Сенің жалындаған өмірің қас-қағым сәттік болғаны ма? Не десем екен? Әр нәрсеге икемді қызыл тілге не болған? Тілім күрмелді. Төңірегім қарауытып кетті. Жан-жағыма қарасам бір құйрықты жұлдыз ағып бара жатты. Сол жұлдыз сенсің бе, Асеке, құдай-ау?! Жә, сені іздеп соңғы деміміз біткенше осылай дей беретін шығармыз, амал жоқ.
Екеуміз Байқадамның мектебінде 8-сыныпта бірге оқыған түлек едік. Көп хикаяны айтып керегі не? Бүкіл өміріміз бірге өтті ғой. Бәрі көз алдымда. Бәрі есімде.
Сен қазақтың театр және кино өнерінде бір халықтың ғана ұлттық мақтанышы болған жоқсың, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі болдың. Көп айт, аз айт, сенің мына кетісің ұлы даланы тітіреткен ұлттың қайғысына айналды, қабырғамызды сөгіп.
Халқыңа сүйікті болғанға не жетсін? Жалғыз мен ғана емес, елің жоқтап отыр. Тағы да не дейін, өкінішпен бітетін жазмыш ісіне дауа жоқ екен. Шүкірі сол – сен ұлт мақтанышы болып қала бересің!
Сағынышты көңілмен жоқтай жүрерміз, Асеке.
Қош бол, бауырым!
Пейіште нұрың шалқысын!
Ілия Жақанов,
Қазақстанның Еңбек Ері