Әскер • Кеше

Әскери қызметшілер халықаралық фестивальде өнер көрсетті

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының музыканттары мен әртістері, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері Қатарда өткен І Халықаралық әскери музыка мен марштар фестивалінде өнер көрсетті, деп жазады Egemen.kz.

Әскери қызметшілер халықаралық фестивальде өнер көрсетті

Делегация басшысы, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Асеновтің айтуынша, бұл фестиваль өзге елдердің мәдениетімен танысу әрі халықаралық байланыстарды нығайту үшін маңызды алаңға айналып отыр.

Отандық ұжымның өнеріне фестиваль ұйымдастырушылары мен көрермен қауым жылы лебізін білдірді. Мәселен, Швейцария делегациясының өкілі генерал Эрик Джуллиард әскери және ұлттық әуен нақыштарын, саптық сымбат пен хореографияны үйлестіре білген әртістердің кәсібилігін атап өткен.

Әскери қызметшілер өз репертуарында ұлттық нақыш болуына назар аударып, алдын ала дайындалған. Атап айтқанда, олар Нұрғиса Тілендиевтің, Темірхан Қожабековтің «Легенда о табуне», Бақытжан Желдербаевтың «Шабыт шыңында» шығармалары мен Allah Ya Omri Qatar патриоттық әнін орындады.

«Осындай жоғары деңгейдегі фестивальге қатысу – біз үшін үлкен жетістік әрі зор жауапкершілік. Көрермендердің әсеріне қарап, ел атынан абыроймен өнер көрсеттік деп ойлаймын», дейді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің бастығы подполковник Мақсат Шәкенов.

Фестивальге Ұлыбритания, Йордания, Ирландия, АҚШ, Оман, Түркия шығармашылық ұжымдары мен Қатардың элиталық әскери-музыкалық оркестрлері қатысқанын айта кетейік. Шетелдік сапардан оралған музыканттарды 19132 әскери бөлімнің әскери аэродромында әріптестері қарсы алып, Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары, полковник Виталий Адамович Отанымыздың абыройын асқақтатып қайтқан өнер иелеріне алғыс білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар