Фото: Үкімет, телеграм
«Шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, үй-жайларды жеңілдікпен жалға алуына мүмкіндік жасаған жөн. Сонымен қатар шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу маңызды іс екенін атап өткім келеді», деді Олжас Бектенов.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мәселен, Алматы қаласында кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде биыл жергілікті бюджеттен шағын және орта бизнесті дамытуға 25,5 млрд теңге бөлінді. Бұл жалпы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмаған, қала үшін неғұрлым басым бағыттардың дамуын ынталандыруға мүмкіндік берді.
Табысты мысалдардың бірі ретінде қалада жылдық 6%-ға дейін жеңілдікті несиелер беру арқылы шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту ісін айтуға болады. Осы оң тәжірибені бүкіл еліміз бойынша кеңінен тарату қажеттілігі атап өтілді.
Бұдан бөлек, Үкіметте «Іскер аймақ» бағдарламасын қаржыландыру тетіктері айқындалды. Қаржы министрлігіне Бағдарламаны қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды, бұл ретте бағдарламаны жергілікті бюджеттер есебінен де қоса қаржыландыру көзделуі қажет. Өңір әкімдіктері бірінші деңгейдегі субсидияларды бөлу үшін аудандардың ерекшелігін ескере отырып, барынша қысқа мерзімде басым салалардың тізбесін қалыптастыруы қажет.
Айта кетейік, бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы қаралды. Бағдарлама өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде және шағын қалаларда бизнес қажеттіліктерін дер кезінде өтеуге бағытталған.
Елімізде кәсіпкерлерге арналған «Халық бухгалтері» акциясы басталады.