12 Тамыз, 2015

Жұмысын тоқтатты

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қу құлқынның қамын күйттегендер түрлі қулыққа барудан тартынбайды. Атырау облысында заңсыз пайда табу мақсатымен құрылған жалған кәсіпорындар бюджетке 380 миллион теңгенің салығын төлеуден жалтарып келіпті. Мұны прокуратура органдарының қызметкерлері тексеру барысында анықтап отыр. Сонан соң ондайлардың тіркелуін заңсыз деп тану туралы сот органдарына талап-арыз да жолданыпты. Қазірге дейін сот шешімімен осындай 14 талап-арыз қанағаттандырылды. Облыстық прокуратураның басқарма басшысының міндетін атқарушы Темірбек Дәржановтың мәлім еткеніндей, сот «Марабаева Т» жеке кәсіпкерлігінің, «Жаңабыл», «Шылақ-Элитсервис» және «Ромеда–Стройпроект» серіктестіктерінің қызметтерін тоқтатуға шешім шығарды. Өйткені, бұлардың 380 миллион теңге көлеміндегі салықты төлеуден жалтарып келгені дәлелденіп отыр. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.