәңір идеясын, шамандық-тәңірлік дәстүрді және ислам дәстүрін атап көрсетеді. Ғалым бұл аталған үш рухани негіздің түркі мәдениетінде қатар өмір сүріп, бірін-бірі толықтырып отырғанын нақты дәйектермен дәлелдей келе, түркі мә­дениетінің рухани сабақтастығын, сол сияқты түркі халықтарының тарихи санасы мен мәдени кодын философиялық тұрғыдан талдайды.

Ғалымның өзге туындылары да адам рухын, ел тарихын, тілі мен ділін, ұлттық санасын және адамгершілік тақырыптарын терең қаузайды. Мысалы, ғалым-жазушының «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасы – тек қазақ руханиятында ғана емес, әлем руханиятында да өшпес із қалдырған классикалық туынды. Себебі автор өз тағдырының негізінде жазылған бұл ғажап шығармасында бел омыртқасына жасалған нейрохируриялық ауыр операцияның салдарынан қол-аяғы жансызданып, он жыл бойы төсекке байланып қалса да, өмірден үмітін бір сәт те үзбеген қайсар рухты кейіпкері мен оны он жыл бойы аялап күтіп, қатарға қайта қосқан адал жарының ішкі қуат-күші мен моральдық және рухани қасиеттерін шегіне жеткізе сипаттап берген. Бұл пікірдің нақты дәлелі ретінде сұңғыла ғалымның аталған туындысы әлемнің 20-ға тарта тіліне, оның ішінде ағылшын, француз, испан, португал, орыс, украин, қытай, жапон, корей, тай, неміс, араб, түрік, венгр, малай және басқа тілдерде жарық көруін айтсақ та жеткілікті. Сосын Немат Келімбетов бұл шығармасының өзегіне жалпыадамзаттық әмбебап құндылықтарды шебер өрген. Бұл сипат ғалым-жазушының «Ұлыма хат» атты туын­дысына да тән.

Ғалымның диалог форматында жазылған тәрбиелік мәні өте терең және бір туындысы «Күншілдік» деп аталады. Автор бұл шығармасында күншілдікке ұрынған қараниет пенденің жиіркенішті болмысын шегіне жеткізе сипаттай отырып, адамдар арасындағы іштарлық пен күншілдіктің, сол сияқты қызғаныш пен көреалмаушылықтың тек жекелеген адамдардың тағдырын ғана улап қоймай, кейде күллі қоғамның да, ал кейде тіпті мемлекеттің алға басуына да кесірін тигізетінін, сол сияқты күншілдік достықты, туыстықты және махаббатты бұзатын қаныпезер күш екенін және ең бастысы, өзгенің бақытын ғана емес, терең білімі мен адал табысын да көре алмайтын іші тар, күншіл адамдардың түбіне түптің түбінде күншілдіктің өзі жететінін де терең шынайылықпен суреттейді.

Ендігі жерде «білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» деген жоғарыдағы Абай тағылымына қайта бір оралып, Немат Келімбетов сынды білімді де білікті ұстаздан дәріс алған талапты да талантты шәкірттерінің ғұлама ұстаз­дары туралы ақпарат құралдарында жария­ланған мына бір пікіріне назар аударғым келеді: «Немат Келімбетов шәкірттері үшін кім еді? Қайыспас қара нардай әрі адам, әрі тұлға еді. Ол кісінің сабағында шыбынның ызыңы ғана естілетін. Бірінші күннен талапты өте қатаң қоятын. Содан «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» басталып кететін. Дәрісте Күлтегін күркіреп, Қорқыт күңіреніп, Фараби дүрілдеп, Ясауи толғап, Бабыр сыр шертіп жататын... Ашық, анық, қоңыр, әуезді үні түрік даналарының сөзі мен ойын, даңқы мен дабысын білімге шөлдеген шәкірттердің санасына құя беретін, сіңірте беретін. Содан кейінгі оқу кезеңдерінде «Қазақ хандығы тұсын­дағы әдебиет» курсы басталатын. Оқытушымыз – тағы да Немат ағай. Түрік тамырының аруақты кезеңінен рух алған студенттердің білік-білімі енді Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Ақтамберді, Үмбетей, Марғасқа, Тәті­қара, Бұқар толғауларымен толығатын. Ұста­зымыздың артықша қасиеті – мем­лекетшілдіктің ұстыны болған жырау­лардың тау тұлғасын көз алды­мыз­ға елес­тете алатын. Содан біздің құйқа­мыз шымырлайтын, арқамыз қозатын, намысымыз артатын, жігеріміз шыңдалатын. Немат ағайдың әр дәрісі үстінде және сол дәрістен шыққан сайын «Қиыннан айла табатын, дұшпаннан кекті алатын» нөкер ерткен хандар мен шүлеңгір мырзалардың соңынан еріп, ХV–ХVІІ ғасырға еніп кеткіміз келіп тұра­тын... Немат ағайды әр дәрісіне Қуаныш апайы­мыз сүйемелдеп әкелетін. Ол кісі сабырлы, мейірімді, сүйкімді көрінетін. Тағдырдың қиын сәттерінде жарына серік, сырлас болған әйелдің жасымаған өр бейнесін біз күнде көретінбіз».

Руханият әлемінің көкжиегін кеңейт­кен ғалым-жазушы бір журна­листің «ең мық­ты шығармаңызды атаңызшы?» де­ген сауалына: «Менің ең мықты шығар­маларым, екі ұлым – Мұхит пен Қай­рат», деген екен. «Тектіден текті туады, тек­ті­лік тұқым қуады» демекші, текті ата-ана­ларының өсиеттерін бұлжытпай орын­дап, үміттерін ақтаған, еліміздегі ең іргелі республикалық физмат мектебінің білім бұлағынан сусындап, Ресей мен Аме­рика Құрама Штаттарының әйгілі универ­ситеттерінен жоғары білім алып, елге оралып, жемісті қызмет атқарып жүр­ген ол қайраткер азаматтар туралы әңгіме бөлек.

 

Әділ Ахмет,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фиология ғылымдарының докторы, профессор 

Соңғы жаңалықтар